Уақыт - қашан да адам баласы үшін қымбат ұғым. Өйткені адам белгілі бір уақытта жаратылды, уақытша жаратылды. Уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Уақытты қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз.
«Әрбір үмметтің ажалы (белгіленген уақыты) бар. Олар оны бір мезет кешіктіре де, ілгерілете де алмайды», - дейді қасиетті Құранда («Ағраф» сүресі, 34-аят).
Сондай-ақ, уақыт бізден бұрын жаратылған дүние. Бұған дәлел Құранның: «Адам баласының басынан ол еш нәрсе болмай тұрған уақыт өтті ме?!» («Инсан» сүресі, 1-аят) - деген аяты. Бұл аят адам баласы жаралмай тұрған бір кезеңнің болғандығын айтады.
Уақыт бізге емес, біз уақытқа мұқтажбыз. «Уақыт өлтірейік, өткізейік...» деген сияқты сөздерді көп естиміз, өзіміз де айтып жүреміз. Уақытты біз өлтіре алмаймыз. Уақыт Алла тағаланың жаратқан мақұлығы. Уақытты Ол ғана өлтіреді. Бұл сөзді астарлы, яғни «уақыт өткізу» мағынасында да қолданбаған жөн. Өйткені бұлай ету адамды жауапсыздыққа алып барады. Қазақ айтады ғой: «қамшының сабындай қысқа ғұмыр...» деп. Ендеше, уақыт қадірін түсінгенге не жетсін? Уақыттың қадірін жете түсінген Алла тағаланың уәли құлы Имам Уақи қарны ашқанда нан жемей, тек сұйық ауқат ішеді екен. Бұның себебін сұрағандарға ол: «Нанды шайнауға жұмсалған уақытта күніге 50 аят және хадис оқуыма болады», - деп жауап беріпті. Иә, уақытты бос өткізу де, өлтіру де Имам Уақиға тым жат құбылыс екені әлгі сөзінен-ақ байқалып отыр.
Уақытты үнемдей білу үшін оны қадірлей білу ләзім. Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.у.) бір кісіге үгіт айтып жатып былай деді: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл:қҚартаймай тұрып жастық шақтың қадірін біл, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін біл, кедейліктен бұрын байлықтың қадірін біл, қысылтаяңнан бұрын бос уақытты қадірле және өлмей тұрып тірілігіңді ғанибет біл» (Хаким ән-Нисабури, «әл-Мустадрак», 2602-хадис).
Алла тағала "Қадір" сүресінде: «Қадір түні 1000 түннен қайырлы» дейді. Бұл сүреде Қадір түнінің қадірі уақытпен дәлелденіп отыр. Бұған қоса Құранда шайтанның Алла тағаладан ақыретке дейін ғұмыр сұрағандығы айтылады. Демек, шайтан уақыт сұрап жатыр. Ол уақыттың қадірін біліп отыр. Сондай-ақ, «'Аср» сүресінде ғасырға, яғни, уақытқа ант етіледі. Уақыттың қадірі болмаса, Хақ тағала онымен ант етер ме еді?
Уақытты қадірлеу турасында айтылған мына хадиске назар аударыңыздар:
Әнас ибн Мәлік риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Қиямет-қайым болып, біріңнің қолыңда құрма көшеті болса, қиямет орнамастан бұрын егіп үлгерсе ексін» (Бұхари).
Неткен ғажап! Пайғамбарымыз (с.а.у.) қиямет-қайым орнап жатса да адамзатқа пайдаңды тигізе алсаң, тигіз деп тұр ғой.
