"Хасан" хадистер (3-бөлім)
"Хасан" хадистер (3-бөлім)
3 жыл бұрын 4244
Абдусамат Қасым

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Өткен бөлімде: "Ахад хадистер әлсіздігі мен қуаттылығы жөнінен «мақбұл» (қабыл етілген) және «мәрдүд» (қабыл етілмеген) болып бөлінеді" дедік.

Мақбуль хадистер дәрежесіне қарай: «Сахих хадис» және «Хасан хадис» болып бөлінеді дегенді де айттық. Бұл екеуі де өз ішінде: «Сахих лизәтиһи», «Сахих лиғойриһи» және «Хасан лизәтиһи», «Хасан лиғойриһи» болып бөлінеді. 

Осының алдындағы дәрісте "Сахих лизәтиһи" және "Сахих лиғойриһи" жайында әңгімелеп өттік. Бүгін «Хасан хадис» жайында сөз қозғасақ деп отырмыз.

ХАСАН ХАДИС

«Хасан» деген - «жақсы», «көркем» деген мағыналарды білдіреді. Ал, хадистегі анықтамасы болса: «Алғырлығы әлсіздеу, бірақ әділ риуаятшының өзі сияқты әділ риуаятшыға жеткізген, сәнәді жалғасымды, сондай-ақ, жасырын кінәраттан аман әрі шазз емес хадис».

Демек, хасан хадис те, сахих хадис сияқты:

  1. Сәнәді үзіксіз. (Сәнәд – хадисті жеткізушілердің есімдері орын алған тізбек).
  2. Риуатшылары (хадис жеткізушілері) «әділ»[1].
  3. Жасырын кінәраттан аман (маълул емес, ақаулы емес).
  4. Шәзз емес[2].
  5. Бірақ, риуатшыларының бәрінде немесе кейбірінде «добт» сипаты әлсіз, яғни, «алғыр» емес[3]. Осы жөні кемсін болғандықтан, ондай хадиске «хасан» деген баға берілген.

Хасан хадистің үкімі

Хасан хадистер қуаттылығы жөнінен «сахих» хадистерден бір саты төмен. Оған қарамастан, хасан хадистер шариғи дәлел ретінде есептеледі. Хасан хадистермен бүкіл фақиһ ғұламалар шариғат үкімдерін бекітіп, ондай хадистермен амал еткен. Хасан хадиспен амал етілетіні жөнінде Ислам ғұламаларының басым көпшілігі күмән келтірмейді.

МЫСАЛ

Имам Тирмизи келтірген мына бір риуаятты мысал ретінде берсек болады:

Имам Тирмизи айтты: Бізге Құтайба былай деп хадис жеткізді. Ол айтты: Бізге Жағфар ибн Сүлеймен ад-Дубъий Әбу Имран әл-Жәуниден, әл-Жауни болса, Әбу Мұса әл-Әшъаридің ұлы Әбу Бәкірдің былай дегенін жеткізді: «Әкемнің дұшпанның көзінше былай дегенін естідім: «Алла елшісі: «Шынында пейіштің есіктері – қылыштардың көлеңкесінің астында...» деді[4]. Осы хадисті келтіргеннен кейін, Имам Тирмизи бұл хадиске қатысты: «Бұл хадис – хасан ғариб хадис» деген.

Аталмыш хадистің «хасан» хадис болуының себебі – сәнәдіндағы төрт риуатшының төртеуі де «сиқа» (сенімді) болып есептелгенімен, араларындағы Жағфар ибн Сүлеймен ад-Дубъий деген риуатшының жеткізген хадистері хасан (яғни, алғырлығы аздап төмендеу). Сол себепті, аталмыш хадис – «сахих» дәрежесінен, «хасан» дәрежесіне түскен.

Хадисшілердің қолданатын кейбір терминдері

Кейде хадисші ғұламалар өз кітаптарында әлдебір хадиске қатысты: «Бұл хадис – иснады сахих болған хадис» (Һәзә хадисун сахихуль Иснәд) деген сөздерді қолданып жатады. Оның мағынасы: «Хадис - сәнәді жөнінен сахих немесе хасан, ал мәтіні жөнінен (шәз болғандықтан немесе жасырын кінәрат табылғандықтан) сахих емес» дегенді білдіреді. Бұл сөзімен хадисшілер ол хадистің үш шарты дұрыс, қалған екі шартында (шәзз болмау және маълул болмау шартында) кінәрат бар дегісі келіп тұрғандай. Анығырақ айтқанда: сәнәді жалғасымды, риуатшылары әділ және алғыр, бірақ шазз әрі маълул болмау жөні күмәнді. Бірақ кейде «Хафиз» саналатын мықты хадисшілердің әлгіндей сөзі - хадистің мәтіні жөнінен де сахих екендігін көрсетуі мүмкін.

