Екі жылда бір марапатталатын Мұсылман әлемінің Нобель сыйлығы - «Мұстафа» сыйлығы жайында не білесіз?
Екі жылда бір марапатталатын Мұсылман әлемінің Нобель сыйлығы - «Мұстафа» сыйлығы жайында не білесіз?
25 күн бұрын 1071

Ислам өркениетінің «алтын ғасырында» ғылым мен білімнің дамуына Ибн Сина, әл-Фараби, әл-Хорезми, ар-Рази, Насыр ад-Дин Туси және Ибн әл-Хайсам сияқты ұлы ғалымдар үлкен үлес қосқан. Осындай ғалымдардың еңбегін құрметтеу және олардың мұрасын қазіргі дәуірде қайта жаңғырту мақсатында 2012 жылы Иранда «Мұстафа» атты халықаралық сыйлық тағайындалды. (Бұл атау Пайғамбар Мұхаммедтің (оған Алланың сәлемі болсын) бір есімінен алынған).

Бұл сыйлық Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 57 елдің ғалымдарына беріледі. Ол адам өміріне тікелей әсер ететін зерттеулер жасағандар үшін табысталады. Сыйлықтың негізгі бағыттары – биология мен медицина, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, сондай-ақ нанотехнология салалары. «Мұстафа» сыйлығы екі жылда бір рет Тегеран қаласында табысталады. Сыйлық тапсыру рәсімі – «Мұстафа апталығының» басты шарасы, бұл аптада түрлі ғылыми және қоғамдық іс-шаралар өткізіледі.

Сыйлық иегерлері 500 000 АҚШ доллары көлемінде қаржылай марапатқа иемденіп, арнайы медаль және диплом алады. Медаль құрылымы 700 граммдық күмістен (925 сынама) жасалған және 24 карат алтынмен қапталған. Оның бетінде йемендік қызыл «агат» тасы орнатылған, таста «Мұстафа» деген жазу бар (суретте). Сондай-ақ медальда мұсылман өркениетінің ғылымдағы жетістіктерін бейнелейтін астролябияның (ежелгі аспан өлшеу құралы) суреті бар.

«Мұстафа» сыйлығы мемлекеттік қаржыдан емес, «Мұстафа ғылым мен технология қоры» арқылы қайырымды жандардың ерікті түрде берген қаражатынан қаржыландырылады. Бұл – сыйлықтың тәуелсіздігін сақтаудың бір жолы.

«Мұстафа» қоры ислам әлеміндегі ғалымдар арасындағы ынтымақтастықты күшейту үшін және жас зерттеушілерді қолдау мақсатында түрлі шаралар өткізеді. Солардың қатарында — ғылым мен технология саласындағы алмасу бағдарламасы (STEP), білім мен идеяларды қоғам игілігіне қолдануға арналған байқау (KANS) және студенттерге арналған «Нұр» конкурсы бар.

Бұқаралық ақпарат құралдары «Мұстафа» сыйлығын «ислам әлемінің Нобель сыйлығы» деп атайды. Қор өкілдерінің айтуынша, бұл сыйлықтың мақсаты – Батыстың ғылыми марапаттарымен бәсекелесу емес, ислам өркениетінің ежелгі ғылыми дәстүрін қайта жандандыру. Мұндай көзқарас дамушы елдер арасындағы ынтымақтастыққа жол ашып, ислам әлемінде «жаңа ғылыми бірлестік» қалыптастыруға ықпал етеді.

Иран үшін бұл сыйлық халықаралық ғылыми қарым-қатынасты нығайтуға және елдің беделін ғылым арқылы арттыруға мүмкіндік береді. 2015 жылы Nature журналы «Мұстафа» сыйлығын «Иранның ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге деген талпынысын көрсететін бастама» деп бағалаған.


Источник: UTM NewsHub

2025 жылғы «Мұстафа» сыйлығының иегерлері

2025 жылдың 8 қыркүйегінде Тегеран қаласында «Мұстафа» сыйлығының алтыншы марапаттау рәсімі өтті. Биылғы лауреаттар:

  • Түркиялық ғалым Мехмет Тонер — обыр (рак) ауруын емдеу кезінде сирек кездесетін жасушаларды анықтауға арналған микрофлюдика теориясын жасағаны үшін;

  • Үндістандық ғалым Мұхаммад Хаджа Назируддинперовскитті күн батареялары бойынша жүргізген зерттеулері үшін;

  • Ирандық ғалым Вахаб Миррокнижасанды интеллект алгоритмдерін дамытудағы еңбегі үшін марапатталды.

Салтанат кезінде Вахаб Миррокни сыйлықтан алған ақшалай бөлігін ислам әлеміндегі 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарды қолдауға арналған «Жас ғалым медалі» қорына аударуға шешім қабылдағанын айтты.

Ол өз сөзінде ата-анасына алғысын білдіріп:

«Бұл жетістік үшін мен ата-анама қарыздармын. Компьютерді әкемнің кітаптарынан үйрендім, ал Пайғамбардың (с.а.с.) жолымен жүруді анамнан үйрендім», — деді.

Сондай-ақ ол студенттерге үндеу жасап, жігерлендірді:

«Мотивацияларыңызды сақтаңыздар. Егер қиындыққа немесе шектеуге тап болсаңыздар, одан қашпаңыздар — қайта еңбек етіп, сол қиындықты мүмкіндікке айналдырыңыздар. Бұл қағида менің бүкіл өмірімнің ұстанымына айналды», — деді Вахаб Миррокни.

*Мұстафа сыйлығының ресми сайты: https://mustafaprize.org/


Дереккөз: Исламсфера
Қазақшалаған: islam.kz

 

 

0 пікір