Имам Ғазали рахимаһуллаһу тағала өзінің «Мүкәшәфәтуль Құлуб» атты ауқымды еңбегінде тақуалыққа бастайтын көптеген тақырыптарды қамтыған. Соның арасында музыка мен ән тыңдау жайына да арнайы тақырып арнаған. Ұлы ғалым ойшыл, ол жерде ән тыңдаудың ескілікті ғалымдар мен сахабалар арасында екі түрлі ұстаным барын келтіре отырып, харам деушілер мен халал деушілер жайында ақпарат беріп өтеді, біз ондағы мәліметті ықшамдап аударып беріп отырмыз. Сөзді ұлы ғұламаға берелік.
1) Музыка тыңдауды харам деушілер.
Қазы Әбу Тайыб ат-Табари, Шәфиғи, Мәлик, Әбу Ханифа, Суфянус Саури және басқа да бір топ ғұламалардың ән тыңдау харам екендігін білдірер сөздерін жеткізген. Имам Шәфиғи (р.а.) «Қазының әдебі» атты кітапта былай дейді:
«Музыка - жалғанға ұқсас, мәкруһ ойын-сауық. Оны көп тыңдайтын адам куагерлігі қабыл етілмейтін ессіз».
Тағы бір сөзінде: «Күңнің иесі адамдарды жиіп, оның әнін тыңдатса, ол куагерлігі қабыл етілмейтін ессіз» деген Имам Шәфиғи (р.а.).
Қазы Әбу Тойыб айтады: «Шәфиғидің ізбасарларының ұстанымы бойынша, махрамы емес (туысы емес) бір әйелдің әнін тыңдауға болмайды (яғни, мәкруһ), мейлі ашық түрде болсын, мейлі перденің артынан болсын»...
Имам Мәлік (рахимаһуллаһ) музыкадан тыйған ғалымдардың бірі. Имам Мәліктің ұстанымы бойынша, кім сатып алған күңінің әнші екенін анықтаса, оны (сауданы бұзып) кейін қайтаруға құқылы. Бұл Ибраһим ибн Саъдтан өзге Мәдине жұртының (ғалымдарының) ұстанымы.
Әбу Ханифа (радияллаһу анһу) ән тыңдауды «мәкруһ» санайтын. Ол (р.а.) ән тыңдауды күнә деп есептейтін. Өзге Куфа жұрты да солай деп есептеді, яғни, Суфянус Сәури, Хаммад, Ибраһим, Шаъби т.б.
Мұның бәрін Қазы Әбу Тойыб ат-Табари риуаят еткен.
2) Музыка тыңдауды мубах (рұқсат) деушілер.
Әбу Толиб әл-Мекки әл-Мәлики ескілікті бір топ дін ғалымдарынан ән тыңдаудың мубах екендігін айтқан мәліметтерді жеткізеді. Ол айтады:
«Сахабалардың ішінен Абдулла ибн Жаъфар, Абдулла ибн Зүбәйр, Муғира ибн Шәъба, Муъауия және т.б. біршама сахабалар ән тыңдаған».
Және айтады: «Оны біраз сахабалар және ізгілікте олардың соңынан ілескен тәбиғиндердің арасынан бірталай сәләф салихиндар тыңдайтын еді» дейді Ол (Әбу Толиб). Және сөзін жалғап:
«Әліде Меккеде хижаздықтар жылдың ең абзал күндерінде - тәшриқ күндері сияқты Алла Тағала құлшылық қылуды бұйырған айтулы күндердің өзінде ән тыңдайды. Мекке жұрты сияқты Мәдине тұрғындары да біздің осы заманымызға дейін музыка тыңдап келді. Қазы Әбу Маруанның сопылық алқаларында музыкалық шығармалар шырқайтын күңдері бар еді».
Тағы айтады: «Табиғин Атаның (р.а.) ән шырқайтын екі күңі бар-тын. Оның достары әндерін тыңдайтын».
Бұнымен қатар, Әбул Хасан ибн Сәлимге: «Ән тыңдауды қалайша жоққа шығара аласың, оны Жүнәйд, Сырри Сақати және Зүннундар тыңдаған?» деді. Сонда Ол: «Менен қайырлы кісілер тыңдаған болса және тыңдауға рұқсат берген болса, қалай мен оны жоққа шығара алмақпын?!» деп жауап берді.
Абдулла ибн Жағфар ат-Тайяр да ән тыңдайтын, бірақ ән тыңдағанда ойын, сауық құруды құптамайтын...
... Кейбір кітаптан осындай ақпараттың Харис Мухасибиден жеткендігін көрдім, бұл оның (Харистің) тақуа, діни мәселелерде өте ұқыпты болса да ән тыңдауды рұқсат деп білгендігінің дәлелі...
Ибн Жүрайх ән тыңдауды рұқсат деушілердің қатарынан болатын. Бір күні одан: «Ән тыңдау қиямет күні сауапты істерден санала ма, әлде күнә істерден санала ма?» деп сұрайды. Сонда ол: «Ән тыңдау сауапты істерден де, күнә істерден де емес. Ол бос сөз сөйлегенге ұқсайды. Алла Тағала Құранда: «Бос негізсіз анттарың үшін сендерді жазаламайды» деген" деп жауап берді. («Бақара», 225)».
Бұл тақырыпқа қатысты әртүрлі тұжырымдамаларды келтірдік. Амалға асыру үшін ақиқатын іздейтіндер бұл тақырыпта сөз ұзаған сайын пікірлердің қарама-қайшы бола түсетіндігін көріп, сасып қалады немесе өздерінің қалауларына сай пікірді таңдайды. Бұның екеуі де келтелік. Ең дұрысы - шындықты «ақиқат әдісі» негізінде зерделеу. Бұл болса, құптайтын және құптамайтын ұстаным тұрғысынан қарау, зертттеу арқылы жүзеге аспақ.
(Осы тұрғыда айта кету керек: ғалымның берген мәліметіндегі ән тыңдауға болады деушілердікі - біздің заманда кең етек алып бара жатқан жынойнақ әндер мен шайтани музыкалар емес екендігі айтпаса да түсінікті болар).
Имам Ғазали, «Мукашафәтуль Құлуб». Ықшамдалып алынды.