Бисмилләһир рахиманир рахим
Сахаба Абдулла ибн Амр және Әнәс ибн Мәліктен жеткен сахих хадисте, Алла елшісі Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәлләм былай деп өсиет қалдырған:
«- قيِّدُوا العِلمَ بالكِتابِ»
لراوي : عبدالله بن عمرو وأنس بن مالك
«Ілімді жазу арқылы сақтаңдар!»
Аңшы аулаған аңын байлап, тұсаулап қоймаса қашып кететіндігі мәлім. Тура сол сияқты ілім мен білім де қағаз бетіне түсірілмесе, ұмытылып, жоқ болары талассыз.
Жазудың көптеген пайдалары бары көпшілікке аян. Бұрынғы өткен даналардың даналық сөздері, ғалымдардың ғылыми трактаттары, ойшыл, философтардың терең ой-түйіндері біздерге сақталып, жеткен болса, ол - «жазудың» арқасында ғана. Жазу болмаса білім дамымайды, ғылымның тасы өрге домаламайды. Соның салдарынан надандық кеулейді. «Өнер, білім бәрі де оқуменен табылған» деп Ыбырай Алтынсарин жырлағандай, білім болу үшін оқу керек, оқу үшін кітап керек, ал ол үшін жазу керек.
Жазудың қаншалықты маңызды екенін ұғыну үшін алысқа бармай-ақ, өзіміздің қасиетті кітабымыз Құранның аятына қараудың өзі жеткілікті. Құранда: «Нун (сия саутқа) серт! Және қаламға әрі оның жазған нәрселеріне серт!»- дей келе1, Жаратушы құдіреті күшті әрі ілімі шексіз Құдай Тағала «қалам мен жазудың» адам қоғамы үшін өте маңызды екендігіне назар аудартқан!
Қасиетті Құран Кәрімнің он төрт ғасыр өтсе де бір әріпі өзгерместен, өзінің түпкі нұсқасын сақтап келе жатуының да бірінші - Құдай, екінші -жазудың арқасы екендігі талассыз. Киелі хадис шәрифтердің күнімізге дейін келуі де тағы сол жазудың көмегі. Сахаба көрген табиғин ғалымдардың есту қабілеттері мен жаттау қабілеттері феноменалды болса да, естіп, үйренген мыңдаған хадистерін електен өткізіп: расын -жалғанынан, әлсізің - қуаттысынан айыра кітапқа түсіріп отырды. Оларды тарау-тарауға бөліп, бөлім-бөлімге айырды. Осылайша кейінгі ұрпаққа бірнеше хадистер жинақтары, басқаша айтқанда «хадис энциклопедияларын» мұра қылып қалдырды.
Исламдағы Құран мен хадистердің бәз қалпында сақталғаны секілді, ешбір діннің киелі жазбалары бәз қалпында сақталмаған. Көбінің ішіне кейінгі ұрпақтың сөздері араласып кеткен. Ал Құран мен хадистер олай емес. Оның бәрі алғашқы буын дін ғалымдарымыздың ыждыхаттылығы мен жазудың арқасы. (Және де әрине Алла Тағаланың "шүбәсіз Құранды біз түсірдік және оны қорғайтын да өзіміз" деген уәдесінің іс жүзіндегі көрінісі екендігінде дау жоқ).
Осыны түсінген Алланың елшісі (с.а.у.) Құран аяттары түскен сайын оларды жаздыртып отырған. Сол үшін арнайы «уахи жазушылары» болды. Өйткені, ілімді қорғаудың бір ғана жолы бар, ол - жазу. Сол себепті де: «ілімді жазу арқылы қорғаңдар!» деп өсиет қалдырып отыр.
Уа ахиру даъуәнә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!
1 «Нун» сүресі, 1 аят.