Имам Тирмизидің хадис жинағында келтірген әлдебір хадистің соңында: «Бұл хадис – хасан сахих» деп айтып өткен сөздері кездеседі., Ол сөзін кей хадисші ғалымдар былай деп жорамалдаған: «Егер, ол хадистің екі не одан көп сәнәді болса, мағынасы - бір сәнәді бойынша хасан, басқа сәнәді бойынша сахих» деген мағынаны білдіреді. Ал бір ғана сәнәді болса, ол жағдайда мағынасы: «Бұл хадис кейбір хадисшілердің пікірінше хасан, басқа хадисшілердің пікірі бойынша сахих» дегендік. Имам Тирмизидің бұл сөзін басқалай жорамалдаған хадисшілер де бар.

ХАСАН ЛИҒОЙРИҺИ

Жоғарыда "Хасан лизәтиһи", яғни, өздігінен хасан болған хадистер жайында айттық. Енді Хасан лиғойриһи түрін таныстыра кетелік. Хасан лиғойриһи деген: "өзге хадистің себебімен хасан дәрежесіне көтерілген хадис" деген ұғымда. Хадис ғылымындағы анықтамасына келсек: хасан лиғойриһи" деп, әртүрлі жолдармен (бір не одан көп) риуаят етілгені себепті хасан дәрежесіне жеткен әлсіз хадисті айтады. Демек, әлдебір әлсіз хадис, егер басқа да сәнәдпен жеткендігі анықталса, одан қуат алып, «хасан лиғойриһи» дәрежесіне көтеріледі екен.  

Бірақ әлдебір әлсіз хадисті өзге нұсқалары себепті «хасан лиғойриһи» дәрежесіне көтеріледі деуіміз үшін екі шарт ләзім:

Біріншісі – ол хадис басқа да бір немесе бірнеше жолмен жеткен болуы және ол жолдардың дәрежесі де осымен теңдей не бұдан қуаттырек болуы тиіс.

Екіншісі – ондағы әлсіздік: риуатшының есте сақтау қабілетінің әлсіз болғаны үшін немесе сәнәдінда үзік болғаны үшін яки риуатшыларының бірінің беймәлім адам болғаны үшін туындаған болуы керек. Осындай әлсіз хадистер, өзге нұсқаларынан қуат алып, хасан лиғойриһи үкімін ала алады.

Ал, егер, әлсіздігі – сәнәдіндағы риуатшыларының бірінің пасықтығы үшін (фисқур-рауи) немесе риуаятшысының бірінің өтірік айтатыны анықталғаны үшін болған болса (кизбур рауи), ондай әлсіз хадис «хасан» дәрежесіне көтерілмейді.

Хасан лиғойриһи хадистің үкімі

Хасан лиғойриһи хадистер – хасан хадистерден бір саты төмен тұрады. Сондықтан да, егер екеуі қарамақайшы келіп қалса, хасан лиғойриһи алынбай, хасан лизәтиһи хадисі алынады.

Хасан лиғойриһи хадистер – мақбұл (қабыл етілетін, амал етілетін) хадистер қатарынан[5]. 

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин.


[1] (Әділ риуатшы деп, мұсылман, балиғат жасындағы, ақыл-есі дұрыс, күнәдан ұзақ тұратын, көркем әдепті риуатшыны айтады).
[2] Шәзз емес дегені – сенімді риуатшының өзінен сенімдірек басқа бір риуатшының риуаят еткен хадисіне кереғар келмеген хадис.
[3] Алғыр деп, естіген хадисін артық-кемшіліксіз тура жеткізе алатындай қабілеттегі риуатшы.
[4] Имам Тирмизи: «Сүнән».
[5] Махмұд Тоххан: «Тәйсиру Мусталахатиль Хадис».

0 пікір