Ер азаматтың үй тірлігіне жәрдемдесуі - Пайғамбарлық өнеге
Ер азаматтың үй тірлігіне жәрдемдесуі - Пайғамбарлық өнеге
Кеше 301 islam.kz/

Бұл тағылымды жазбамызда ер азаматтың отбасы мүшелеріне қызмет етіп, үй шаруасына қолғабыс болуы жайлы сөз қозғаймыз. Көптеген ерлер үй тірлігіне араласуды — әлсіздік, әйеліне бағыну немесе соның айтқанымен жүру деп қате түсінеді. Олар адамзаттың асылы, жер бетін басып өткен ең ардақты тұлға — Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз шаңырағында жарына көмектесіп, үй шаруасымен айналысқанын ескермейді.

Имам Бұхаридің «Сахих» жинағында Әсуәд деген кісінің: «Мен Айша анамыздан (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйінде немен айналысатын еді?» — деп сұрадым», — дейді. Сонда Айша анамыз (р.а.): «Ол өз отбасының қызметінде болатын, қашан намаз уақыты келгенде мешітке шығатын», — деп жауап берген.

Ал Имам Ахмадтың риуаятында: «Ол (Пайғамбар) өз киімін өзі жамайтын, аяқ киімін өзі тігетін және басқа ерлер үйінде не істесе, соның бәрін істейтін», — делінген.

Пайғамбарымыз қарапайым адам ғана емес, ол — елшілердің соңғысы, сөзі өтімді, айбынды басшы болды. Сахабалары оған деген құрметтен жүзіне тіктеп қарай алмайтын болған. Оның бір ауыз сөзі сахабалар үшін жеткілікті - оны орындау үшін жанын беруге даяр еді. Зайыптары да оған қызмет етуден қашпайтын. Ол қызметші жалдауға ақшасы жоқ болғандықтан емес, ұлылықтың ең биік үлгісін көрсету үшін қойын өзі сауып, киімін өзі бүтіндейтін.

Ол үй ішінде жарыларына жылылық танытып, олармен бірге күліп-ойнайтын.

Айша анамыз (р.а.) ол туралы былай дейді:

«Алла Елшісі үйінде болғанда адамдардың ең жұмсағы, ең жомарты еді. Ол да сіздер сияқты ер азамат болатын, бірақ үнемі жүзінен күлкі кетпейтін, ақжарқын жан еді. Ол да бір пенде ретінде өз шаруасын өзі істеп, аяқ киімін жамап, киімін тігіп, қойын сауып, өз-өзіне қызмет ететін. Сіздер үйлеріңізде қалай еңбек етсеңіздер, ол да солай еңбек ететін».

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз отбасымен қарапайым әрі шынайы қарым-қатынаста болды. Ол — бүкіл адамзаттың көсемі, Адам ата ұрпағының мырзасы болса да, өз шаңырағында бірінші кезекте — сүйікті әрі мейірімді жар ретінде болды. Оның тұлғасынан төгілген айбын мен ірілік үй ішінде кішіпейілділік пен қамқорлыққа ұласатын.

Әйел заты үшін ерінің оның еңбегін бағалап қана қоймай, үй шаруасына аздап болса де жәрдемдескенін сезінуден артық бақыт жоқ. Бұл — отбасының берекесін арттырып, ерлі-зайыптының арасын жақындата түседі. Сондықтан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы бір асыл өнегесі бізге үлгі болсын.


Убәй Мұхаммед, islamonlinenet

 

 

0 пікір