Таяммүмнің діни терминологиядағы мағынасы «су табылмағанда немесе суды пайдалану мүмкіндігі болмаған жағдайда топыраққа қол соғып, бет пен екі қолды сүрту арқылы дәретсіздік күйінен арылу» болып табылады. Әдетте ғұсыл мен дәрет сумен жасалса, таяммүм төтенше жағдайларда орындалатын тазалық түріне жатады. Ислам дінінің мұндай үкім белгілеуі бір жағынан намаздан бастап барлық ғибадаттардың атқарылуына ерекше мән беруді білдірсе, екінші жақтан адамдарға жасалған жеңілдік.
Таяммүм һижраның бесінші жылы бекітілген. Мәдина қаласына қоныс аударғаннан кейінгі шағбан айының алғашқы күндері Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Хұзафа тайпасының Бәни Мұстағлиқ деген руымен болған соғыста мың кісілік әскерімен сусыз жерде түнейді. Сахабалар таң намазын оқу үшін су таба алмай сабылған тұста мына аят келіп түседі:
وَإِنْ كُنْتُمْ مَرْضَى أَوْ عَلَى سَفَرٍ أَوْ جَاءَ أَحَدٌ مِنْكُمْ مِنَ الْغَائِطِ أَوْ لَامَسْتُمُ النِّسَاءَ فَلَمْ تَجِدُوا مَاءً فَتَيَمَّمُوا صَعِيدًا طَيِّبًا فَامْسَحُوا بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُمْ مِنْهُ مَا يُرِيدُ اللَّهُ لِيَجْعَلَ عَلَيْكُمْ مِنْ حَرَجٍ وَلَكِنْ يُرِيدُ لِيُطَهِّرَكُمْ وَلِيُتِمَّ نِعْمَتَهُ عَلَيْكُمْ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ
«Егер сырқат не жолаушы болсаңдар немесе әжеттеріңді өтеп келсеңдер, не болмаса әйелдермен жақындасқан соң, су таба алмасаңдар, таза топыраққа таяммүм жасаңдар, онымен бетке, қолға мәсіх тартыңдар. Алла сендерге қиындық тудырғысы келмейді, бірақ шүкіршілік қылсын деп сендерді тазартқысы және сендерге жақсылығын (тамамдағысы) баянды қылғысы келеді». Тығырықтан шығар жол табылғанына қуанған сахабалар жаппай таяммүм жасап, таң намазын оқиды.
Таяммүмнің дәлелі Құран, хадис және ижмағ болып табылады . Таяммүмге рұқсат берген жоғарыдағы аятпен қатар, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) да көптеген хадистері бар. Бір хадисте:
وَ جُعِلَتْ لِيَ الْأَرْضُ مَسْجِداً وَ طَهُورَاً
«Бүкіл жер беті бізге мешіт қылынды, ал топырағы тазартушы» , – деген. Тағы бір хадисінде
الصَّعِيدُ الطَّيِّبُ طُهُورُ الْمُسْلِمِ، وَلَوْ لَمْ يَجِدِ الْمَاءَ عَشْرَ سِنِينَ
«Таза топырақ мұсылманның тазалаушы құралы болып табылады. Мейлі он жыл бойы су таба алмаса да» , – дейді.
Таяммүм – Аллаһ тағаланың құлдарына деген айрықша нығметі. Олай болса, дәреттің мақсаты тек қана сыртқы тазалық емес, рухани ішкі тазалықты да қамтамасыз ете отырып кейбір құлшылықтарды өтеуге дайындық болып табылады. Топырақтан жаралған, топырақ басып жүрген ақырында сол қара топырақтың бауырына қайта баратын адам баласы қолына алған топырақты жүзіне сүрту арқылы Жаратушы алдында өзінің кішіпейілділігін паш етеді.
Таяммүмнің себептері:
1. Дәрет немесе ғұсылға жетерліктей су таба алмау:
Егер су бір мильден (1848 м. немесе 4 мың қадам) ұзақ болса, жақын жерде су болса да жолда өміріне қауіп төндіретін жағдайдан қорқу, су алуға жеткілікті қаражатының болмауы немесе су өз бағасынан екі есе қымбат бағаға сатылған жағдайда су табылмаған болып есептеледі. Жоғарыда келтірілген «Мәидә» сүресінің 6-аятындағы «Су таба алмасаңдар, таза топыраққа таяммүм жасаңдар» деген сөз осы үкімге дәлел.
