Хадис: «Дене қызуын сумен басыңдар!» (Пайғамбар өсиеті және қазіргі медицина)
Хадис: «Дене қызуын сумен басыңдар!» (Пайғамбар өсиеті және қазіргі медицина)
3 сағат бұрын 309 islam.kz/
Абдусамат Қасым, хадис тағылымы

Адамзат тарихындағы ең ұлы тұлға, Алла елшісі Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әрбір сөзі — терең даналық пен хикметке толы. Оның 14 ғасыр бұрын айтқан өсиеттері мен тәлімдерінің бүгінгі ғылыммен, медицинамен қабысып жатуы — оның пайғамбарлығының айқын дәлелдерінің бірі. Бүгінгі мақаламызға мұрындық болып отырған мына бір хадисі - даналықтың жарқын мысалы, бұл хадис — дене қызуын түсіру жайлы айтылған хадис.

Имам Бұхаридің хадистер жинағында келтірілген бір хадис шәрифте Алла елшісі (с.а.у.) былай деп кеңес еткен:

«Қызудуың (температура) көтерілуі – тозақтың демінен (немесе лебінен). Оны сумен салқындатыңдар!». (Хадис: «Сахих Бұхари»)

Бұл хадистегі «тозақтың демінен...» деген сөзді метафора деп түсінген жөн, яғни, дененің қызуының маңыздылығына назар аударту мақсатында «тозақтың деміне» ұқсатып, салыстырмалы түрде айтып отыр. Өйткені, адамның ыстығы көтерілсе адам қатты қиналады, қатты ауырсынады. Сондықтан да, дене қызуының қатты көтерілуін «Тозақтың демінен» деп сипаттай келе, ол жағдайдың асқынуы адам өміріне қауіп төндіретіндей өте ауыр екендігін білдіргісі келеді.

Екіншіден, «Оны сумен салқындатыңдар» дей келе, Пайғамбырымыз (с.а.у.) дене қызуының ең қарапайым әрі тиімді емдеу жолын үйретуде. Бұл қазіргі медицина мамандарының кеңесімен ұштасады.

Медицина не дейді?

Бүгінгі заманғы медицина мен педиатрия мамандары қызу көтерілген кездегі ең маңызды алғашқы көмек ретінде дәл осы әдісті ұсынады. Дәрігерлер дененің қызуын лезде, табиғи түрде түсірудің бірден-бір жолы салқын сумен сүртіп, сулауда екендігін айтады.

Салқын сумен бүкіл денені, әсіресе қызуды тез беретін орындарды (қолтық, шап, мойын) ысқылап шыққаннан кейін, тері бетіндегі су буланады да, осы бу ағзадағы артық жылуды өзімен бірге алып кетеді. Нәтижесінде, ыстық бірден басылып, науқастың жағдайы жеңілдейді. Бұл – ешқандай химиялық затсыз, табиғи физикалық процесс.

Осылайша, Пайғамбарымыз (с.а.у.) 1400 жылдан астам уақыт бұрын айтқан қарапайым әрі даналыққа толы нұсқаудың тиімділігін бүгінгі заманғы ғылым тәжірибе жүзінде дәлелдеп отыр.

Бұл мысал Алла Елшісінің (с.а.у.) әрбір сөзінің Құдайдан түскен илһам (тәңірлік шабыт) екендігіне көз жеткізеді. Оның тәлімдері тек діни немесе рухани мәселелерді қамтып қана қоймай, адам денсаулығы, тазалық және күнделікті өмірдің құпия сырларына да қатысты терең білімді қамтыған.

Сөздің мәні азайып, ақпарат легінде адасу көп болып жатқан бүгінгі заманда, Алла елшісінің (с.а.у.) асыл сөздері, хадистері бүкіл адамзатқа, тіпті мұсылман еместерге де нақтылық пен даналықтың шамшырағы іспетті болып қала бермек.

Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!

 #медицина #хадис

0 пікір