Хадис риуаят еткен әйел сахабалар
Хадис риуаят еткен әйел сахабалар
9 жыл бұрын 8763
Жарылқасын Жарбол

Хадис шәріптерді риуаят етуде әйел кісілердің де қосқан үлесі жоқ емес. Бұндай әйел кісілердің кейбірі сахаба, кейбірі табиғин.

Исламды үйрену үшін бірінші бастау бұлақ Құран кәрім болса, екінші бұлақ көзі ол хадис шәріптер болып табылады. Осы себепті хадис риуаят еткен тұлғалардың Ислам тарихындағы орны бөлек. Ілімнің бір бөлшегі саналатын хадис риуаят ету Бақытты ғасырда басталған. Алғашқы хадисшілер, әрине, Расулалланың (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) дәріс алқасында болған сахабалар. Олар ең соңғы ақиқат дінді толыққанды үйреніп, ұстану үшін пайғамбарлар мөрінің әрбір қимылын қалт жібермей, әр айтқан сөзін  жаттайтын. Іле оқып, жаза алатын сауаттылары бұларды өздеріне түртіп алып, өзге мұсылмандарға да жеткізуге тырысатын. Алайда, бұл құтты іске тек ер кісілер ғана жауапты болмады. Иман еткен, өмірде ілімге ерекше мән берген әйел сахабалар да хадис риуаятымен (жеткізу) шұғылданды. Реті келгенде осы тұста жахилия кезеңіне назар аудартқан жөн. Араб өлкесінде әйел заты тірідей жерге көміліп, өмір сүру құқынан айрылса, Ислам дінінің келуімен олар әлеуметтік өмірге белсене араласты. Ер кісілермен қатар дінді үйрену, үйрету әрі жаюда міндет алуы осыған дәлел. Хадис риуаят ету де осы тұрғыда олар атқарған игі істердің басында тұр.

Расулалла ер кісілермен қатар әйел кісілер үшін де сұқбаттар өткізіп, Құранның бұйрықтарын тікелей өзінен естулеріне жағдай тудырған. Аталмыш сұқбаттарға қатысқан әйелдер сол ортада естігендерін әрі Расулалладан көргендерін басқаларға жеткізетін. Бақытты ғасырдан кейін де жағдай өзгермеді. Хадистерді кейінгі ұрпаққа жеткізу ісінде де әйелдер айтарлықтай белсенділік танытты. Мәселен, Табиғин, Таба-и табиғин және содан кейінгі кезеңдерінде… Тура бір исламның алғашқы жылдарында болғаны секілді әйелдер де қатар жұмыс жасап отырды. Тек сандары мен белсенділік салалары ғана өзгеріп отырды. Айталық, Ахмет ибн Ханбәл «Мүснад» атты еңбегінде алғашқы кезеңде Расулалладан тіке хадис жеткізген ұзын саны 122 әйел кісінің болғанын жазған. Табиғин кезеңінде болса, хадис риуаят еткен 95 кісінің аты аталған. Бұл әйелдердің көбі Мәдиналық. Өйткені ол уақыттарда хадис ілімінің орталығы Мәдина ретінде білінген. Енді қаласаңыздар, аталған әйел хадисшілер арасынан ең көп белсенділік танытқан әрі риуаят еткен кісілердің есімдерін еске түсірейік. Бірақ мына жайтты да ескеру керек: әрине, хадис риуаят етушілер арасында аты ең көп танымал әрі өте сенімді болып табылатындар олар расулалланың жарлары. Алла елшісі жарларымен болған орталарға медресе секілді қараған. Бұл жұбайларына да ұнайтын, сол себепті пайғамбарға жар болу жауапкершілігін сезініп, Ислам дінінің жайылуында тер төккен. Бәрі де фиқһ, тәпсір білген. Бірақ хадистерді жеткізуге ерекше ынта танытқан.