Қияметтің қашан орнайтыны бір Алла тағалаға мәлім. Тіпті одан бұрынғы уақытымыздың қалай өткенін Алла тағала білдірмесе, ешқашан біле алмайды екенбіз. Құранда ұйқыдан тұрған кісінің қанша уақыт ұйықтағанын білмеген бір адамның халі суреттеледі:
«Немесе сондай қабырғалары төбелеріне құлаған бір кент халқының қасынан өткен кісіні көрмедің бе? Ол: «Алла бұны өлгеннен кейін қайтып тірілтеді?», - деді. Алла оны жүз жыл өлтіріп, содан соң тірілтіп: «Қанша жаттың?», - деді. Ол: «Бір күн немесе күннің бір бөлігіндей уақыт жаттым» деді. (Алла:) «Олай емес, жүз жыл бойы өліп жаттың, енді тамағыңа сусыныңа бір қара! Өзгермеген. Ал, енді есегіңе қара! Сені адамдарға үлгі үшін осылай еттік. Ал енді сүйектерге қара! Оны қайтып құрастырып, сонан соң оған ет кидіреміз» деді. Бұл жағдайлар (оған) ашық білінгенде: «Сөзсіз Алланың әр нәрсеге күші жететінін білдім» деді» («Бақара» сүресі, 259-аят).
Дәл осындай жағдай үңгір иелерінің (асхабу кәһф) де басынан өтті. Құранда олардың 309 жыл үңгірде ұйықтағандары баяндалады («Кәһф» сүресі, 13-аят). Олар да ұйқыларынан оянғандарында қанша уақыт ұйықтағандарынан хабарсыз еді.
Секундтар, минуттар, сағаттар, күндер, айлар, маусымдар, жылдар және ғасырлардан тұратын уақыттың қалыпты бір жүйедегі айналымы бұл әлемнің аса білімді Жаратушы тарапынан жаратылғанын дәлелдесе керек. Хақ тағала былай дейді:
«Ол сондай Алла күнді шырақ, айды нұр етіп, жылдардың саны мен есепті білулерің үшін оған (айға) орындар белгіледі...» («Юнус» сүресі, 5-аят).
Адам баласының санасындағы уақыт күн, ай және жердің өзара қатынасымен ғана өлшенеді. Уақытты аталмыш үш дененің қимылы, өзара қатынасымен шектеуге болмайды. Уақыт ұғымы бұдан әлде қайда ауқымды.
«Расында, Раббыңның құзырындағы бір күн сендер есептеп жүрген мың жылға сәйкес келеді» («Хаж» сүресі, 47-аят) - деген Құран аяты да осыны аңғартса керек. Атақты физик Альберт Эйнштейн «Уақыттың салыстырмалылығы» (относительность времени) атты бір жаңалық ашып, кезінде әлемді таң қалдырған еді. Жоғарыдағы аятта 14 ғасыр бұрын Эйнштейннің жаңалығына ишара бар құсайды. Дегенмен, ғылымның кез келген жетістігін Құран Кәрімге негіздеуге асықпауымыз керек. Дұрысы, бір Алла тағалаға мәлім.
Ислам дінінде уақытпен тығыз байланысты құлшылық түрлері бар. Мәселен, намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты. Бұл құлшылықтардың уақытын анықтауда күн мен ай орасан зор көмегін тигізді. Алайда бұның да өзіндік қиындықтары болды. Мұсылмандар әсіресе бұлтты күндері қатты қиналды. Бұл жағдай мұсылмандарды сан алуан уақыт өлшеуіш құралдарын ойлап табуға итермеледі. Бұның айғақтары көп. Мәселен, ең алғаш механикалық сағат Харун Рашиттің халифалық кезеңінде, Бағдадта жасалыпты. Мұсылмандардың бұл жетістіктері олардың ілімге деген құштарлықтарының арқасында болды. Олар алғашқы аяты «Оқы» деп басталатын Құран кітапты шын мәнінде амалға асыра білген буын болып табылады. Кезінде олар Испанияда билік құрған тұста Батыстың шаң басқан кітаптарын аударып оқып, орта ғасырда шырқау кезеңдерін бастан өткергені рас. Олар «Уақыт қылыш сияқты. Сен оны кеспесең, ол сені кеседі» деген араб нақыл сөзін жете түсінген-ау, сірә.
