ИМАМ ҒАЗАЛИ. ОРАЗАНЫҢ ҮШ ДЕҢГЕЙІ БАР!
ИМАМ ҒАЗАЛИ. ОРАЗАНЫҢ ҮШ ДЕҢГЕЙІ БАР!
2 сағат бұрын 137
islam.kz

Оразаның шариғат пен тариқатта өзіндік үш сатысы (дәрежесі) болатынын естіген боларсыз. Олар:

  1. жалпы жұрттың оразасы
  2. таңдаулылардың оразасы 
  3. және таңдаулылардың ішіндегі шоқтығы биік хастардың оразасы.

Жалпы жұрттың оразасы

Бұл құлшылықтың сыртқы шарттарын ғана орындаумен шектеледі. Яғни, таң сәріден күн батқанға дейін ішіп-жемнен және нәпсі қалауларынан (ерлі-зайыптық қатынастардан) тыйылу.

Таңдаулылардың оразасы

Таңдаулылардың оразасына келер болсақ, бұл — тек ішіп-жем мен нәпсі қалауынан ғана емес, сонымен бірге барлық дене мүшелерін де жағымсыз істерден тыю деген сөз. Мұндай оразаның толықтығы мына алты шартқа негізделеді:

1. Көзді тыю (Көз оразасы)

Жанды Құдайдан алыстататын, әсіресе бойда нәпсіқұмарлықты оятатын нәрселерге қарамау. Мұхаммед пайғамбарымыз бұл туралы былай деген:

«Бөгдеге сұқтанып қарау — шайтанның улы жебелерінің бірі. Кімде-кім Алладан қорыққанынан ол жебеден сақтанса, Хақ Тағала оның жүрегіне иман нұрын сыйлайды, ол иманның тәттілігін жан-дүниесімен сезінетін болады».

Сондай-ақ, Әнәс (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Бес нәрсе оразаның берекесін кетіреді (сауабын жояды): өтірік айту, ғайбат, өсек, жалған ант беру және нәпсімен сұқтанып қарау», — делінген.

2. Тілді тыю (Тіл оразасы)

Тілді бос сөз бен пайдасыз әңгімеден сақтау. Бұл деңгейдегі адам не үнемі үнсіздік сақтайды, не Алланы зікір етіп, Құран оқумен шұғылданады. Сөзге келу мен айтыс-тартыс оразаның нәрін бұзады. Кейбір ғұламалардың пікірінше, өтірік пен ғайбат тіпті қарапайым адамдардың да оразасын жарамсыз етеді.

Бұл туралы ғибратты бір риуаят бар: Екі әйел ораза ұстап жүріп, өзгелерді ғайбаттаған екен. Күн ыстықта шөл қысып, өліп бара жатқан соң Пайғамбарымыздан оразаны бұзуға рұқсат сұрайды. Алла Елшісі оларға бір ыдыс жіберіп, соған құсуларын бұйырады. Сонда екеуінің тамағынан ұйыған қан шығады. Жұрт таңғалғанда, Пайғамбарымыз былай дейді:

«Бұл екеуі Алла рұқсат еткен (ас-судан) тыйылып ораза ұстады, бірақ Алла тыйым салған (ғайбатпен) оразаларын бұзды. Олардың тамағынан шыққан — өздері жеген адамдардың еті» деді.

3. Құлақты тыю (Құлақ оразасы)

Айтуға лайықсыз дүниені тыңдауға да болмайды. Себебі жалған сөзді, ғайбатты немесе өсекті тыңдаушы — сол күнәні істеушімен бірдей дәрежеде болады.

4. Барлық мүшені тыю (Тән оразасы)

Қолды, аяқты және өзге де дене мүшелерін жағымсыз істерден аулақ ұстау. Ораза ұстап жүріп күнәлі істер істейтін адам — жеміс-жидек жеуден тыйылып, бірақ у жұтып жатқан науқасқа ұқсайды. Себебі ас — негізінде пайдалы болса, күнә — қашан да жойқын у. Сондықтан Алла Елшісі : «Көптеген ораза ұстаушылардың оразасынан алатыны — тек аштық пен шөл ғана», — деп ескерткен.