 

Ең көп хадис риуаят еткен әйел – хазірет Айша

Айша анамыз Пайғамбарымыздың жары болумен қатар ғалым да еді. Пәтуа беруде әйгілі 7 сахабаның бірі болып саналады. Айталық, Абдуррахман ибн Ауфтың ұлы Әбу Сәләма ол кісі туралы «Расулалланың сүннетін одан да жақсы білетін, фиқһта тереңдікте одан асып кететін, қай аят немесе қай үкімнің қай жерде түскенін Айшадан да артық білетін жанды өз басым көрмедім» деген. Бұл асыра бағалауға жатпайды. Осындай қасиеттері үшін ол сахабалардың арасында үлкен ғалым ретінде мойындалған. Керек десеңіз, өзге сахабалар шеше алмаған сұрақтардың жауабын келіп сол кісіден сұрайтын. Бұндай дәрежеге Расулалланың өмірін жіті бақылау арқылы қол жеткізген. Айша анамыз нәбиден көргендері мен естігендерін өзге мұсылмандарға жеткізіп, көптеген хадистің риуаят етілуіне себеп болды. Жалпы саны 2210 хадис шәріп жеткізген деп білінеді. Осы себепті ислам әдебиетінде аты ең көп хадис риуаят еткен әйел сахаба ретінде өтеді. Рауилігімен қатар хадиске сын айтатын сенімді тұлғалар қатарының да алдыңғы легіне кіреді. Сахабалардан кейбір кісілер білгендерінің қаншалықты дұрыс-бұрысын анықтай үшін осы кісіге келіп жүгінетін.

 

Үмму Сәләма анамыз хадисші жетілдірген

Үмму Сәләма – Ислам дінін қабылдаған алғашқы кісілердің бірі. Күйеуі Әбу Сәләма Ұхыд соғысында алған ауыр жараның салдарынан шейіт болып, төрт баласымен жесір қалған. Сол себепті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) оны қараусыз қалдырмай, өзіне некелеп, панасына алған. Расулалланың өмірінің соңына таман ол кісіге әйел болу бақытына бөленеді. Қоштасу қажылығын да қосқанда, өте маңызды оқиғалар кезінде Расулалланың жанынан табылған. Осы себепті хазірет Айшадан кейін ең көп хадис риуаят еткен әйел сахаба ретінде білінеді. Ілімге деген құштарлығы хазірет Айша анамыздай өте күшті еді. Дәл сол кісі секілді фиқһ пен тәпсір ілімін де меңгерген. Бірақ ол тек риуаят етумен ғана шектелмеді, бұған қоса, хадис ілімін үйретуге де белсене кірісті. Алғашқы күйеуінен қалған қызы Зейнеп бинт Әби Сәләма – оның хадис рауиі ретінде жетілдірген алғашқы шәкірті.

 

Хазірет Хафса 60 хадис жинады

Хазірет Омардың қызы Хафса анамыз Расулалланың төртінші жары еді. Сол кезеңдегі оқып, жаза алатын санаулы сауатты әйелдер қатарында болғандықтан, іліммен шұғылданған. Хазірет Айшамен де жақын құрбы болғандықтан, хадис іліміне қызығушылық танытқан. Расулалланың жары ретінде де ол кісінің дін тұрғысындағы барлық тәжірибелерін мұқият бақылайтын. Көргендерін баяндаған. Осындай ретпен барлығы 60 хадис риуаят еткені айтылады. Ол риуаят еткен хадистер көбіне хақ нәбидің күнделікті өміріне қатысты ақпараттар. Үмму Хабиба мен Мәймуна аналарымыз да хадис риуаят еткен әйел мұхаддистер арасында. Мәймуна анамыз 76 хадис жеткізсе, хазірет Үмму Хабиба 65 хадис риуаят еткен.

 

Табиғин кезеңінің алдыңғы қатарлы рауиі хазірет Амра

Есімі өзімізге аса таныс емес хазірет Амра – Айша анамыздың дәрісін тыңдап өскен хадисші. Осы себепті өз кезеңінде риуаят еткен хадистері өте сенімді ретінде қабылданған. Мәдина әкімі сол кісінің риуаят еткен хадистерін жазу үшін арнайы елші де жіберген. Одан тыс Үмму Дарда әс- Сұғрауи, Үмму Алқама, Айша бинт Талхалар да сахабалардан естігендерін кейінгілерге жеткізген әйел рауилер қатарында.

0 пікір