Фәтима әл-Фихри - тарихта ең алғашқы университет ашқан мұсылман ғалым әйел (ІХ (9) ғасыр).
Фәтима әл-Фихри - тарихта ең алғашқы университет ашқан мұсылман ғалым әйел (ІХ (9) ғасыр).
1 жыл бұрын 16164

Кезінде арабтар мен мұсылмандардың ғылымға сіңірген еңбегін ешкім жоққа шығара алмайтындығы сөзсіз. Мұсылмандар арасынан математика, философия, география, тарих, инженерия, геометрия, астрономия, медицина сынды ғылым салаларында шыңдарға жеткен көптеген ұлы ғұламалар бой көрсетті. Бұл ғұламалардың жазып қалдырған еңбектері жүздеген жыл бойы әлемге ұстаздық қылды. Мұсылман ғұламалардың еңбектерін оқып, Коперник, Галилео сынды көптеген европалық ғылым адамдары туындады. Мұсылмандардың ғылымдағы жетістіктерін француз жазушысы Седийо (Луи-Пьер-Эжен Амели Седийо 1808-1875 ж) өзінің «Араб тарихы» атты еңбегінде былай тілге алған екен: «Математиканың барлық саласында арабтардың үлесі ерекше назар аудартады. Шындығында, олар осы ғылым саласында біздерге ұстаз болып есептеледі».

Мұсылман әйелдердің де ғылымға сіңірген еңбектері аз болмағанын айта кету керек. Сондай, мұсылман ғалым әйелдің бірі - Фатимә әл-Фихри.

Фәтима әл-Фихри.

Фатима әл-Фихрия - миләди 800 жылы Тунис елінің Қарауин қаласында, бай отбасында дүниеге келеді. Кейіннен Тунис жерінен Марокко жеріне қоңыс аударып, сол кездегі Марокконың астанасы «Фас» қаласында орнығады. Әкесі Мұхаммед ибн Абдулла әл-Фиһри алғашында Тунистағы, кейіннен Марокканың ең бай саудагерлерінің бірі болады. Фәтиманың отбасы бай болса да қанағаттылық, жомарттық, ізгісүйерлік, дүниеге қызықпаушылық деген секілді мұсылмандық құндылықтар жанұясында үстемдік құрған еді. Сондай жанұядан тәрбие көрген Фәтиманың да бойында қарапайымдылық пен кішіпейілділік, жомарттық пен ізгісүйерлік сипаттары бар болатын.


"Қарауин" университетінің ауласы. Қазіргі кезең.

Мешіт салуы

Фәтима әл-Фихри бойжеткеннен кейін бай бір жігітке тұрмысқа шығады. Алайда көп ұзамай күйеуі және одан соң көп кешікпей әкесі де о дүниелік болады. Осылайша, Фәтима орасаң байлыққа мұра болып қалады.

Алайда, мұнша байлықты дұрыс жолда сарп қылуды ойлаған Ол, байлығын халық игілігіне жұмсауды жөн көреді. Сөйтіп, «Фас» қаласында үлкен бір мешіт соғуды ұйғарады. Өйткені ол кездегі мешіт мұсылмандарға тарлық қылатын. Бірақ Фәтиманың жоспарынша мешіт тек құлшылық орны ғана емес, ілім ордасы да болуы керек еді.

Ертеде мешіт, медресе сияқты қоғамдық орындардың құрылысы мемлекеттің мойнында болатын. Фәтима әл-Фихри өз қалтасынан үлкен тарихи мешіт соққан алғашқы мұсылман әйел атанды. Және де мешіттің құрылысына қолданылатын топырақ пен гипсті өзгенің жерінен алмау керек деп ойлап, бір саудагерден жерін қомақты ақшаға сатып алып, сары топырақ пен гипсті сол сатып алған жерінен алуды қатаң қадағалайды.

Мешіттің құрылысы 18 жыл жалғасады - миләди 858 жылы басталып, 876 жылы аяқталады. Мәліметтерге қарағанда Фәтима әл-Фихри мешіт аяқталғанға шейін ораза ұстаған екен. Мешіт аяқталғаннан соң, мешітке Фәтиманың туып өскен қаласы «Қарауин» қаласының есімі беріледі. Содан бастап, әлі күнге дейін ол мешіт, кейіннен университет - «Қарауин» деген атпен танымал (аль-Карауин).


"Қарауин" университеті. Қазіргі кезең.

"Қарауин" мешітінің университетке айналуы 

Баста Құдайға құлшылық қылатын үлкен ғибадатхана ретінде соғылған бұл алып ғимарат, көп ұзамай ілім ошағына айналып үлгереді. О баста дін ғұламалары мешіттің ішінде діни ғылымның түрлі салаларында дәрістер жүргізіп бастайды. Одан кейін, оқытылатын пәндердің қатары артып, ол жер - география, тарих, логика, философия, математика, геометрия, медицина, химия, астрономия сынды ғылым салаларын оқытатын үлкен оқу орнына айналады. Жан-жақтан студенттер ағылып, Фас қаласы ғылым ордасы санала бастайды.