Жақын жерде судың бар немесе жоқ екеніне қатысты мәлімет бере алатын кісі бар болса, одан сұрамастан таяммүм алуға болмайды. Осындай жағдайда егер кісі таяммүм алып, намазын оқып қойса, оған бір мильден жақын жерде су бар екені білдірілсе, сол жерге барып, дәретін алып, намазын қайта оқиды.
Ал суы бола тұрып, оны жүктерінің арасына қойғанын ұмытып кетіп таяммүм алып, намаз оқып қойса, бірақ парыз намазының уақыты шықпай тұрып, суын қайта тауып алған жағдайда, Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша, намазын қайта оқудың қажеті жоқ .
2. Суды қолдануға шамасы келмеу
Дәрет алуына кедергі жасалған (мүкрәһ), қапаста отырған, суға жақын жерде тұрғанымен аяқ-қолы байлаулы, жабайы аңдардың өміріне қауіп төндіруінен қорыққан, суды қолдануға мүмкіндігі жоқ кісі жолаушы немесе тұрғылықты болса да таяммүм соға алады. Мұндай адамдар су таба алмағандардың санатында. Мұндай жағдайдан құтылғаннан кейін таяммүммен оқыған намаздарының қазасын өтемейді.
Өздігінен дәрет ала алмайтын кісінің дәрет алуына көмектесетін қызметшісі, баласы және дәрет алуына көмектесе алатын бір адамы болса, таяммүм соғуға болмайды. Әйелі бар кісі де таяммүм соға алмайды. Ал Имам Ағзамнан жеткен бір көзқараста мұндай кісі таяммүм соға алады. Өйткені әйелдің күйеуіне, күйеуінің әйеліне дәрет алғызуда бір-біріне көмектесуі міндет емес. Алайда бір-біріне көмектессе, сауап іс жасаған болады. Ал егер бұлар өз еркімен көмектесуді мойындарына алған жағдайда таяммүм соғуға рұқсат жоқ.
Түрмеге қамалған кісі егер таза су немесе топырақ таба алмаса, Имам Ағзам мен Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша, намазын оқымай кейінге қалдырады. Имам Әбу Жүсіптің көзқарасы бойынша, ештеңе оқымай түрегеп тұрады, рүкұғ пен сәжде жасап намаз оқыған секілді қимыл жасайды. Бірақ кейін түрмеден шыққан кезде әлгі намаздарын қайтадан өтейді.
3. Ауру немесе сырқатының жазылуының кешеуілдеуі
Суды пайдаланған жағдайда денсаулығына зиян келуден, тұмау, ыстығының көтерілуі т.с.с. ауру-сырқаудан қорықса немесе су тиген жағдайда ауруының асқынуы немесе айығуы кешеуілдеуінен қам жесе, таяммүм соғуына болады. Бұндай жағдайда ханафи мен ханбали мәзһабында мұсылман дәрігердің кеңесі қажет. Ал Шафиғи мен Мәлики мәзһабтарында маман дәрігердің мұсылман болуы шарт емес.
Қолындағы су дәретке немесе ғұсылға жұмсалған жағдайда жолаушының өзі яки жолдасы, не болмаса мініс көлігі және басқа да жануарлардың сусыз қалу қаупі туындаса, таяммүм соғылады; Ахмәд ибн Хәнбал риуаят еткен бір хадисте: «Сахабалардың көбісі суларын ішуге алып қалып, намаз үшін таяммүм жасады» , – делінеді.
4. Су іздеген жағдайда дүние-мүлкінің жоғалуынан қорқу
Адам өзінің жаны, дүние-мүлкі үшін я біреудің табыстап кеткен аманатының жоғалуынан қорыққан жағдайда су таба алмаған болып есептеледі. Өйткені бұл жағдайда кісіге зиян келеді. Ал зиянға ұшырау шариғатта құпталмайды.