Сондай-ақ, ол кезде уақыттарын қадірлеген ғалымдар да көп болғанға құсайды. Мәселен, солардың бірі Ибн Ақил ешқашан да уақытын бос өткізбейтін. Тіпті шаршаса да, дереу оймен шешуге болатын мәселелерге көшетін. Осыншалық еңбексүйгіштігінің арқасында Ибн Ақил 20 түрлі ғылым саласында құнды еңбектер жазып қалдырыпты.
Биік жетістіктерге жетуді мақсат тұтқан кісінің уақытын жүйелеуі ләзім. Біздің бұл мақаланы жазудағы көздеген мақсатымыз уақытты жүйелеуге байланысты практикалық кеңес беру емес, уақытты жүйелеудің маңызын түсіндіру еді. Бірақ, сонда да кітап оқуға қатысты бір ұсыныс айтсақ дейміз.
1848 жылы туылған Ханафи мәзһабының Абдулхай әл-Ләкнәуи атты ғалымы 1886 жылы 38 жасында дүниеден өтті. Ғұлама өзінің 38 жылдық өміріне 120-ға жуық ғылыми еңбек сыйғызыпты. Бұлай ету уақытын ұтымды пайдаланған кез келген кісінің қолынан келеді.
Ал енді біз шамамен 70 жас өмір сүреміз делік. Күніне 1 бет оқитын болсақ, бір жылда 365 бет оқуға болады. Бұл шамамен орта көлемді бір кітапқа тең келеді. Яғни аз болса да, бір беттен оқуды жалғастырсақ, жылына бір кітап бітіруге болады. 15 жастан кітап оқуға ден қойған бала 70 жасқа келгенше 55 жыл кітап оқиды. Демек, әлгі жас бала 55 кітап оқитын өмірі қалып тұр деген сөз. Құрметті оқырман, ал сіздің жасыңыз нешеде? Неше кітап оқитындай өміріңіз қалды? Айталық, жасыңыз 30-ға келсе, сіздің 40-ақ кітап оқитын өміріңіз қалыпты ғой. 40 кітап дегенің бір рет қана берілетін өмір үшін өте аз. Мейлі жоғарыда аты аталған ғалым құсап біз 120-ға жуық кітап жазбай-ақ қояйық. Біз сол 120 кітапты оқиықшы. Ендеше, 15 жастағы бала күніне бір бет емес, шамамен 2 беттен аса оқуы қажет. Ал жасы 30-ға жеткен кісі толық 3 бет оқуы керек. Бұл өмір бойы 120 кітап оқимын деуші адамның жоспары. Ал 120 кітап жазуды жоспарлаған кісі бұдан әлдеқайда көп оқуға тиіс. Қысқа өміріне 120 кітапты сыйғызған Абдулхай әл-Ләкнәуи қанша кітап оқыған екен? Әрине біз бұны біле алмаймыз. Алайда мына бір ғалымның іс-әрекетіне қараңызшы:
Наху (араб тілі синтаксисі) ілімінің ғалымы Әбу Бәкір әл-Хайят бүкіл уақытын ілімге берген кісі. Тіпті жол жүріп бара жатып та іліммен айналысатын. Кітап оқыған бойы жүріп бара жатып шұңқырға түсіп кеткен кезі де болған екен. Оның түнде тұрып іліммен айналысқысы келсе, қалғып кеткенде құлап қалмау үшін өзін орта белден байлап қоятындығы риуаят етіліпті.
Ұстаздарымыз айтушы еді: «Көп кітап оқыма, бір кітапты көп оқы» деп. Кітапты жақсы түсіну үшін бұның берер пайдасы мол екенін ақылды адам жоққа шығармасы анық. Отырардың тумасы әл-Фараби бабамыз Аристотельдің кітаптарын 100 реттен аса оқыған деседі. Нәтижеде Батыс Аристотельді түсіну үшін әл-Фарабиге жүгінді. Әрине көп оқумен барлық адам әл-Фараби сияқты ғалым болып кетпес. Бірақ, ғалым болғандар - кітапты көп оқығандар.
