Ұлы ойшыл Ибн Рушд адамдар арасындағы қарым-қатынас пен билік жүйесіне қарай қаланы (мемлекетті) төрт түрге бөліп қарастырады:
1. Ізгі қала (Әл-Мәдина әл-фадила)
Бұл — нағыз парасатты қоғам. Мұнда әрбір тұрғын өзінің қабілеті мен табиғатына қарай бақыттан үлес алады. Ізгі билеушінің мақсаты — жеке басының қамы емес, жалпы халықтың игілігі. Бұл азаматтардың ортақ мүддесіне қызмет ететін нағыз өнер іспетті.
2. Үстемдік қаласы (Мәдинат ат-тағаллуб)
Ізгі қалаға мүлдем қарама-қайшы жүйе. Мұндағы халықтың тіршілігі мен талпынысы тек бір адамның — билеушінің мақсатына қызмет етеді. Билеуші тек өзінің өктемдігін жүргізуді, атақ-абыройды немесе байлықты ғана көздейді. Бұл қоғамда адамдар өз еркімен емес, әміршінің қалауымен өмір сүреді, сондықтан олар іс жүзінде құлға айналғандар.
3. Құмарлық қаласы (Мәдинат аш-шаһуа)
Мұндағы жұрттың басты мақсаты — ішіп-жеу, көңіл көтеру және тәндық ләззаттарға кенелу. Рухани құндылықтар мен елдік мүддеден гөрі, нәпсінің қалауы бірінші орынға шығады.
4. Мұқтаждық қаласы (Мәдинат ад-дарура)
Бұл — өмір сүру үшін ең қажетті нәрселерді (амандық, тамақ) ғана қанағаттандыруды көздейтін қоғам. Халық тек тірі қалудың қамымен егіншілік, аңшылық сияқты тіршілікпен ғана шектеледі.
Егер мемлекет пен адам жанының арасында ішкі бірлестік бар десек, онда «Ахлақ» (жеке адамның нәпсісін билеуі) мен «Саясат» (көпшіліктің нәпсісін билеуі) өзара тығыз байланысты. Жоғарыда аталған төрт түрлі қала — адам бойындағы сан алуан мінез-құлық пен саяси ұстанымдардың жемісі. Осы тұрғыда Ибн Рушд биліктің (саясаттың) екі түрін ерекше атап көрсетеді:
1. Пасықтық саясаты (Сиясат әл-хисса)
Ибн Рушдтың тілімен айтқанда, бұл — «пасықтар мен арамзалардың» билігі. Мұндай жүйеде билеушілер халықты қорғайтын әскерді асырау үшін немесе қаланы көркейту үшін емес, тек жоғарғы басшының қалтасын толтыру үшін елге салық салып, айыппұлмен қысады.
-
Егер басшы жиған байлығынан халыққа аздап үлес берсе, бұл — «Дәулет билігі» (байлыққа негізделген) деп аталады.
-
Ал егер халыққа ештеңе бермей, бәрін өзіне басса, бұл — «Зорлық билігі» болып саналады. Мұндай жағдайда халық басшының алдында құл есебінде болады, ал басшының оларды қорғауы — қожайынның өз мүлкін (құлын) қорғағанымен бірдей.
2. Жекедара үстемдік (Уахданият ат-тасәллут. Диктатураға))
Ибн Рушд биліктің екінші түрін сипаттағанда өте маңызды термин қолданады: «Уахданият ат-тасәллут» (Жекедара үстемдік). Бұл — халықтық билік немесе жамағаттық басқару жүйесінің (демократияның) біртіндеп шексіз диктатураға айналу процесі.
Бұл саясат бірден емес, кезең-кезеңімен, біртіндеп іске асады:
- Билеуші алдымен өзіне соқыр сеніммен бағынатын шағын топты («гвардия» немесе жендеттер) жинап алады.
- Ол осы топтың көмегімен өзіне ұнамаған жандарды қорқытып-үркітіп, оларға мәжбүрлеу арқылы зиян келтіреді, тіпті көзін жояды.
- Басшы қоғамның бір тобын екінші тобына айдап салып, оларды өзара соқтығыстыру арқылы өз үстемдігін нығайта береді.
- Осылайша ол біртіндеп бүкіл халықтың жауына айналады.