5. Судың тым суық болуы
Денсаулыққа зиян тұрғысынан суық күнде суық сумен жуынудан қорыққан немесе суды ысытатын жағдай жоқ болса, ғұсыл алудың орнына таяммүм соғуға рұқсат бар. Ал дәрет үшін рұқсат жоқ. Өйткені дәрет алғаннан денсаулыққа айтарлықтай зиян келмейді. Күн суық кезде таяммүм соғып оқылған намаздың қазасын өтеу қажет емес. Бұл жағдайға мына оқиға дәлел:
احْتَلَمْتُ فِي لَيْلَةٍ بَارِدَةٍ فِي غَزْوَةِ ذَاتِ السَّلَاسِلِ، فَأَشْفَقْتُ إِنِ اغْتَسَلْتُ أَنْ أَهْلَكَ، فَتَيَمَّمْتُ ثُمَّ صَلَّيْتُ بِأَصْحَابِيَ الصُّبْحَ. فَذَكَرُوا ذَلِكَ لِلنَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَقَالَ: يَا عَمْرُو صَلَّيْتَ بِأَصْحَابِكَ وَأَنْتَ جُنُبٌ. فَأَخْبَرْتُهُ بِالَّذِي مَنَعَنِي مِنَ الْاِغْتِسَالِ، وَقُلْتُ: إِنِّي سَمِعْتُ اللَّهَ, يَقُولُ: وَ لَا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا، فَضَحِكَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، وَلَمْ يَقُلْ شَيْئًا
Амр ибн Ас былай дейді: «Мен Затус-сәләсил шайқасына жіберілгенде, таңартең жүніп болып ояндым. Күн қатты суық болғандықтан, таяммүм алып, жамағатқа намаз оқыттым. Шайқастан қайтқан соң сахабалардың бірі жағдайды Пайғамбарымызға (с.а.с.) баяндады. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Уа Амр! Сен жүніп күйіңде жамағатқа намаз оқыттың ба?» – деп сұрады. Мен ғұсыл құйынуыма бөгет болған жағдайды айтып, артынша Аллаһ тағаланың «Өздеріңді өлтірмеңдер. Шын мәнінде Аллаһ тағала сендерге тым мейірімді» деген аятқа сүйендім» деген кезде, Пайғамбарымыз (с.а.с.) күлімсіреп, ештеңе демеді» .
6. Су тартуға қажет шелек немесе жіп секілді құралдардың болмауы
Су бар бола тұрып, суды алатын құрал табылмай, намаз уақытының шығып кетуінен қорыққан кісі таяммүм соға алады. Мұндай кісі су таба алмаған болып есептеледі.
7. Намаз уақытының өтіп кетуінен қорқу
Қолда бар сумен дәрет немесе ғұсыл алғанда, айт немесе жаназа намазына үлгермей қалатын болса, таяммүм соғуға рұқсат бар. Бірақ кісі аталған намаздардың бір шамасына үлгеретін болса, яки жаназаның иесі өзі болып өзгелердің күтетініне көзі анық жетсе, таяммүм алуына болмайды.
Жұма намазы және өзге уақыт намаздарының қазасын өтеу мүмкін болғандықтан, үлгермей қаламын деп таяммүм жасау дұрыс емес. Өйткені жұма намазына үлгермеген бесін намазын оқиды, басқа уақыт намаздарына үлгермеген оның қазасын өтей алады.
ТАЯММҮМНІҢ ПАРЫЗДАРЫ
Таяммүмнің парызы екеу:
1. Ниеттену;
2. Қолды таза топыраққа екі мәрте ұрып бет пен қолға толық мәсіх тарту; Топыраққа бірінші қол тигізгенде бетке, екіншісінде қолға мәсіх тартылады.
Ибн Омар жеткізген хадисте Аллаһ елшісі (с.а.с.):
التَّيَمُّمُ ضَرْبَتَانِ ضَرْبَةٌ لِلْوَجْهِ وَضَرْبَةٌ لِلْيَدَيْنِ إِلَى الْمِرْفَقَيْنِ
«Таяммүм екі ұрудан тұрады. Бетке мәсіх жасау және екі қолды шынтақтарға дейін мәсіх жасау» , – дейді.
ТАЯММҮМ ҚАЛАЙ ЖАСАЛАДЫ?
Дәрет немесе ғұсыл алуға тиіс адам қос қолын таза топыраққа (құмға т.с.с.) ұрып алақанымен бетіне мәсіх тартады. Сосын қос қолын топыраққа қайта соғып, әуелі сол қолмен оң қолды шынтаққа дейін, сосын оң қолмен сол қолды шынтаққа дейін сүрту керек. Бұл амал ғұсылды кешіктірмеу үшін немесе намаз сықылды дәретсіз орындалмайтын ғибадатты орындау үшін жасалады.
Таяммүмді намаз уақыты кірмей тұрып соғуға болады. Су табылғанға дейін осы таяммүммен қалағанынша парыз және нәпіл намаздарын оқи алады.