Уақытты жүйелеу тек кітап оқу үшін қажет емес. Жақындарымызбен қатынасымызда да уақытты жүйелеу қажет деп ойлаймыз. Себебі, әдетте күйбең тіршіліктің жетегінде кете беріп, айналамыздағы, тіпті қала берді ең жақын адамдарымызды ұмыт қалдыратынымыз ақиқат қой. Туыстық қатынасты нығайтуды мейлінше насихаттайтын Ислам дінінің өкілдері ретінде біздер бұл мәселеде салғырттық танытпауға тиіспіз. Ең алдымен, бізді адам етіп жаратып, бізге күніге 24 сағат уақыт сыйға тартқан Алла тағалаға уақыт бөлуге тиіспіз. Алла тағалаға уақыт бөлу - Оның бұйырғандарын уақытында орындау және тыйымдарынан дер кезінде қашу деген сөз. Содан соң әке-шеше, туған-туыс, әйеліңізге (күйеуіңізге), бала-шағаға, жора-жолдас және таныстарға кезегімен уақыт бөлу. Бұл аталған жақындарға уақыт бөлінбеген жағдайда арада суықтық пайда болатыны сөзсіз.
«Адамның бір қызығы бала деген...» демекші, балалы болуды кімнің болса да қалайтыны ақиқат. Алайда оның өзіндік жауапкершілігі де жоқ емес. Ол жауапкершілік - балаға тәрбие беру. Ал бала тәрбиелеу бір күндік іс емес. Жалпы адам тәрбиесі көп уақыт алатыны белгілі. Құран Кәрімде Мұса (ғ.с.) пайғамбардың өз қауымын Алла тағаланың әміріне бағынбаған соң, Сина сахарасында арлы-берлі 40 жыл бойы жүргізгені айтылады («Мәида» сүресі, 26-аят). Бұл оқиға қазақтың «елу жылда ел жаңа» деген тамаша сөзін еске түсіреді. Яғни, Алла тағала әлгі күнәһар қауымды тәрбиелеуді мақсат тұтты. Ақыры шөлдің шыжғырған ыстығынан қайраттанған қауым тарихқа Дәуіт (ғ.с.) пайғамбардай қайратты ұл сыйлады. Ол өз қауымы жіберген қателікті жөндеді. Міне, бұл тәрбиенің жемісі. Сіз де балаңыздың тәрбиелі болғанын қаласаңыз, оның тәрбиесіне көңіл бөліңіз. Кім де кім өз уақытын баласының тәрбиесі үшін жұмсаған болса, онда ол ертеңгі күні тәрбиесіз баланың келтірер зардабынан аман болады. Алтын уақыттарын интернет-кафелерде өткізуді әдетке айналдырған бүгін-гі тепсе темір үзетін жастарымызға көп кітап оқуға әуес болған Жахиз бен Ибн Рушд атты екі ғалымның әрекеті үлгі болар деген үміттеміз.
Жахиз кітап сатып алатын ақшасы болмағандықтан кітап дүкендерін түнемеге жалға алып, азанға дейін зерттеу жұмыстарын жүргізетін-ді. Ал Андалусиялық Ибн Рушд үнемі кітап оқитын. Кітап оқымай өткізген екі ғана түні болған деседі: бірі үйленген түні, екіншісі әкесі қайтқан түн.
Дініміз Ислам ысырапшыл-дыққа оң көзбен қарамайтындығы иісі мұсылманға мәлім. Ысырап-шылдық нығмет атаулы барлық нәрседе орын алады. Уақыттың ең үлкен нығметтердің бірі екендігін жоғарыда айттық.
«Жеңдер, ішіңдер, ысырап етпеңдер. Расында Ол (Алла) ысырап етушілерді сүймейді» («Ағраф» сүресі, 31-аят), - деген аятқа сәйкес дінімізде кез келген нығметті ысырап етуге тыйым салынады.
Ибн Аббастан (р.а.) риуаятында: «Алла елшісі (с.а.у.) айтты:
«Адамдардың көбісі қолдан жіберіп алған екі нығмет бар: бірі денсаулық, екіншісі бос уақыт» (Бұхари).
