Ибн әл-Хайсам және ғылымдағы эмпирикалық әдістің пайда болуы
Ибн әл-Хайсам және ғылымдағы эмпирикалық әдістің пайда болуы
4 жыл бұрын 4189
bilim-all.kz

Ақиқат сол ақиқаттың өзі үшін ізделеді. Сондай-ақ белгілі бір затты сол заттың өзі үшін іздейтіндердің назарында басқа ештеңе болмайды. Ақиқатты іздеу қиын және оған апарар сүрлеу (жол) салынбаған.

Ибн әл-Хайсам

Егер Сізден ғылыми танымдағы эмпирикалық әдістің негізін салған адамның кім екенін сұраса, не деп жауап қатасыз? Ойыңызға Исаак Ньютон, Галилео Галилей немесе Аристотель тақылеттес әлемдік деңгейдегі ғалымдар келері анық.  

Экспериментке негізделген ғылыми әдіс-тәсілдің пайда болуы он үшінші ғасырда оптика саласындағы шын тұрғыда озық еңбектердің авторы болған ағылшын оқымыстысы және философы Роджер Бэконмен байланыстырылатын болып кеткен. Ол таң-тамаша қаларлық дәлдікпен өзінің бақылағандарын, теорияларын және эксперименттерін сипаттап берген. Оның бұл еңбектерінде барлық теорияларды іс жүзінде неше дүркін қайталап тексеріп көруге үндейтін оның тәсілінің негізгі қағидаты айқын көрініс беретін.

Алайда, тарих бізді одан да арғы өткен шаққа жетелейді. Таңданатындығы сол, осыған ұқсас ғылыми тәсілді және идеяларды Бэконнан 250 жыл бұрын қазіргі кезде көпшілік тани бермейтін араб ғалымы оқытып жүрді. Иә, иә. Ибн әл-Хайсам атты араб ойшылы батыс жаңалық енгізушілерінің алдын орап, ғылыми танымдағы эмпирикалық тәсілдің қажеттігін негіздеп берді.

Ибн әл-Хайсамның өмірі туралы деректер мардымсыз. Тарихшылардың айтып дәлелдеуінше ол 965 жылы, «араб ғылымының алтын ғасыры» дәуірінде, Ирак жерінде дүниеге келген. Ибн әл-Хайсамға, әкесінің жоғары шенді болғанының арқасында, ғылымға кұштарлығын оятқан жақсы оқытушылардан білім алудың сәті түсті. Ал оның ислами тұрғыдағы діни наным-сенімдері жаңа білімге деген аңсарын асыра түсті, өйткені жаһанды жарату үдерістерін танып-білу оны Құдайға жақын етеді ғой.  

Он бірінші ғасырдың бас кезінде Ибн әл-Хайсам Каир қаласына көшіп барды. Сол жерде ол өзінің ғылыми қам-қарекетіндегі ең маңызды жетістіктеріне жетті. Ол замандағы оптика ғылымында Евклид және Птолемей сияқты ұлы ойшылдар қолдаған көз сәулелері теориясы үстем болып тұрды. Бұл теорияға сәйкес біз көзімізден шығатын сәулелерді көреміз. Алайда Ибн әл-Хайсам бұл теорияны иланымсыз деп есептеді. Теория оның көңілінде бірқатар сұрақтар, мысалы, егер сәуле көзден шығатын болса, неге күнге қарағанда көзді қарып, ауыртады деген сұрақты, тудырды. Бұндай қарапайым ойтүйін Ибн әл-Хайсамның сәуленің ерекшеліктері мен қасиеттерін (қазіргі кезде бұл «оптика» деп аталады) тереңдетіп зерттей түсуіне түрткі болды. 

1011 жылы беделді халифтің өкімі арқылы Ибн әл-Хайсам Каирдегі өз үйінде үйқамаққа түсті. Бұндай оқшаулау жарық табиғатын зерттеуге көп уақытын арнаған ғалымға пайдалы болды.

Келесі онжылдық өте нәтижелі болды. Ибн әл-Хайсам жарықтың тек тік сәулелер арқылы таралатынын дәлелдеп, айнаның жұмыс істеу қағидатын түсіндіріп берді. Сонымен қатар, ол жарық сәулесінің басқа орта, мысалы су, арқылы өткенде, сыну мүмкіндіктері туралы да ойларын түйіндеді.  

Бірақ Ибн әл-Хайсам өзін нандыру үшін ғана бұл теорияларды түсіндірумен тоқтап қалған жоқ. Керісінше, ол өзінің жетістіктерін айналасындағыларға және бүкіл ғылыми қауымдастыққа әрқашан паш етіп отыруға тырысты.

Ибн әл-Хайсам жұрттан ажырап, оңашада өткен жылдарын өзінің теорияларын растау үшін жасаған эксперименттері егжей-тегжейлі айтылған «Кітаб әл-Мәнәзир» («Оптика туралы кітап») атты еңбегінде жазып қалдырды. Әрбір оқырман оның бұл еңбегінен тәжірибелерді жасаудың жан-жақты нұсқаулықтарын табады.  

Суррей университеті ғалымдарынын пайымдауынша Ибн әл-Хайсамының өзінің еңбектерінде қалдырған басты өсиеті — бұл ғылыми жұмыстың арқау етіп алатын қағидаты. Ол қағидатта былай делінеді: «Менің айтқаныма сенуші болмаңыздар  — бәрін тексеріңіздер!». Жаңа айтылған англиялық университет ғалымдарының пікірінше бұндай тәсіл бүгінгі күннің ғылымы табан тіреп тұрған негіз болып тұр.

   

Ибн әл-Хайсамның ғылыми танымдағы эмпирикалық тәсілдің жаршысы болуына оның қазымырлығының және өз-өзін сынаушылығының септігі тиді. Еңбектерінің бірінде ол: «Ақиқатты танып-білу мақсатымен ғылыми кітаптарды оқып-зерделейтін адам ұққан әр ойды әр түрлі позициядан және жан-жағынан мінеп отыруы тиіс. Және де ол бұны алдын ала пәтуа шығармай және еш аяусыз істеуі тиіс. Міне, сонда, осындай тәсіл оны ақиқатқа жеткізсе, оның әр сөзінде прогресс пен сол сияқты дәлелдер болады» деп жазды.

Бұл ақырын жүріп, анық басатын біртуар мамандардың ғылыми қам-қарекеттегі ұранына айналды. Айтпақшы, осы мағынасында ғылыми танымдағы эмпирикалық тәсіл кенеттен және жоқ жерден пайда болған жоқ. Бұл тәсіл ұрпақтан ұрпаққа жалғаса келе пісіп-жетіліп, біртіндеп өзгеріп, біздің заманымызға нағыз «зерттеу машинасы» түрінде жетіп отыр. Бірақ, бастысы, бұл машинадағы бірінші бұранданы араб ғалымы Ибн әл-Хайсам салып бекіткен еді. Сосын әр жаңа буынды технологиялық тұрғыда алдыңғысынан гөрі дамытқан ғалымдар мен ойшылдар бұл бұрандаға ғасырлар бойы өз тетіктерін қосып келді. 

0 пікір