«Егер әлде біреулеріңнің бір үзімі түсіп кетсе...»
«Егер әлде біреулеріңнің бір үзімі түсіп кетсе...»
2 ай бұрын 3145

أنَّ رَسولَ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عليه وَسَلَّمَ كانَ إذَا أَكَلَ طَعَامًا لَعِقَ أَصَابِعَهُ الثَّلَاثَ، قالَ: وَقالَ: إذَا سَقَطَتْ لُقْمَةُ أَحَدِكُمْ فَلْيُمِطْ عَنْهَا الأذَى وَلْيَأْكُلْهَا، وَلَا يَدَعْهَا لِلشَّيْطَانِ، وَأَمَرَنَا أَنْ نَسْلُتَ القَصْعَةَ، قالَ: فإنَّكُمْ لا تَدْرُونَ في أَيِّ طَعَامِكُمُ البَرَكَةُ.

الراوي : أنس بن مالك | المحدث : مسلم | المصدر : صحيح مسلم

 Сахаба Әнәс ибн Мәліктен (р.а) жеткен хадисте ардақты сахаба былай әңгімелейді: 

«Шынында Алла елшісі (с.а.у.) тамақ жеген кезде үш саусағын жалайтын және былай деуші еді: «егер әлде біреулеріңнің бір үзімі түсіп кетсе, одан зиянды нәрсені кетірсін де жесін. Оны шайтанға тастамасын» дейтін. Сондай-ақ, ыдыстың (табақтың) түбін сүртіп, жалап қоюды да бұйырушы еді». Хадис, «Сахих Мүслім».

1) Аталмыш хадисте сахаба Әнәс ибн Мәлік (р.а) Алла елшісінің тамақ жеп болғаннан кейін үш саусағын жалайтынын білдіріп отыр, олар - бас бармақ, сұқ саусақ және ортаңғы саусақ. Пайғамбарымыз осы үш саусағымен тамақ жейтін. Артынан сүртпей тұрып, саусақтарын жалайтын болған сосын барып қолын жылы сумен жуатын. Ол (с.а.у.) бір хадисінде: «Егер тамақ жеген болсаңдар қолдарыңды сүртпей тұрып жалаңдар не жалатыңдар» дейді. Өйткені тамақтың берекесі сол саусақтағы қалдықта болуы мүмкін.

Осы тұрғыда, қолмен тамақ жеудің де өзіндік пайдасы бүгінде дәлелденген. Ал бұл он төрт ғасыр бұрын Исламның тамақ жеу әдебінде «сүннет» амал болып қалыптасқан еді. Және де үш саусақпен жеу - қанағаттылық пен шүкіршілікті және байсалдылықты білдіреді, себебі үш саусақпен аз тамақ алынады, ал бес саусақпен жейтін болсақ, екі-үш қасық тамақты бірден алған боламыз, бұл қомағайлықты тудырады. 

2) Хадистің жалғасында Пайғамбарымыз (с.а.у.): «егер әлде біреулеріңнің бір үзімі түсіп кетсе, одан зиянды нәрсені кетірсін де жесін. Оны шайтанға тастамасын» деген. Нанның үзімі немесе жеп отырған тамағынан бір бөлігі түсіп қалса, оны қоқысқа тастамай, қағып, үрлеп, қылшығын тазалап, жегені ұнамды іс, олай істеу - тамақ жеу әдептеріне жататындығын ұғынып отырмыз. Біздің қазақта «нан қоқымын жесең бай боласың» деген сөздер де осындай әдептен шықса керек. Дастархандағы нанның қоқымдарын тастағаннан гөрі, оларды жеген абзал, өйткені астың берекесі сол қоқымда болуы мүмкін.

 

3) Хадистің соңында тағы бір сүннет амалы баяндалған, ол тамақтың түбін сүртіп, жалап қою. Пайғамбарымыз (с.а.у.) тамақ салған табақтың түбінде тамақтың қалдығын қалдырмай тазалап, сүртіп жеп қоюды үйретуде. Өйткені, тамақтың берекесі түбінде делінген. Оның үстіне ысырап болмайды. Тамақты аз, өзіне жетерліктей салғызып, артынан табақтың түбін жалап қойған абзал. Осы сүннет амалды бүгінде көпшілік ұмыт қалдырған. 

Демек жоғарыдағы хадистен біз төрт сүннет амалын үйреніп отырмыз, олар келесідегідей:

  1. Тамақты үш саусағын қолдана отырып қолмен жеу;
  2.  Тамақ жеп болғаннан кейін қолын жумай тұрып немесе сүртпей тұрып жалау;
  3. Жерге нан немесе тамақ түсіп кетсе, алып тазалап жеу;
  4. Тамақ салынған табақтың немесе қазанның түбін сүртіп, тазалап жалап қою.

Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!

 

0 пікір