Ілім үйренудің артықшылығы жайында сахабалардың айтқаны
Ілім үйренудің артықшылығы жайында сахабалардың айтқаны
3 жыл бұрын 4570

Кәсир ибн Қайс былай деп әңгімелейді:

«Мен сахаба Әбу Дәрдамен (радияллаһу анһ) Дамаск мешіттерінің бірінде отыр едім, бір ер адам келіп:

- Уа, Әбу Дәрда! Мен саған Пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қаласынан келіп отырмын. Естуім бойынша, сіз Алла елшісінен (с.а.у.) хадис риуаят етіпсіз, соны үйренейін деп келдім, - деді.

- Сонда сіз сауда-саттық үшін емес немесе бір қажеттілік үшін емес, сол бір хадис үйрену үшін келдіңіз бе? – деп сұрады Әбу Дәрда (р.а.).

- Иә, тек сол үшін ғана келдім, - деп жауап берді әлгі кісі. Сонда Әбу Дәрда:

- Мен Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай дегенін естігенмін: «Кімде-кім ілім іздеп жолға шықса, Алла Тағала ол адамға пейішке апарар жолдардың бірін жеңілдетіп қояды. Періштелер риза болғаннан ілім іздеушінің табанының астына қанаттарын жаяды. Ғалым адамға көктер мен жердегі барлық нәрсе және судағы киттар да жарылқау тілеп тұрады. Ғалым адамның абид адамнан (абид – көп құлшылық қылушы) артықшылығы – толған айдың өзге жұлдыздардан артықшылығы іспетті. Шынында ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері. Шынында пайғамбарлардың қалдырған мұрасы дирхамдар мен динарлар емес, олардың мұрасы – ілім. Кім одан бір нәрсе алған болса, мол нәсіп алған болады», - деп ілім үйренудің артықшылығына қатысты Пайғамбардан естігенін жеткізді».

Сахаба Абдулла ибн Мәсъуд дүние іздеуші мен ілім іздеушінің артықшылығын былай деп айтқан:

«Екі ашқарақ бар. Бірі - ілім іздеуші, екіншісі – дүние іздеуші. Бірақ, екеуі тең емес. Білім іздеуші Рахман Алланың ризалығын арттырады. Ал дүние іздеушінің азғындығы артады», - деп сахаба мына екі аятты оқиды: «Шынында, Алладан ең көп қорқатындар – ғалымдар», («Фатыр» сүресі, 28 аят); «Жоқ. Шынында адам қашан өзін мұқтажсыз сезінсе, аза бастайды», («Аляқ», сүресі, 6-7 аяттар).

Тәбиғин Мұхаммед ибн Сирин (р.а.) былай деп әңгімелейді:

«Басра қаласының мешітіне кірдім. Кірсем әл-Әсуәд ибн Сәриъ адамдарға қысса айтып беріп отыр екен. Айналасына мешіт жамағаты жиналып, тыңдап отыр. Оның артқы жағында, мешіттің басқа бір бұрышында фиқһ иелері отырып, фиқһ мәселелерін әңгімелеп, талқылап отыр екен. Мен зікір мен ілім алқасының екі арасында намаз оқыдым. Намазды аяқтап болып өз-өзіме: «Фиқһ маманының ілім алқасына барсам, мүмкін бұрын естімеген бір нәрсе естіп, сонымен амал етермін» дедім. Осылай қайсы жиынға барып қосылайын деп ойлап, ойлап ақыры ешқайсысына бармай, өтіп кеттім. Сол түні ұйқымда бір кісі түсіме кірді. Ол маған түсімде: «Фиқһи мәселелерді талқылап отырған ілім алқасына барып отырғаныңда ғой, араларында Жәбірейіл періштенің (ғалейһиссәләм) отырғанын көрер едің» - деді».

