«Фатиха» сүресі: Берекелі өмірдің 7 сыры
«Фатиха» сүресі: Берекелі өмірдің 7 сыры
3 сағаттан соң 49 islam.kz/

Әрбіріміз бұл жалғанда мағыналы ғұмыр кешіп, уақытымызды барынша тиімді пайдалануға тырысамыз. Алдымызға асқақ мақсаттар қойып, соған жетер жолды іздейміз. Алайда, осы талпыныстарымыздың бәрі шынымен Алланың ризалығына бастап бара жатыр ма? Соны бір сәт ойлап көрдік пе?

Аллаға жақындап, Жәннаттың төрінен орын алу үшін қандай мақсат қою керек? Бұл сұрақтың жауабын Хақ Тағала Құранның беташары — «Фатиха» сүресінің 7 қысқа аятына сыйдырып қойған.

1. Әр істі «Бісмилләмен» бастаңыз

Кез келген іске кіріспес бұрын «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын» деу — сол істің берекесін арттырады. Ас ішкенде, жаңа жобаны қолға алғанда немесе үйге аттағанда «Бісмилләні» серік етіңіз. Бұл — игіліктің бастауы.

2. Шүкіршілік — жанның шипасы

«Барлық мақтау-мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән». Шынайы мүмін қандай жағдай болмасын, Жаратушысына алғыс айтудан талмайды. Айналаңызға қараңызшы: әрбір атқан таң, жұтқан жұтым ауа — шүкір етер нығмет емес пе? Осы әдет сізді мұң мен күйзелістен арылтып, өмірге шуақ шашады.

3. Мейірімді болыңыз

Рахман иеміз жақсылық жасаушыларды жақсы көреді. Оның көркем есімдерінің бірі — «Мейірімді». Біз де күнделікті өмірде осы қасиетті ту етіп, айналамызға шуақ шашуымыз керек. Жылы қабақ таныту, мұқтаж жанға қол ұшын созу, мейлі ол бір кесе ыстық сорпа болсын, мейлі зағип жанды мешітке жетелеу болсын — бәрі де сауапты іс.

4. Ақыретті ұмытпаңыз

Әрбір ісіміз үшін жауап беретін Қиямет күнін естен шығармаған абзал. Бұл дүние — өткінші, ал нағыз сый-құрмет — бақилық әлемде. Әр түні «Мүлік» сүресін оқып, өткінші қызық пен мәңгілік өмірдің арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысыңыз. Алла сіздің әрбір жақсы-жаман амалыңыздан хабардар.

5. Көмекті тек Алладан тілеңіз

«Саған ғана құлшылық қыламыз және Сенен ғана жәрдем тілейміз». Есіңізде болсын, сіз бен Алланың арасында тек бір ғана дұға тұр. Қандай қиындық болса да, сабыр сақтап, тек Соған жалбарыныңыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай: «Тіпті аяқ киіміңнің бауы үзілсе де, Алладан сұра. Оның қалауымен жаңасына қол жеткізесің».

6. Сүннет жолымен жүріңіз

Тура жол — Пайғамбар жолы. Салиқалы жандар: «Жүректеріңді Алланы зікір етумен тазартыңдар, әйтпесе бейғамдыққа салынасыңдар»,— деген. Күн сайын дініміз туралы жаңа бір нәрсе білуге талпыныңыз: мейлі ол бір жаңа аят немесе өміріңізге қажетті хадис болсын.

7. Жақсы ортада болыңыз

Игі істер жасап, тақуа жандармен бірге жүруге тырысыңыз. Жұма уағыздарын мұқият тыңдап, діни дәрістерге қатысыңыз. Алла бізге ненің дұрыс екенін әрдайым ескертеді. Тек «Фатиха» сүресінің сырына үңіліп, хақ жолдан таймасақ болғаны!


 islamisemya.com 

0 пікір