Хадис: «Торсықтың аузынан ішпеңдер!» (Хадис тағылымы)
Хадис: «Торсықтың аузынан ішпеңдер!» (Хадис тағылымы)
2 күн бұрын 752 islam.kz

Сахаба Әбу Һурайрадан және сахаба Абдулла ибн Аббастан жеткен сахих хадисте ардақты сахабалар былай деген:

  أن رسول الله صلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ نهَى أن يُشرَبَ من في السِّقاءِ

«Шынында Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) торсықтың аузынан су ішуден тыйды». («Сахих Бұхари»).

Атамлмыш хадисті келтіргеннен кейін сахаба Әбу Һурайра Алла елшісінің (с.а.у.) тыйымының бір мәнін былай деп түсіндіріп өтеді: «Естуім бойынша, бір ер адам торсықтың аузынан ішкен кезінде, ішінен жылан шыққан екен» дейді сахаба Алла оған разы болсын.

Түсіндірме: 

1) Алла елшісі аталмыш хадисінде торсықтың аузынан т.б. су құятын ыдыстардың аузынан көтеріп ішкеннен гөрі, оны кесеге немесе күрішкеге құйып ішудің абзал екендігін білдіріп отыр. Себебі, ардақты сахаба айтқандай, торсық секілді су құйғыш заттардың ішіне түрлі құрт, құмырсқа, жылан сияқты зиянкестер түсіп кеткен болуы мүмкін. Кісі оның аузынан ішкен заматта зиянкесті байқамай ішіне кетіп, босқа сорлап қалады.

2) Не болмаса, торсықтың ішіне құм, топырақ, тас түкен болуы да мүмкін. Кісі оны ішкен кезде тасты, құмды жұтып, оның ақыры бүйрегіне тас жиналуға алып келеді, тас өңешін, одан қала берді асқазанын жарақаттайды. Сол себепті, суды кесеге құйып, солай ішкеннің мәдениеттілікке жақынырақ әрі сақтық тұрғысынан да пайдалы екендігін ұғынамыз.

3) Оның үстіне, әдетте торсықтағы су тек бір адамға ғана арналмағаны белгілі, одан кез-келген адам ішеді. Ал аузынан біреу ішкен жағдайда ішушінің сілекейі суға араласып, ішіндегі барлық суды былғайды, бұл болса өзге адамдарға ыңғайсыздық тудырады. Әдеп пен мәдениеттілікті насихаттаған Алла елшісі (с.а.у.) мұнда да қырағылық танытып, мұсылман үмбетіне бөлек ыдысқа құйып ішуді үйретуде.

4) Және тағы бір себебі: торсықтың аузынан ішкен кезде, кісі шамасын білмей көп ішіп қойып жатады, әрідесе, төгіліп су сырап болады. Сондықтан да, бөлек ыдысқа құйып ішу арқылы өзіне қажетті суды ішіп, оның босқа шашылуын да алдын алған болады.

Қорыта айтқанда:

Исламдағы су ішу әдебі бойынша, бірнеше адам ішетін торсық секілді су сақтайтын ыдыстардың аузынан ішпей, бөлек ыдысқа құйып ішкені жөн. Өйткені, біріншіден - зияндықтардың байқалмай ішіне кетудің алдын алған болады, екіншіден - суды сілекейімен былғамай, өзге адамдардың ол судан жиіркенбей ішуін қамтамасыз еткен болады.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым, исламтанушы.

 

 

 

0 пікір