Сахаба Әнәс ибн Мәліктен мынадай бір риуаят жеткен, ол риуаятта Алла елшісі (с.а.у.) ілім іздеудің орасан мол артықшылығын былай деп тілген алады:

«Кім Алла тозақтан азат еткен азаттыларды көргісі келсе, ілім үйренушілерге қарасын. Мұхаммедтің жаны оның қолында болғанға ант етейін, қайсыбір ілім үйренуші ілім үйренейін деп бір ғалымның есігіне келсе, Алла Тағала оның үйренген әрбір әріпіне, жүріп келген әрбір қадамына бір жылдық ғибадаттың сауабын жазады. Оның әрбір қадамы үшін пейіштен қала тұрғызады. Ол жүрген жер, ол үшін Алладан жарылқау тілейді және кешті кешірілген күйі батырады, таңды кешірілген күйі атырады. Оларға (ілім үйренушілерге) періштелер: «Міне, осылар Алланың тозақтан азат еткен пенделері» деп куәлік етеді».

Фақиһ Әбу Жаъфар иснадымен мына бір хадисті риуаят еткен, онда былай делінеді:

«Бір күні Алла елшісі (с.а.у.) мешітке кірсе, мешітте отырған екі топты көреді. Бірі Алланы зікір етіп, Аллаға дұға тілеп отыр екен. Екінші топтағылар шариғат заңдарын үйреніп отыр екен. Алла елшісі ол екі топ жайында: «Мына екі мәжілістің екеуі де жақсылықта. Бірақ бірі екіншісінен абзалырақ. Мына Аллаға дұға етіп отырғандар жақсы, бірақ Алла қаласа оларға сұрағанын береді, қаламаса бермейді. Ал мына топтағылар ілім үйреніп, білмегендерге үйретуде. Мен үйретуші ретінде жіберілдім. Сондықтан осы топ абзалырақ» дейді де, солардың қасына барып отырған екен».

Сахаба Абдулла ибн Мәсъуд былай деген:

«Сендер сондай бір замандасыңдар, онда амал еті, ілім үйренуден артық. Бірақ болашақта сондай заман туады, ол кезде ілім үйрену, амал етуден қайырлы болмақ».

Сахаба Саъид әл-Худриден мынадай бір риуаят жеткен:

«Жер бетіндегі ең абзал амал үшеу. Олар: ілім үйрену, Алла жолында соғысу және кәсіп қылып, табыс табу. Шынында ілім үйренуші – Алланың сүйіктісі. Алла жолында соғысқан ардагер – Алланың әулиесі. Ал кәсіп қылушы – Алланын досы».

Сахаба Әбу Дәрда ілім үйренбейтін адамдарға былай деген:

«Ей, адамдар! Сендерге не болған, білімділерің кетіп жатыр, ал білімсіздерің білім үйренбей жүр. Ілім жойылмай тұрып, ілім үйреніп қалыңдар. Ілім – ғалымдардың кетуімен жойылады».

Аун ибн Абдулла әңгімелейді: «Бір кісі сахаба Әбу Зәрр әл-Ғифәриға келіп: «Мен ілім үйренгім келеді, бірақ онымен амал етпей, алған ілімімді жоғалтып алам ба, деп қорқамын» дейді. Сонда Әбу Зарр оған: «Ілімді жастанып жатқаның, надандықты жастанып жатқаныңнан артық» -дейді. Әлгі кісі Әбу Дәрдаға барып Әбу Зәррға айтқанын айтады, Әбу Дәрда болса оған:

«Адамдар қалай өлген болса, солай тіріледі. Ғалым ғалым болып тіріледі, жәһил жәһил болып тіріледі» дейді. Әлгі кісі Әбу Һурайраға барып, алдыңғы екі сахабаға айтқанын айтады, сонда Әбу Һурайра оған: 

"Сен еш нәрсе үйренбесең, көп нәрсе жоғалтасың", дейді.  

Сахаба Әбу Дәрда басқа бір сөзінде былай деген:

«Ілім үйренуші мен ілім үйретуші ғалым сауап тұрғысынан теңдей. Шынында адамдар екіге бөлінеді, бірі – білім үйретуші ғалым, екіншісі – ілім үйренуші шәкірт. Ол екеуінен өзгесінде қайыр жоқ»[1].


[1] Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Тәнбиһуль ғофилин».

0 пікір