ХАНАФИ МӘЗҺАБЫНЫҢ БАСТАУ АЛҒАН БЕСІГІ – КУФА МЕКТЕБІ - 2
ХАНАФИ МӘЗҺАБЫНЫҢ БАСТАУ АЛҒАН БЕСІГІ – КУФА МЕКТЕБІ - 2
9 жыл бұрын 4853
Қайрат Жолдыбайұлы
2-бөлім

Имам Ағзам Әбу Ханифаның білім шежіресі

Мұхаммад Әмин, Исмайл Хаккы Унал сынды көптеген зерттеушілер Әбу Ханифаның білім шежіресін Абдуллаһ ибн Мәсғұд және Али ибн Әби Талибтен бастайды. Алайда біз жоғарда келтірілген деректер негізінде шежіреге әзіреті Омар мен Муғаз ибн Жәбалды да қосуды орынды санаймыз.

Ендеше, Әбу Ханифаның білім шежіресін қысқаша былай кестелеуге болады:

Омар ибн Хаттаб

Муғаз ибн Жәбал

Абдуллаһ ибн Мәсғуд

Али ибн Әби Талиб

///

Әсуад ибн Язид ән-Нахағи

Мәсруқ ибн Әждағ әл-Хамдани

Алқама ибн Қайс ән-Нахағи

Шурайх ибн Харис әл-Кинди 

///

Амир ибн Шәрахил әш-Шағби

Ибраһим ән-Нахағи 

///

Хаммад ибн Сүлеймен

 ///

Әбу Ханифа

Ханафи мәзһабының куфа мектебімен үзілмеген шежіре бойынша сабақтастығын Әбу Ханифаның «Мұснад»-ындағы рауилердің хадис тізбегінен де байқауға болады. Ондағы көпшілік хадисте Хаммад ибн Сүлеймен, Ибраһим ибн ән-Нахағиден, ол Алқама ибн Қайстан, ал ол Абдуллаһ ибн Мәсғұдтан немесе Айша және Омардан риуаят еткен. Сондай-ақ, әл-Асуад ибн Язид арқылы Омар ибн Хаттабтан және Айша анамыздан риуаят еткен. [1]

Ханафи мәзһабының негізін қалаушы ұлық имам Әбу Ханифа жоғарыда аты аталған саңлақ сахабалар мен табиғиндердің аға буын ғалымдарынан  қалған осынау ұлы мұраны, қалыптасқан куфалық мектепті ары қарай дамытып, жүйелеп ханафи мәзһабының негізін қалады.

Куфалықтар ахад хабарларды қабылдауда (санад) тізбек елегіне қосымша мәтіннің дұрыстығын да тексеретін басқа да өлшемдерді қарастырған болатын. Мысалы, Әбу Ханифа үмбет қабыл етпеген ахад хадистермен амал етпеген. Бұл куфа мектебінде кеңінен қолданылған тәсіл. Оған дәлел: Имам әл-Бұхаридың шайхы Аффан ибн Мүслим кейбір хадисшілердің Куфа қаласына келіп төрт ай тұрақтағандықтарын, онда тек үмбеттің қабылдаған 50000 хадисін жазып алғандықтарын, бірақ қалаған жағдайда 100000 хадис те жазып алуға болатындай хадистің көп екендігін һәм Куфада ешкімнің хадис риуаятына жеңіл-желпі қарамайтындықтарын айтқанын жеткізген[2].

Аффан ибн Мүслимнің бұл риуаятынан мына үш нәрсені байқауға болады. Біріншісі, Куфа қаласында төрт айдай аз уақыттың ішінде 100000-дай хадис жинауға болатындай хадистің соншалық көптігін. Екіншісі, хадис жинаған кезде тек тізбектің үзілмегендігі емес, негізгі өлшемдерінің бірі ретінде хадисті үмбеттің қабылдаған болуы шартын қосулары. Үшіншісі, хадис риуаятына Куфалықтардың жеңіл-желпі қарамай аса сақтықпен қараулары.