ТАЯММҮМНІҢ ШАРТТАРЫ
Ханафи мәзһабында таяммүмнің 8 шарты бар:
1. Ниет; Ниеттің дұрыс болуы үшін үш шарт қажет: мұсылман болу, шешім қабылдау қабілетінің болуы және неге ниет еткенін білу. Таяммүм жасағанда ниет ету – шарт. Таяммүм жасайтын адам қолын топырақтың үстіне қойғанда немесе қолға жұққан тозаңмен бетіне мәсіх тарта бастағанда бұл амалды дәретсіздіктен арылу мақсатында, намаз оқу немесе дәретсіз орындауға болмайтын ғибадатты атқару ниетімен жасауға тиіс. Жүніп болған кісі тәйяммумды Құран оқуға ниеттеніп алса, бұл тәйяммуммен намаз оқи алмайды.
Қабірлерді зиярат ету, азан оқу, қамат түсіру, сәлем беру-алу немесе Исламды қабылдау ниетімен таяммүм алған кісі ол таяммүммен намаз оқи алмайды. Өйткені мұндай істер дәретсіз де атқарыла беретін істердің санатына жатады. Сондықтан дәретті болуға немесе намаз оқуға ниеттеніп тәяммум жасайтын болса ғана, бұл тәяммуммен намаз оқи алады.
2 – Таяммүм жасауға жетелейтін үзірлердің болуы
Судың тапшы болуы, ауру, қатты суықта ауруға шалдығудан қорқу, дұшпан мен жабайы аңнан қорқу, аса зәру жағдайда қамыр ашыту үшін суға зәрулік таныту (су аса тапшы болған жағдайда қолда бар суды тамақ үшін емес, нан ашытуға қолдануға болады, кісі тамақсыз өмір сүргенімен, нансыз өмір сүруі өте қиын), суды тартып шығаратын құралдың болмауы, дәрет алып жүргенде жаназа мен айт намазының өтіп кетуінен қорқу.
3- Таяммүмнің топырақ, құм, тас, секілді топырақ түріндегі (оларға төменде тоқталамыз) таза нәрселермен жасалуы;
4- Таяммүм жасалатын ағзаға толықтай мәсіх тарту;
5- Қолды үш саусақпен мәсіх ету. Екі саусақпен мәсіх тартуға болмайды.
6- Қолдарды топыраққа екі рет соғу. Бірінші жүзін, сонан соң екі қолы мен шынтақтарына дейін мәсіх ету.
7- Таяммүм жасау үшін тазалықты атқаруға бөгет болатын жай-күйден (хайыз, нифас) арылу қажет. Мәселен, дененің кез келген тұсындағы жарақаттан аққан қан тоқтамайынша дәрет алынбайтыны сықылды таяммүм де жасалмайды.
Сондай-ақ мәсіхке кедергі болатын теріге жабысқан балықтың қабыршағы, май секілді нәрселерді кетіру керек. Таяммүм алу барысында қолда жүзік болса оны шешу – уәжіп. Өйткені топырақ жүзіктің астына өтпейді.
Таяммүм қос қолдың аясын тұтастай немесе жартыдан көп бөлігін топырақ тектес таза әлдененің үстіне қойып сүйкеу жолымен жасалады.
Шолақ (білегі жоқ) қолымен суды пайдалана алмайтын адам, егер көмектесетін біреу табылмаса, беті-қолын топыраққа (жерге) сүйкеп таяммүм жасай алады. Қолдары кесілген адам болса, бетін ғана топыраққа сүйкеу арқылы таяммүм жасайды. Егер бұл адамның бетінде таяммүмге кедергі боларлық жарақаты болса, онда ол таяммүмсіз-ақ намаз оқи береді.
ТАЯММҮМНІҢ СҮННЕТКЕ САЙ БОЛУЫ
Сүннетке сай таяммүм төмендегідей тәртіппен жасалады:
• Таяммүмге бастамай тұрып бисмиллаһ айтып, намаз оқу үшін діни тазалық жасауға ниет ету қажет.
• Қос қолды саусақтар ашық күйде топыраққа қойып әрі-бері үйкеу.
• Көтергенде шаң-тозаң тым көп болса, қос қолды бір-біріне жанай ұрып, сілкілеп, бетке толық мәсіх тарту керек.
• Қолды топыраққа үйкеген соң сілкіп, сол қолдың төрт саусағымен оң қолдың сыртына саусақ ұшынан бастап шынтаққа дейін мәсіх тарту керек. Содан соң алақанмен оң қолдың іш жағына буыннан білекке дейін мәсіх тарту керек. Бас бармақпен оң қолдың бас бармағының үстіне дейін мәсіх жасаған жөн.
• Сол қолға да дәл солай оң қолмен мәсіх тарту керек.