5. Қарынды тым толтырмау

Ауызашар кезінде күмәнді немесе харам астан ғана емес, тіпті рұқсат етілген адал астың өзін шектен тыс (тоя жеуден) тыйылу. Күні бойғы жемеген асты бір түнде бір-ақ жеуден не пайда? Оразаның басты мақсаты — нәпсінің құмарлығын тежеу. Ал ауыз ашқанда екі мезгілдің асын бір-ақ асау, әсіресе түрлі дәмді тағамдарды тізіп қойып мешкейлікке салыну нәпсіні әлсіретпейді, қайта күшейте түседі. Қашан асқазан босамаса, жүрек тазармайды.

Сонымен қатар, аштық пен шаршаудың дәмін сезіну үшін күндіз шектен тыс ұйқыға берілмеу керек. Егер пенде кешкісін шамадан тыс тойып алса, ол бірден ұйқыға жығылып, түнгі намаздардан (тарауық, таһажжуд) мақұрым қалады. Сондықтан Алла Елшісі : «Алла Тағала үшін адамның толтырған ыдыстарының ішіндегі ең сүйкімсізі — шектен тыс толтырылған асқазан», — деген.

6. Қорқыныш пен үміт арасындағы жүрек

Ораза аяқталған соң мүміннің жүрегі: «Оразам қабыл болды ма, әлде қабыл болмады ма?» деген қорқыныш пен үміттің арасында тұруы тиіс.

Хасан әл-Басри (р.а.) бір айт мейрамында асыр салып күліп, ойын-сауыққа берілген адамдардың жанынан өтіп бара жатып:

«Алла Тағала Рамазан айын Өз құлдары құлшылық пен кішіпейілділікте жарысатын майдан етті. Біреулер озып шықты, біреулер кейін қалды. Өз халін білмей, бейқам күліп жүргендерге таңғаламын! Раббыммен ант етейін, егер амалдардың пердесі ашылса, оразасы қабыл болғандар — қуаныштан, ал қабыл болмағандар — қайғыдан қолдары босамай қалар еді», — деген.

Осылайша, тек ішіп-жемнен ғана тыйылған адамның оразасы — жансыз, құр сүлдер ғана. Оразаның рухы мен ақиқаты — адамның өзін періштелерге ұқсатуында (өйткені періштелерде нәпсіқұмарлық болмайды).

Кімнің бойында нәпсі қалауы басым болса, ол хайуандық деңгейде қалады. Ал қашан нәпсісі әлсіресе, ол періштелік сипатқа жақындайды. Алайда, кешкі асқа дайындалып жүріп, нәпсінің қалағанын үйіп-төгіп берсе (яғни обырлыққа салынса), нәпсі әлсіреудің орнына күшейіп кетеді. Мұндай жағдайда оразаның шынайы рухына кенелу мүмкін емес.

Таңдаулылардың таудаулысылардың оразасы

Алайда бұл ғибадаттың ең биік шыңы – таңдаулылардың ішіндегі ең іріктелген хастардың оразасы. Оразаның бұл дәрежесі — Аллаға жақын болған әулиелер мен шыншылдардың (сиддиқтардың) дәрежесі.

Бұл дәрежедегі оразаның мәні – жүректі Хақ Тағаладан өзге кез келген ойдан пәк ұстау. Мұндай оразада пенде өзін тұтастай Ақиқатқа тапсырып, сырттай ғана емес, іштей де Жаратушы Құдайдан өзге күллі дүниенің бәрінен бас тартады. Сен не туралы толғансаң да, ойыңның төркіні тек Алла болуы тиіс. Оған қатысы жоқ кез келген бөгде ой бұл деңгейдегі оразаны бұзады.

Тіпті, күнделікті тіршіліктегі рұқсат етілген дүниелік мақсаттарға бой алдырудың өзі бұл биік оразаның шынайылығына нұқсан келтіреді. Тек діни жолда саған жәрдем беретін, ақыретіңе пайдалы дүниелік шаруалар ғана бұған жатпайды, өйткені олар мақсаты жағынан фәни дүниеге тиесілі емес. Оразаның бұл дәрежесі — Аллаға жақын болған әулиелер мен шыншылдардың (сиддиқтардың) дәрежесі. Бұл биіктікке әркімнің бірдей жете бермесі хақ.


Имам әл-Ғазалидің «Бақыт эликсирі» (Кимия-и са'адат) еңбегінен

0 пікір