Хадистерді жеткізген әйел кісілер
Хадистерді жеткізген әйел кісілер
9 жыл бұрын 5313
Жарылқасын Жарбол

Сахабалар Расулалланың мүбәрак аузынан шыққан әр сөзін мұқият тыңдап, мейлінше жаттайтын. Кейінгі ұрпақтарға жеткізу үшін ол ғажап сөздерді жазып алатын. Небір әйел сахабалар да ер кісілерге бергісіз еңбек етіп, Расулалладан алған сөздермен бізге дүние мен ақырет бақытына бастайтын жолдарды көрсеткен.

Ең ізгі жанның жанынан айрылмаған ардақты сахабалар құнды сөздерді естігенде жаттап алатын, мүмин бауырларына үйрету үшін түртіп жазып қоятын. Тек ер кісілер ғана емес, әйелдер де пайғамбарлар падишасының бұйрығын берік ұстанатын. Айтқандай, жахилия кезінде тірідей жерге көміліп, өмір сүру құқынан айрылған әйелдің білім алуына Ислам келгеннен кейін көңіл бөліне бастады. Қараңғылықпен күрес үлкен өзгерістерге жол ашты. «Ілім үйрену әйел мен ер барлық мұсылманға парыз» деген Расулалла дін насихаттауда әйел кісілерді назардан тыс қалдырмайтын. Ислам негіздерін ол кісілерге де үйретіп, бөліп-жармастан сауаттылыққа ынталандыратын. Мәселен, исламның алғашқы жылдарында оқып, жаза алатын он жеті ер кісі болса, ондай әйел кісілердің саны беске де жетпейтін. Ұқба қызы Үмму Гүлсім, Сағыд қызы Айша, әл-Миқдад қызы Карима оқып, жаза алатын сауатты әйелдер арасында аталады. Кейбір сахабалар осы кісілерден сауат ашатын. Уақыт өте келе оқып, жаза алатын әйелдер саны көбейіп, әр салада білімді әйелдер шыға бастады. Тіпті олар жиналып, Расулалланың жанына келіп, «Ер кісілерден бізге кезек тимейтін болды. Қасыңызға ылғи сол кісілер келіп, ілім мен діни мәселелерді үйренеді. Біз ер кісілерге қарағанда әлсізбіз. Біз үшін де бір күнді арнасаңыз, келіп, сізді тыңдасақ әрі білмегенімізді үйренсек» дейді. Осы өтініш себепті Адамзаттың мақтанышы әйел кісілерге бөлген бір күні уағыз айтып, ақыл, кеңесін айтқан. Дінге білгір әйелдер осылай қалыптасқан.

Мұсылман әйелдер өз арасынан елші таңдап, сұрақ қоюға Пайғамбарымызға жіберген кездер де болған. Тіке барып өздері сұрақ қойған кездері де кездескен. Сұрақтар кейде алдыңғы қатарлы сахабаларға да қойылған. Айталық, Хаулан тайпасынан бір әйел Йеменге ұстаз ретінде жіберілген Муаз ибн Жәбалға әйелінің алдындағы ерінің әйелінің алдындағы міндеттерін сұрап, білген. Яғни хадистердің кейінгі ұрпақтарға жетуінде ер кісілермен қатар әйел кісілер де орын алған. Тіпті әйелдер ислами ілімдер ішінде ең көп хадис риуаятымен шұғылданған. Ахмед ибн Ханбәл «Мүснад» атты еңбегінде Расулалладан риуаят еткен жүз бір әйел болғаны айтылады. «Әл-Мүснад» атты еңбегінде мың үш жүзден астам сахабаның хадис риуаятына орын берген Бақи ибн Махлад та мұхаддис (хадис риуаят еткен) әйел санының жүз жиырма екі болғанын айтады. Әсіресе, Пайғамбарымыздың жарларынан хазірет Айша, Хафса, Үмму Хабиба, Маймуна мен Умму Сәлама аналарымыз хадистердің тарауында үлкен үлес қосқан.

Хазірет пайғамбардың жұбайларының бөлмелері жеке медресе ерекшелігіне де ие. Өйткені мұсылман ансар мен мұхажир әйелдер жеке жағдайларына қатысты кейбір мәселелерге ұялғандықтан, Пайғамбарымызға тіке барып сұрай алмайтын. Осындайда ара дәнекерлікті міндетті мүминдердің аналары атқарған.