• Жоғарыда айтылғандай таяммүмде әуелі бетке, сосын қолға мәсіх тартып, істі созып жібермей бітірген жөн.
ТАЯММҮМ НЕМЕН ЖАСАЛАДЫ?
Таяммүмге топырақ тектес кез келген таза нәрсе жарайды. Былғанбаған топырақ, құм, құмдауыт жер, ғаныш (гипс) секілді нәрселермен таяммүм жасалады. Сондай-ақ таяммүм жасауға мәрмәр, кірпіш, қыш, ұсақ тас секілді тастың түр-түрі жарайды. Бұған қоса топырақ араласқан қоспалармен де, балшықпен сыланған қабырғамен де таяммүм жасауға болады. Бұлардың үстінде шаң-тозаңның болуы шарт емес. Имам Ағзам уақыт тығыз болып үлгермей қалатындығынан қорқатын болса, кеппеген балшықпен таяммүм жасауға болатынын айтады. Ал Имам Әбу Юсуф балшық құрғамайынша, таяммүмге жарамайды деп есептейді.
Жанып күл болған отынмен, темір, алтын, күміс секілді балқыту арқылы өңделетін рудалармен, інжу (маржан), шыны, мата және аң терілерімен таяммүм жасалмайды. Өйткені бұлар топырақ тектес бұйымдарға жатпайды. Алайда бұлардың беткі қабатына әжептеуір шаң-тозаң қонған болса таяммүмге жарайды.
Имам Әбу Юсуф пен Имам Шафиғидің пікірінше, таяммүм тек топырақпен жасалуға тиіс. Имам Мәлик топырақ, құммен ғана емес шөппен, ағашпен, қармен де таяммүм жасауға болатынын айтады. Имам Ахмәд Ибн Ханбәлдың пікірінше, таяммүм өрт шалмаған және басқадан тартып алынбаған шаң-тозаңы мол топырақпен ғана жасалады.
Таяммүм қандай жағдайда бұзылады?
1. Бұл жердегі жалпы қағида мынау: дәрет пен ғұсылды бұзатын жағдайлар таяммүмді бұзады. Өйткені таяммүм дәретсіздік пен ғұсылсыздықтың орнына жасалатын тазалық түрі. Жүніп болған кісі таяммүм жасағаннан кейін дәретті бұзатын жағдай орын алса, қайта жүніп болмайды, қайта таяммүм алады.
2. Таяммүмді мүбах қылатын себептер жойылған кезде таяммүм бұзылады.
3. Таяммүммен намаз оқып жатқан кісі намаз кезінде суды көрсе және бұл су жеткілікті мөлшерде болса, тәяммум бұзылады. Мысалы ішу, қамыр ашыту және нәжістерді кетіргеннен кейін дәрет алуға жеткілікті болуы қажет. Ал жеткіліксіз болса, су жоқ секілді есептеліп, намаз бұзылмайды.
Таяммүммен намазын оқып қойған адам сол намаздың уақыты әлі шықпай тұрып су табылса, намазын қайта оқымайды. Ал Шафиғилардың көзқарасы бойынша, намаздың уақыты шықпаған болса, қайта оқу керек, ал уақыт шығып кетсе, онда қайта оқу қажет емес.
Таяммүм жасаған кісі судың қасынан өтіп бара жатқанда, таяммүм алғанын ұмытып, ол жерден дәрет алмай өтіп кетсе, таяммүмі бұзылады. Суға қайтып бару мүмкіндігі болса, қайтып барады, ал мүмкіндік болмаса, қайтадан таяммүм соғады.
Ислам ғылымхалы
2) Шынар! "Бір алынған таяммум егер бұзылмаған болса, дәрет секілді бірнеше намазды атқаруға жарамды. Онымен парыздар да, нәпіл намаздар да оқыла береді. [Е.Б.Ақатев, "Ислам ғибадаты" 1/115]
" Марақиль Фалях шарх мәтн Нур аль Идах" атты кітаптың 1-том, 50-бетінде: "Таяммум аларда жасалатын ниет не дәретсіздіктен тазаруды, не намазға рұқсат алуды, не құлшылық амалын көздеуі шарт",-делінген. Намазға ниет ету арқылы алынған таяммум Құран оқуға жарамды. Себебі, намазда қырағат қылу үшін Құраннан сүре оқиды. Ал, Құран оқу үшін алынған таяммум намаз оқуға жарамайды. Аллаһу ағләм. Егер қате болса, дұрысын Абдусамад Қасым ұстазға сұрақ қою арқылы біле аласыз.