Мүміндердің әмірі Омар Фаруқ пен Айша анамыздың да кейбір ахад хабарларды бірден қабылдамағаны белгілі. Мысалы, Мүслимнің сахих хадистер жинағында Омар ибн Хаттабтан мынандай хадис риуаят етілген. Фатима бинт Қайс атты әйел сахабаның «(талақ болған әйелге) жатын орын да, нәпақа да берілмейді» - деп пайғамбарымыздан (с.а.у.) риуаят еткен хадисі Омар ибн Хаттабқа жеткенде, ол былай дейді: «Дұрыстап жаттағаны яки ұмытқаны белгісіз бір әйелдің сөзіне сеніп Раббымыздың Кітабын, Пайғамбарымыздың сүннетін тәрк қыла алмаймыз. Талақ болған әйелге жатын орын да, нәпақа да беріледі. Алла Тағала: «Анық ауыр күнә (зина) жасамайынша оларды үйлерінен шығармаңдар»[3]- деген»[4]. Бұл жерде әйел риуаят еткен аталмыш хадис Құранның анық аятына қайшы болғандықтан, хазіреті Омар оны қабылдамаған. Тағы бір мысал, мүміндердің анасы Айшаға (р.а)  Әбу Һурайраның Пайғамбардан риуаят еткен: «Зинадан туған бала үш жаманның біреуі» - деген хадисі жеткен кезде, ол: «Әбу Һурайраны Алла кешірсін! Ол бұл хадисті дұрыс естімеген әрі дұрыс жеткізе алмаған. Хадистің негізі бұлай емес. Алла елшісін мұнафықтардың бірі мазалап жүр еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Пәленшенің жаманшылығынан кім қорғай алады?» - деді. Сол сәтте біреу: «Уа, Алланың елшісі! Ол зинадан туған бала ғой» - деді. Алла елшісі: «Оған үш жаманшылықтың бірі» - делінеді. Бірақ Алла Тағала былай дейді: «Ешбір адам басқа жанның күнәсін арқаламайды»[5] Басқа бір риуаятта: «Оған әке-шешесінің күнәсі жазылмайды. «Ешбір адам басқа жанның күнәсін арқаламайды» - делінген[6]. Байқағанымыздай, Айша анамыз Әбу Һурайраның бұл хадисін Құранның: «Ешбір адам басқа жанның күнәсін арқаламайды»[7] - делінген жалпы қағидасына қайшы болғандықтан қабылдамаған. Яғни, ахад хабармен Құранның жалпы үкімін жалқыламаған. Куфа мектебінің бастауында Абдуллаһ ибн Мәсғұдтан бөлек Омар ибн Хаттаб, Али ибн Әби Талиб, Әбубәкір қызы Айша сынды Алла елшісінің (с.а.у.) үнемі жанында жүрген хас сахабалардың тұрғанын айтқан болатынбыз. Халифа Омар (р.а.) Хижазда, яғни Мәдине қаласында ғұмыр кешсе де, Куфалық мектептің өкілі саналуының астарында оның хадистерді қабылдауда аса сақтық танытқандығы[8], тіпті көптеп хадис риуаят етуге қатал қарсы шығуы, дінді түсінуде қисын мен ақылға терең мән беруінде болса керек. Куфалық мектептің негізін қалаушы Абдуллаһ ибн Мәсғуд әр мәселеде халифа Омарды негізге алатын еді. Бұл жайлы Ибн Жарир: «Сахабалардың арасында Абдуллаһ ибн Мәсғудтан өзге ешбір адамның фәтуалары мен фиқһтағы көзқарастарын жазып отыратын сұқбаттас шәкірттері болмаған. Абдуллаһ ибн Мәсғуд Омарға қайшы келетін өзінің көзқарасы мен фәтуаларын дереу тастайтын. Яғни, өзінің көзқарасын тастап, Омардікіне көшетін. Фәтуаларының түгелге дерлігі Омарға қайшы болмайтын», - деп Ибн Мәсғудтың біліміне айналасындағылардың қаншалық деңгейде көңіл бөлгендігіне һәм оның Омардың фәтуаларына қайшы келмейтіндігіне назар аударған. Амир ибн Шәрахил әш-Шағби де: «Абдуллаһ ибн Мәсғуд (таң немесе ақшам намазында) құныт дұғасын оқымайтын еді. Егер Омар оқығанда, сөзсіз ол да солай істейтін еді», - деп Абдуллаһ ибн Мәсғудтың халифа Омардың көзқарастарынан көп айный бермейтінін білдірген.[9]

Халифа Омар сахабалардың арасында аят, хадистерді ең терең түсінетін және түсінуге аса ыждаһаттық танытып, ол жайлы өзінің ойын ашық айтатын сахаба болатын.

Шағби бұл жайлы былай дейді: «Түрлі мәселелердің үкімі Омардан (р.а.) сұралатын еді. Ол мәселенің үкімін бәлкім бір ай ойланатын, сахабалармен кеңесетін еді. Кейде кір күнде бір отырыста жүз мәселені шешіп беретін. Оның ізімен Абдуллаһ ибн Мәсғуд жүрді. Омардың көзқарастарынан әсерленді һәм одан риуаят қылды. Абдуллаһ ибн Мәсғуд былай дейді: «Егер адамдардың барлығы бір жаққа бағыт алып, Омар басқа жаққа бет алса, сөзсіз мен Омардың соңынан жүрер едім».[10]

Міне, бұл Абдуллаһ ибн Мәсғудтың діни түсінігі, үкім шығарудағы ұстанған тәсілі мүміндердің әмірі Омардікімен (р.а.) бірдей десек артық айтқандық емес. Осы себептерден болса керек, халифа Омар рай мектебінің алғашқы ұстазы саналған.[11] Абдуллаһ ибн Мәсғудты Куфа шаһарына ұстаз етіп Омар ибн Хаттабтың таңдап жібергенін ескерсек, екеуінің арасындағы байланыстың тереңдігін түсіну қиынға соқпаса керек. 