Аналарымыз әр мәселеде хадис риуаят еткені секілді Расулалланың (с.а.у.) жарларына қатысты сөздерін, іс-әрекеттері мен кеңестерін мұсылмандарға түсіндірген. Бақидың «Мүснады» бойынша, Үмму Сәлама 378, Mәймуна 76, Үмму Хабиба 65, Хафса анамыз 60, Зейнеп бинт Жахш 11, хазірет Сафия бинт Хуай болса 10 хадис риуаят еткен. «Хадис жеткізген әйел» дегенде ә дегенде еске түсетін хазірет Айша анамыз 2 мың 210 хадис жеткізген деп білінеді. Неге десеңіз, Айша анамыз пәтуа, парыздар, тарих, әдебиет, медицина мен басқа да көптеген салада ғалым ретінде мойындалады. Айтулы сахабалар да өздерін толғандырған сауалдарын сол кісіге қоятын. Тіпті Әбу Мұса әл-Әшғари «Мұхаммедтің сахабалары болған біздер қашан күрмеуі қиын мәселеге кезіксек, соны барып Айшадан сұрасақ, ол туралы міндетті түрде білетін болып шығатын» дейді. Мүминдердің аналары хадис риуаят етумен шектелмеген, көптеген мұхаддистер (хадисшілер) тәрбиелеп, сүннеттің кейінгі ұрпаққа жетуіне еңбек сіңірген.

Бақытты ғасырда ер кісілермен қатар көптеген әйелдер де Пайғамбарымыздан, жарларынан және өзге сахабалардан хадис риуаят еткен. Айталық, белгілі хадис кітаптарында әйел сахабалар жеткізген көптеген хадистер қамтылған. Пайғамбар жұбайларынан тыс Әсма бинт Үмәйс 60, Әсма бинт Әбу Бәкір 58, Үмму Хани бинт Әбу Тәліп 46, Умму Атия 40, Фатима бинт Қайс 34, Лүбаба бинт әл-Харис 30, Умму Қайс бинт Михсан 24, Рүбай бинт әл-Mуаууыз 21 хадис риуаят еткен. Бұл әйелдермен қатар табиғин, тәбә и табиғин мен кейінгі ұрпақтардан мұхаддис деп атауға болатын ондаған әйел шыққан. Айтқандай, Ислам әйел сауаттылығына маңыз береді. Өйткені ілім алған әйел құлшылығын анағұрлым саналы әрі ынталы түрде жасайды. Балаларын да сауатсыз әйелдерге қарағанда жақсы тәрбиелейді. Бұдан бөлек, күйеуі, ата-анасы, көршілерінің алдындағы міндеттерін де түсіністікпен орындайды. Яғни, көп жағынан қоғамның ілгерілеуіне үлес қосады.

 

Әйелдердің хадис үйрену әдістері

Исламның алғашқы дәуірінде қазіргідей ретті оқу ошағы болмаса да Дарул құрра деп аталатын мектептерде, Нәбәуи мешітінің жанындағы Суффа мектебінде, әл-Куттаб деп аталатын аудан (махалла) мектептерінде, мешіттер мен үйлерде білім берілетін.

Сахаба әйелдер кейде жамағатпен оқылған намаздарға қатысу арқылы, кейде Пайғамбарымыздың жанына барып, тіке өзінен исламды үйренген. Дәріс бас қосуларына қатысып, хадистерді тыңдаған. Олар да ер кісілер секілді қирағат, сәма, ижазат пен өзге әдістермен хадис үйренген. Кейбір отбасылар қыз балаларына үйде дәріс оқыттырып, хадис үйренуіне жағдай жасап, кейбірі кішкене жастағы қыздарын ілім мәжілістеріне апарған. Мәселен, ибн Сахнун үйінде қыз балалаларына дәріс берген хадисшілер арасында аталған. Әсма бинт Әсадтың да кішкене жастан бері әкесінің ілім

жиналыстарына қатысқаны әрі хадис риуаят еткені білінген. Кейбір әйел хадисшілердің хадис риуаят ету үшін күйеулері не махрамдарымен бірге ғылыми сапар ұйымдастырғаны да бар.

Сауатын толықтырған әйелдер оқу, білімге де үлес қосады. Тіпті тек әйелдерге ғана емес, ең әйгілі ғалымдарға да ұстаздық жасайды. Айталық, Имам Шафиғи Мысырда Нәфиса бинт әл-Хасаннан дәріс алған. Ибн Асакир де мың үш жүз шамасындағы ұстаздары арасынан сексенінің әйел кісі болғанын айтқан. Айтқандай, әйелдер дарул хадистерде, мешіттерде, ілім мәжілістерінде кейде перденің артынан, кейде пердесіз хадис дәрістерін береді. Әйелдердің ілімге үлесі сахабалардан кейін де жалғасып, саны ер рауилердей көп болмаса да, хадис риуаят еткен көптеген әйел мұхаддистер бар.

0 пікір