Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Жад - бұл Алланың рақымы ретінде берілген адамның ең басты қабілеттерінің бірі болып табылады. Алайда, жасы ұлғайған сайын адамның денсаулығы сияқты оның жады да нашарлауы мүмкін. Әрине қазіргі заманғы медицина түрлі тәсілдерді ұсынады. Бірақ Ислам осыдан он бес ғасыр бұрын бұл баға жетпес иләһи тартуды сақтауға көмектесетін негізгі жолдарды көрсетіп қойған.
Оқы!
Біздің барлығымыз білеміз, Алланың Пайғамбарымызға (с.а.у.) ең бірінші бұйрығы мен бірінші аяты: "Оқы!" - болды. Ғибадат уақытындағы оқу мен жатқа айту адамның жадын бекітіп, оның динамикасына белсенді ықпал етеді. Оның үстіне Құранды дауыстап оқу адамның қан тамырлары мен миына жағымды әсер қалдырады.
Ой жүгірт!
Алла Тағала көптеген аяттарда адамды ой жүгіртіп, тереңнен ойлануға, өз ақыл-ойын іске қосуға шақырады. Ислам-бұл не айтса да барлығына соқыр санамен қарайтын емес, ойланатын, пікірлесетін адамдардың кемел діні. Алла Елшісі (с.а.у.) былай деген: "Тәфаккурдың (терең ойлану, ой жүгірту) бір сағаты мың жыл жасаған нәпіл ғибадаттан да артық". Барлық жағдайда Алланың рақымын іздеуге бағытталған ой жүгіртулер, оның ұлылығын ойлау мен адамның әлсіздігін сезінуі, жалпы ойланудың барлығы да ғибадаттың бір түрі болып табылады. Мұның баршасы мидың белсенділігін арттыра түседі. Адамның миын жақсы қалыпта ұстап, есте сақтау пайдасына тиімді ықпал етеді.
Тыйым салынғандардан көзіңді сақта!
Бұл бұйрық тек адамды рухани тұрғыдан ғана кемелденуге емес, сонымен қатар оның еске сақтау қабілетін сақтауға жәрдемдеседі. Көрнекті ислам ғалымы, мәзхабтың негізін қалаушылардың бірі-имам Шафиғи көзді харамнан сақтау жайында: "Тыйым салынған нәрселерге көз тастау-ұмытшақтыққа себеп болады", - деп көрсеткен.
Оның үстіне тыйым салынғанға қарау-азғындыққа жол ашады. Қазіргі уақытта қоғамда белең алған СПИД сияқты көптеген жыныстық жолмен берілетін аурулар, сайып келгенде, адамның миының бұзылуына ықпал етіп, түбінде азғындық пен қорлықққа ұшыратады.
Артық тамақтанба!
Біз білетіндей, Ислам мешкейлік пен шамадан тыс артық тамақтануға шектеу қояды. Артық ас ішу мен толықтық адамның қанындағы липидтердің деңгейі мен амилоидтың жиналуына ықпал етеді, ол ақыл-ойдың кемуіне соқтырып /деменция/, адамның семіздікке ұшырауыментікелей байланысты.
Сондай-ақ, Исламда адамның жадын бұзатын алкоголь мен есірткі құралдарын қолдануға қатаң тыйым салады.