Хижреттен 17 жыл кейін хазірет Омар сахабамыздың халифалығы кезі. Мәдинада милади 638 жыл.
Сол күні Мәдинада күн шыжып тұрған уақытта, жиын болатынын үйді үйге хабарлап айтып келген Абдулла халифаның есігінің алдына келіп, күте бастады. Көп өтпей жиынға шақырған адамдары да төбе көрсетті.
Алдыңғы қатарлы сахабалардан әне Сағыд ибн Әби Уаққас! Міне, Талха! Мына келе жатқан кісі хазірет Алидың нақ өзі болса керек! Алыстан тез тез адымдап келе жатқан тағы бір кісі байқалды. Ол халифа Омар. Ақылдасуға шақырып отырған өзі емес пе?
Айтқандай, ішке кіргенде уақыт оздырмастан Аллаға мақтау, елшісіне салауат арнағаннан кейін дереу мәселеге тіке көшті:
- Мемлекет істерін жүргізгенде оқиғаларды нақты бір уақытпен көрсетуде қиындыққа кезігіп отырмыз. Маған жіберілген Шағбан айы мерзім ретінде жазылған. Бұл Шағбан айы қай жылдың Шағбан айы екені белгілі емес. Басра әкімі Әбу Мұсаның да бұл мәселеде қағаздардың шатасуына деген шағымы бар. Түрлі оқиғаларға сүйенетін түрлі мерзімдерге жүгіну бізді жаңылыстыруда. Ендігі жерде өзімізге сай бір мерзім бастатуымыз керек. Осы себепті өздеріңізді ақылдастар алқасына шақырып отырмын.
Жиынға қатысқандардың барлығы да осындай бір нақты мерзімнің бастама ретінде қабылдау керектігін жақсы сезінетін, алайда қай оқиғаны оған бастама ретінде қабылдау керектігін нақты біле алмайтын. Неге десеңіз, Ардақты пайғамбарымыздың өмірінің әрбір күні жаңа тарихқа бастама ретінде таңдауға боларлықтай оқиғаларға тола еді. Мәселен, Сағыд ибн Әбу Уаққас өзі маңызды деп тапқан мынандай ұсыныс жасады: - Мен ардақты пайғамбарымыздың қайтыс болған күнін жаңа тарихқа бастама ретінде дұрыс көрер едім.
- Әй, Талха, Сағыдтың ұсынысын естідің, сен бұған не дейсің? Келісесің бе?
- Мен бұндай қайғылы күнді тарихқа бастама еткен орынсыз деп ойлаймын. Қайта керісінше ардақты пайғамбарымыздың туылған қуанышты күнді тарихқа бастама етсек қалай?
- Уа, Али, бұл екі ұсынысқа сен не пікір қосасың?
- Мен бұл екі оқиғадан да маңызды бір оқиғаны ұсынар едім.
- Бұлардан да маңызды ол қандай оқиға?
- Хижрет, мұсылмандар исламды ұстана білу үшін әрі жаю үшін барлық дүниелерін Меккеде тастап, Мәдинаға қоныс аудармап па еді. Бұны ислам іргетасын нықтау ретінде қарастыруға болады. Сондықтан тарихқа бастама ретінде осы уақытты алған орынды секілді.
Бұған не дейсіздер?
- Мен Алидың ұсынысын қолдаймын, орынды. Мен де... Мен де...
Сөйтіп хазірет Алидың ұсынысымен Расулалланың Меккеден Мәдинаға қоныс аударған жыл ислам тарихының алғашқы жылы, алғашқы хижрет
керуенінің жолға шыққан мүбәрак Мұхаррам айы да хижри күнсанақтың бірінші айы ретінде белгіленді.
Сахабаларын шығарып салғаннан кейінгі расулалланың хижреті болса Мұхаррамның ізін ала Сафар айының жиырма алтысында Сәуір үңгірінде үш түн жасырынған соң 1 Рабиулаууалда басталып, 8 Раббиулаууалда Мәдинаға кіре берістегі Құбада аяқталды.
Хижреттен 17 жылдан кейін халифа хазірет Омардың жетекшілігімен жиналған осы жиын қабылдаған шешімді есікте күткен Абдулла Мәдина көшелерімен былай деп жар салды:
- Уа, мұсылмандар, бұдан кейін Расулланың Меккеден хижреті бірінші жыл, ал алғашқы хижрет керуені жолға шыққан мүбәрак Мұхаррам айы бірінші ай болып қабылданды. Ендігі жерде мұсылмандардың да өздеріне тән күнсанау уақыты бар.