Хадис. "Шашы бар адам, шашына күтім жасасын!" (Хадис тағылымы)
Хадис. "Шашы бар адам, шашына күтім жасасын!" (Хадис тағылымы)
11 ай бұрын 2348
Абдусамат Қасым

Сахаба Әбу Һурайрадан (радияллаһу анһ) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.у) былай деген:

- من كانَ لَه شعرٌ فليُكرِمْه

"Кімнің шашы болса, оған күтім жасасын!"  Әбу Дәуід: «Сүнән». Сахих.

Тағылым:

Ислам діні тазалық діні болғаны секілді, тәртіп пен әсемдікті паш етер дін. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Алла әсем, әсемдікті сүйеді» деген. Сондықтан да, мұсылман адам үсті-басын ретке келтіріп, шамасынша әдеміленіп жүрмегі ләзім. Соны еске салған Алла елшісі: «Шашы бар адам, шашына күтім жасасын» дей келе, шашын өсірген мұсылманның шашын уақтылы жуып, тарап және бояп жүруін кеңес етуде. Бірде Алла елшісі шашы өскен біреуге қарасты: «Бұл адам неге басын жуып, тарамайды?» - деген екен.

Әрине, әр нәрсенің шегі болады, Пайғамбарымыз (с.а.у.) ер адамдардың тым сыланып, аса сәнқой болуларынан да тыйғандығын айта кету керек[1]. Сондықтан да, шаш күтімінде болсын, киім-кешегінде болсын ер адамдар орта жолды ұстанғандары жөн. Өйткені, сәндікте ер адамдардың тым шектен шыққандары жарамайды.

Сондай-ақ, бұл хадистен ер адамдардың шаш өсірулеріне болатындығын ұғынуға болады. Алайда, ұзын шашты уақтылы жуып, тарап, ретке келтіріп жүруі сүннет амалға жатады, ұнамды іс.

Және де «шаш» сөзіне "сақал" да қамтылып тұрғаны сөзсіз. Сақалын да ретке келтіріп, қажет болса бояп, тарап әдемілеп қойғаны абзал.

Уа әхиру даъуана әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!


[1] نهى رسولُ اللهِ صلَّى اللهُ عليْهِ وسلَّمَ عن الترجُّلِ إلا غِبًّا

0 пікір