Кейбір тарихшылардың зерттеулеріне қарағанда мешіттің түбегейлі университетке айналуы 877 жылға тура келеді екен, яғни, мешіт құрылысы аяқталғаннан кейін бір жыл өтіп, жоғарғы оқу орнына айналған. Кейбір тарихшылар, мешіттің университетке айналу уақытын 10 ғасырдың бас жағы деп есептейді.

Фәтима әл-Фихри мешіт құрылысы біткеннен кейін екі жылдан соң, яғни, 878 жылы қайтыс болады. Бірақ, өзі өлгенімен оның идеясы мен жоспары жалғасын тауып, мешіт - үлкен ғылым ордасына айналады және өзінен кейін бұл университет шамамен мың жыл бойы ғылым мен мәдениеттің ошағы болып бүкіл адамзатқа қызмет атқарды.

"Қарауин" университеті. Қазіргі кезең.

«Қарауин» университетінен оқып шыққан атақты тарихи тұлғалар

Тарихшылардың айтысына қарағанда Фәтима әл-Фихри соққан бұл ең көне жоғарғы оқу орны - көптеген атақты ғалымдарды оқытып шығарған. Олардың арасында мұсылманы да, мұсылман емесі де бар. Қарауин университеті білім адамдарының жиналатын орталығы болды. Оған мұсылман елдерімен бірге, Европадан да студенттер келіп оқыды. Студенттер сол жерде бірнеше жыл қалып оқып, елдеріне ғалым болып оралып жатты. Олардың арасында тарихта есімдері алтын әріппен жазылған әлемдік тұлғалар да бар. Атап айтқанда:

1) Философ әрі медик Ибн Рушд (лат. Аверро́эс). Толық аты-жөні: Әбу Уәлиид Мұхаммед ибн Ахмед әл-Құртуби (1126-1198 ж). Мароккода қайтыс болған. Европада «Аверроэс» есімімен танымал. Мұсылман.

2) Ибн Халдун. Толық аты-жөні: Әбу Зәйд Абдуррахман ибн Мұхаммед әл-Хадрами (м. 1332-1406 ж). Қазіргі әлеуметтану ғылымының негізін қалаушы ғалым, философ әрі тарихшы. Мұсылман.

3) Моисей Египетский. Толық аты-жөні: Моше бен Маймон. Арабша аты-жөні: Әбу Имран Мұса ибн Маймун әл-Құртуби әл-Исраили. (113-1204 ж.). Философ, дәрігер, жан-жақты білімді тұлға. Иудей.

4) Ибн Баджа (Avenpace). Толық аты-жөні: Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Яхя (1095-1138 ж). Мұсылмандық Испания жеріндегі «шығыс аристотелизмнің» бірінші белді өкілі. Атақты дәрігер. Салалары: астрономия, математика, медицина, музыка, тіл, әдебиет т.б. Мұсылман.

5) Мұхаммед Тай әл-Идриси. Атақты мұсылман араб географтардың бірі.

6) Ибн әл-Бәннә әл-Марракуши (1256-1321 жыл). Математик, астроном.

7) Рим Папасы Сильвестр ІІ. Герберт Орильяский. Қайтыс болған жылы - 1003 ж. Ортағасырдағы ғалымдардың бірі, шіркеу өкілі. Мұсылман ғалымдарының математика мен астрономиядағы жетістіктерін Европада кеңінен насихаттаған тұлға. Ол, қазіргі таңда бүкіл әлем қолданылып жатқан «араб сандары» деп аталатын сандарды Европада қолданысқа енгізген алғашқы білім адамы ретінде саналады. Рим Папасының Қарауин университетінде математика саласын оқығандығы айтылады. Италия. Ұлты - Француз.

8) т.б.


"Қарауин" мешіті. Дәрет алатын орын. Қазіргі кезең.

«Қарауин» университетіндегі көне кітапхана

Университет кітапханасы - әлемдегі ең көне кітапханалардың бірі саналады. Кітапхана 4 мыңға жуық іргелі-негізді ғылым салаларына қатысты жазылған қол жазбаларды қамтиды.

"Қарауин" университеті бүгінде

Бүгінде «Қарауин» университеті - «әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып келе жатқан ең көне жоғарғы оқу орны» ретінде рекордтар Гиннесіне енген оқу орны. Және де ол бүгінгі таңда «әлемдегі ең көне және әлі күнге дейін өз ісін жалғастырып келе жатқан оқу орны» ретінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізімінде. Қазіргі кезде Қарауин университеті Ислами жоғарғы оқу орны ретінде өз жұмысын жалғастырып келеді.

Алла Тағала ғылымға және адамзаттың дамуына үлес қосқан жандарға разы болсын! Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!

Дайындаған Абдусамат Қасым


Пайдаланған дереккөздер:
aljazeera. «Фәтима әл-Фиһрия». Араб тілінде.
Абдуррахман Насар. «Фәтима әл-Фиһрия - әлемдегі ең көне университеттің негізін қалаған әйел». Араб тілінде.
ar.wikipedia. «جامعة القرويين» («Қарауин университеті»). Араб тілінде.
ar.wikipedia. «аль-Карауин». Орыс тілінде.

0 пікір