Хадис ғылымындағы "хадис", "хабар" және "әсәр" терминдерінің мәні
Хадис ғылымындағы "хадис", "хабар" және "әсәр" терминдерінің мәні
3 жыл бұрын 3725
Абдусамат Қасым

Хадис усулі ғылымында «Хадис», «Хабар» және «Әсәр» сөздері бір-біріне жақын терминдер болғанымен, әрқайсысының бөлек анықтамасы мен өзіндік қолданылатын салалары бар.  

1) әл-Хадис.

Хадис деп, Хадис ғылымында: Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен сөзді (Пайғамбардың айтқан сөзі) немесе істі (істеген ісі) немесе мақұлдауын (біреудің ісін мақұл көруі) яки сипатты (Пайғамбардың түр-сипаты, бейнесі, мінездемесі) айтады.

Мысалы:

  • «إنما الاعمال بالنيات», «Амалдар ниетке байланысты». Бұл – сөз жүзіндегі хадиске мысалы. Оны хадис ғылымында «әл-Хадисуль Қаули» дейді.
  • كان اذا أراد أن ينام و هو جنب غسل فرجه و توضأ للصلاة / «Алла елшісі (с.а.у.) жүніп күйінде ұйықтайтын болса, (алдымен) әуретін жуып, (артынан) намазға дәрет алғандай дәрет алып (жататын). (Әзіреті Айша риуаят еткен). Бұл – істеген ісіне қатысты хадиске мысал. Мұны «әл-Хадисуль Фиъли» дейді.
  • Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мақұлдауына (оны «әл-Хадис тақрири» дейді), мысал ретінде: бір топ сахабаның бір тайпа басына Фатиханы оқып, дем салғаны үшін алған сыйлықтарының (отыз қой) үкімін Алла елшісінен келіп сұрағанда, Алла елшісі (с.а.у.): «Ол сүренің ондай қасиеті барын қайдан білдіңдер? Сендер дұрыс жасадыңдар. Алған қойларды өзара бөлісіңдер. Маған да бір пай айыруды ұмытпаңдар» деп олардың ол істерін мақұл көрген оқиғаны келтіруге болады[1].
  • Сипат хадиске мысал: Пайғамбарымыздың (с.а.у.) түр-сипаты, бейнесі, көркем әдебі сипатталған риуаяттар жатады.

2) әл-Хабар.

Хабар деп, Хадис ғылымында: Пайғамбарымыздың хадистерін және Пайғамбарымыздан өзге – сахабалардың, тәбиғиндердің, әтбағут-тәбиғиндердің және олардан кейінгі ғұламалардың сөздері мен істерін айтады. Осы анықтамадан «хабар» терминінің «хадис» терминінен ауқымдырақ екендігін түсінеміз.  

3) әл-Әсәр (الأثر).

"Әсәр" сөзі тілдік тұрғыда: із, белгі, таңба, әсер, тарихи жәдігер деген мағыналарда қолданылады. 

Терминдік мағынасына келер болсақ, Хадис ғылымында "Әсәр" деп, сахабалар мен тәбиғиндердің және әтбағут-тәбиғиндер мен олардан кейінгі дін ғұламаларының бізге жеткен сөздері мен істерін айтады. Ендеше, «әсәр» термині хадистерді қамтымайды екен[2]. Мұндай сипаттағы риуаяттарды жинақтаған еңбектердің бірі ретінде, Имам Әбу Юсуфтың «әл-Әсәр» атты еңбегін атап өтсек болады.

[1] «Күндердің бір күнінде бір топ сахаба сапарға шығып, жол-жөнекей әлдебір араб тайпасына кезігеді де, сол жерде қонақтауды ұйғарады. Алайда, ешкім бұларды қонақ еткісі келмейді. Осы арада сол тайпаның мырзасын сары шаян шағып алып, айналадағылар не шара қолданса да уын қайтара алмай әлек болады. Еш нәрсе шықпағаннан соң арасынан біреу: «Біздің жерге бір топ бөтен кісілер келген еді. Солар бір нәрсе білетін шығар. Барып сұраңдар» дейді. Олар сахабаларға келіп: «Ей, жамағат. Біздің мырзамызды шаян жағып алды. Не шара қолдансақ та, пайдасы жоқ. Сендерде бар ма бір нәрсе?», - деп сұрайды. Сахабалардың бірі: «Иә, бар. Алламен ант етейін, оған оқып дем саламын. Алайда, сендерден қонақ етулеріңді сұраған едік, сендер қонақ етпедіңдер. Сол себепті, мен тек ақыға оқимын» - деп жауап береді. Сахабаның бұл талабын қабыл етіп, олар бірнеше қой беруге келіседі (кейбір риуаятта 30 қой делінген). Одан соң, сахаба барып сырқат кісіге «әлхамдулилләні» (фатиха сүресі) оқып «сүф» деп дем салады. Демнен кейін мырза кісеннен құтылған малдай есін жинап, сырқаты тарай бастайды. Сосын ол келісілген ақыны беруді бұйырады. Ақыны алғаннан кейін сахабалар өзара бөліспекші болады. Бірақ, дем салған сахаба: «әзірге бөліспей тұра тұрайық. Пайғамбарымызға барғанда болған жайды айтып, Алла елшісі не бұйырар екен, соны көрелік» дейді де қойларды бөлмей сол күйінше Мединеге айдап барады. Олар пайғамбарымызға (с.а.у.) болған жәйітті баяндап береді. Сонда Пайғамбар сахабаларға қарап: «Ол сүренің ондай қасиеті барын қайдан білдіңдер? Сендер дұрыс жасадыңдар. Алған қойларды өзара бөлісіңдер. Маған да бір пай айыруды ұмытпаңдар» деп күледі». (Имам Бұхари: "Сахихи Бұхари".) 
[2] "Әсәр" терминін "Хадис" терминімен мағыналас көретін хадис ғалымдары да болған.

 

0 пікір