Осы шешуші сәтте қоғам алдында екі-ақ жол қалады:
- Халықтың қарсылығы: Ашынған жұрт бірігіп, тиранның көзін жояды (оны өлтіреді).
- Толық бағыну: Немесе билеуші бүкіл халықты біржолата басып-жаншып, ешкімге дес бермейтін шексіз өктемдік иесіне («Уахдани ат-тасәллут») айналады.
Жекедара үстемдік жүйесінде сыртқы саясат пен ішкі саясат бір-бірімен тығыз байланыста болады. Озбыр билеуші сыртқы жауларымен келісімге келіп немесе оларды басып-жаншып, сырттан қауіп сейілгенде, бірден өз елінің ішіне шүйлігеді. Ол халықтың арасында үздіксіз іріткі салып, соғыс өртін тұтатып, жұрттың мал-мүлкін тартып ала бастайды.
Оның бұл ісінің астарында мынадай зымиян есеп жатыр: «Егер мен халықты мал-мүлкінен айырып, кедей қылсам, олардың мені тақтан тайдыруға мұршасы болмайды. Олар тек күнделікті нанын табудың қамымен ғана шектеліп, өзді-өзімен әлек болады» деп ойлайды.
Алайда, билеуші мұндай озбырлыққа салынған сайын, өз халқына деген жаулығы өрши түседі. Соның салдарынан өз қауіпсіздігі үшін қорғаушылары мен жендеттерінің санын арттыруға мәжбүр болады. Ол өз елінің азаматтарына сенбегендіктен, жан-жақтан жатжерлік, арам ниетті бөтен адамдарды жинап, оларға мол сый-сияпат беріп, өзіне жақын етеді. Осы жатжерлік жендеттердің көмегімен кезінде өзін таққа отырғызған өз жұртының бетке ұстарларын жазалай бастайды.
Нәпсінің тұтқыны болған билеуші
Философ Ибн Рушд «жекедара үстемдік» иесінің (тиранның) ішкі халін сипаттай келе, оның өз нәпсісінің (шәһуат қуатының) құлына айналғанын айтады. Оның пайымдауы бойынша, адам жаны үш түрлі қуаттан тұрады, ал тиран соның ішіндегі ең төменгі, ең пасық бөлігіне (нәпсіге) еріп, ең ардақты бөлігі — Ақылға мүлдем құлақ аспайды.
Ойшыл мұндай билеушінің күйін мынадай теңеулермен ашады:
- Мәжнүн мен мас адамның күйі: Ибн Рушд тиранды ақылынан айырылған жындыға немесе есінен танған мас адамға теңейді. Себебі, оның іс-әрекеті қисынға емес, соқыр сезім мен өткінші нәпсіге негізделген.
- Шексіз өктемдікке ұмтылу: Мұндай ақыл-есі бұзылған жандар тек адамдарға ғана әмір жүргізумен шектелмейді. Олардың менмендігі мен тәкәппарлығы сондай, егер қолдарынан келсе, тіпті көктегі періштелерге де билік айтқысы келіп тұрады.
- Биліктің дерті: Оның билігі — парасаттың жемісі емес, рухани аурудың көрінісі. Ол өзін бүкіл әлемнің иесі сезінгенімен, іс жүзінде өз еркіне ие бола алмайтын ең әлсіз бейшара.
Ибн Рушдтың сипаттауынша, мұндай билеуші – үрей мен ашкөздіктің тұтқыны. Ол өз нәпсісіне ие бола алмайды, сондықтан оның ешқандай еркіндігі жоқ. Ол сыртқа шығуға қорыққандықтан, өз үйінде қамалып өмір сүреді. Көңілі – әрдайым мазасыз, жаны – әлсіз, өзі – қызғаншақ әрі залым. Ол ешкімді сүймейді және ешкімге сенбейді. «Сондықтан да оның өз тағдырымен бетпе-бет келетін соңғы күні өте ауыр боларында еш күмән жоқ», – дейді философ.
Расында да, Ибн Рушд бүгінгі заманның ащы шындығын осыдан сегіз ғасыр бұрын айна-қатесіз сипаттап кеткендей.
Муғтәз Хатиб, Хамад бин Халифа университеті жанындағы Ислам заңнамасы және этика орталығының профессоры. (islamonline net) Қазақшалаған: islam.kz