Сахабалардың ахад хабарларға қатысты жоғарыдағы ұстанымы Куфа мектебінде қалыптасып әрі қарай рай мектебі ретінде дами түсті. Ал Әбу Ханифаның оны одан әрі қарай жүйелеп, жетілдіргендігінде сөз жоқ. Ханафилердің ахад хабарларға қатысты ұстанымы жайлы имам әл-Жассас өзінің «әл-Фусуул фил-усуул» атты еңбегінде былай дейді: «Біздің мәзһаб ғұламалары (Асхабымыз) бойынша ахад хабардың қабылданбау себептерінің бірі Иса ибн Әбанның да айтқанындай: «Ахад хабар ешбір күмәнсіз жеткен (мутауатир, мәшһүр) сүннетке керағар болса, немесе Құранға анық қайшы келсе, сондай-ақ, көпшілікке қатысты мәселелерден бола тұра, көпшілік білмейтін ахад хабармен жетсе, немесе адамдар риуаят еткенімен қоғам оған қайшы амал еткен шәзз хадис болса, мұндай ахад хабарлар тәрк қылынады».

Имам Әбу Юсуф бұл жайлы өзінің «әр-Рәдд ала сиярил-Әузағи» атты еңбегінде әл-Әузағиға қарата былай дейді: «Түрлі риуаяттар көбеюде. Олардың арасынан мүлде беймәлімдері де шығуда. Ол риуаяттардан фиқһ мамандары хабарсыз. һәм олардың мағынасы Құран мен сүннетке де қайшы. Ендеше, шәзз хадистерден абай бол! Көпшілік жамағаттың ұстанған және фақиһтердің білетін уа һәм Құран мен сүннетке қайшы келмейтін хадистерді ұстан. Басқалардың үкімін осыларға салыстыру жолымен шығар. Құранға қайшы сөздер риуаят болып жетсе де, ондай риуаяттың Алла елшісінің (с.а.у.) хадисі еместігінде шүбә жоқ». 

Байқағанымыздай Куфа мектебінің негізін Алла елшісінің жанында жүрген Омар ибн Хаттаб, Абдуллаһ ибн Мәсғуд, Али ибн Аби Талиб, Муғаз ибн Жәбал сынды білімі терең ардақты сахабалар мен Әсуад ибн Қайс, Ибраһим ибн ән-Нахағи сынды аға буын табиғиндер қалаған.

Куфа қаласына Алла елшісінің (с.а.у.) хадистері молынан жеткен. Әсіресе Али ибн Аби Талибтің кезінде Куфа шаһары халифалықтың орталығына ауысқаннан кейін ғылым-білімнің ордасына айналды. Куфалықтардың хадистердің астарына үңілу арқылы адамзаттың пайдасына негізделген мәнді табуға тырысулары, ахад хадистерді қабылдаудағы қосымша шарттары қарастырулары және өмірде әлі кездеспеген мәселелердің де үкімін іздеулері олардың қияс, яғни салыстыру жолымен үкім шығаруға деген ыждақаттарын арттыра түсті. Тіпті, басты ерекшеліктерінің біріне айналды. Куфа мектебінің осы ерекшелігін Әбу Ханифа ары қарай жетілдіріп, жүйеге салғанында күмән жоқ. Ханафи мәзһабының Куфа мектебімен сабақтастығы үзілмеген шежіре бойынша жалғаса жеткен.

1-бөлімін оқу үшін басыңыз.


[1] Мулла Алюул-Қари, Шарху Муснади Әби Ханифа, «Дарул-кутубил-ъилмия» баспасы, Бәйрут, 1985 ж.
[2] Рамһурмузи, Әбу Мұхаммад әл-Хасан ибн Абдир-Рахман Рамһурмузи, «Мухаддисул-Фасыл», 1-том, 559-бет. «Дәрул-фикр» баспасы, Бәйрут, 1404 һ.
[3] «Талақ» сүресі, 1-аят.
[4] Мұслим, Мұслим ибнул-Хажжаж Әбул-Хасан әл-Қушайри, Сахиху Мұслим, Китабут-Талақ, 2-том, 1118-бет. «Дару ихиаау туросул-араби» баспасы.
[5] «Фатир» сүресі, 18-аят.
[6] Әбу Абдиллаһ әл-Хаким Мұхаммад ибн Абдиллаһ ән-Найсаубури, әл-Мустадрак алас-сахихайн, 2-том, 233-бет. Дарул-кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут, 1-ші басылым. 1990 ж.
[7] «Фатир» сүресі, 18-аят.
[8] Әбу Юсуф, ар-родд ала сиярил-аузағи, 30 бет.
[9] Ибн Қаюм, Мұхаммад ибн Әби Бәкір ибн Аюб ибн Сағд ибн Қаюм әл-Жәузия, Иғламул-муаққиғин ған роббил-аламин, 1-том, 16-бет. «Дарул-кутубил-ъилмия» баспасы, Байрут, 1991 ж.
[10] Маннағу Халил әл-Қаттан, Ат-ташриғу уал-фиқһу фил-ислам тарихан уа манһажан, 289-бет. «Мактабату уаһба» баспасы, Каир, 2001ж.
[11] Мұхаммад Раууас Қалғажы, Маусууғату фиқһи Ибраһим ибн ән-Нахағи, 1-том, 127-бет.

0 пікір