Ысырапқа қатысты жоғарыдағы аят-хадистерге қанық болып өскен Әш-Шайх Фахруддин: «Алла тағалаға ант етемін тамақ ішіп жатқанымда іліммен айналыса алмағаным үшін өкінемін» - деп тамақтануға жұмсалған уақыты үшін өкінішін білдірген.
Адам баласы уақытын ысырап етпей ұтымды пайдалана білгенде ғана көздеген мақсатына жете алмақ. Бұл үшін Алла тағалаға иман еткен мұсылман болу да шарт емес. Алла тағаланың көркем есімдерің бірі - Рахман. Бұл сөзді «Аса Қамқор» деп қазақшаға аударып жүрміз. Аса Қамқор Алла тағала бұл пәни дүниеде мұсылман болсын, болмасын, күллі адамзатты қамқорына алады. Ислам ғұламалары «Рахманға» осылай мағына беріп жүр. Демек, осы дүниеде еңбек еткен кез келген дін өкіліне әділетті Алла тағала еңбегінің жемісін береді.Тарих беттеріндегі таңдай қақтыратын мына оқиғаларға назар аударыңыздар:
Доктор Бурней музыка пәнінен дәріс беру үшін бір оқушысының үйінен екінші оқушысының үйіне барар жолдағы уақыттың өзін пайдаға асырып, атының үстінде француз тілі мен итальян тілін меңгеріпті.
Кез келген сәтсіздікте мойымайтын Абрам Линкольн бала кезінде бір шаруаның көмекшісі болып жұмыс істейді. Жайып жүрген малдарын тынықтырар уақытты ұтымды пайдаланған ол кітап оқып жүріп, біраз оқу орындарын сырттай оқып бітірген екен. Кейінірек ол бір асханада жұмыс істеп жүріп, қолы босай қалғанда кітабын парақтап оқи жөнелетін. Ол сөйтіп жүріп, алғашында лицейді, содан кейін Құқық факультетін тәмамдап, Баро сынағынан өтіп, адвокаттық қызметке кірді. Міне, осындай ерен еңбегінің арқасында Абрам Линкольн АҚШ-тың 16-президенті болып сайланды.
Әрине, ең үлкен жетістік - Алла тағаланың разылығы. Алайда, Алла тағаланың разылығына жету үшін де осы дүниедегі уақытты Оның разылығына сай дұрыс пайдалану керек. Бес күндік дүниедегі дәм-тұз таусылған соң, яғни бізге берілген уақыт біткеннен кейін басқа мүмкіндік берілмейтінін ұмытпаған жөн. Бұл жайында Құран кәрімде былай делінген: «Ақыры олардың біріне өлім келген сәтте: «Раббым! Мені дүниеге қайтара көр. Мүмкін мен қалдырған дүниеде жақсы амал істермін». Әсте олай емес. Ақиқатында бұл оның айтқан бос сөзі. Өйткені, олардың артында қайта тірілетін күнге дейін бөгет бар» («Муминун» сүресі, 99-100-аят).
ТҮЙІН: Уақыт - мұсылман дүниетанымында қадірлі ұғым. Уақыт - Алла тағаланың мақұлығы. Адамзат уақытқа тәуелді. Уақыт адам баласының санасына сыймайтындай дәрежеде кең. Алла тағала білдірмесе, қанша уақыттың өткенін пенде біле алмайды.
Адам өз өміріндегі талай белестер мен асуларды бағындыра алады. Ол үшін уақытын ұтымды пайдалана білуі һәм уақытты жүйелеуі ләзім.
Уақытты ысырап етуге дініміз қарсы. Осы орайда хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:
«Өмірін қалай өткізгені, ілімін қайда жұмсағаны, мал-мүлкін қайдан тауып, қай жаққа салғаны және тәнін қалай қолданғаны жайлы пенде жауапқа тартылмайынша қиямет күні аяғын аттап баспайды» (Тирмизи). Яғни, осы нәрселер жайлы сұрақ-жауаптан өткеннен кейін ғана адам жәннат немесе тозаққа жол тартады екен. Алла тағалам өзінің әділ сотының алдында сүрінбей өтуімізді жазғай.