Дертке шипа аяттар
Дертке шипа аяттар
7 жыл бұрын 16137 ak4.picdn.net
Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы, философия ғылымының кандидаты

Адам баласы жер бетіндегі ең абыройлы жаратылыс. Бұл пікірді адамзат тарихындағы барлық діндер құптайды. Соның ішінде исламда да адам баласының орны ерекше көрсетілген. Құран Кәрімнің Маида сүресінің 32-аятында: «Кімде-кім бейкүнә бір адамды өлтірсе, барлық адамзатты өлтіргенмен тең, кімде-кім бір адамның өмірін құтқарса барлық адамзатты құтқарғандай..» деген мағынадағы аят Алла Тағаланың алдында адам өмірінің қаншалықты қымбат екендігін білдіреді.

Осы орайда адам баласының сырқаттанған кезде шипа іздеуі діннің қағидаларына қайшы емес, керісінше міндет болып табылады. Пайғамбарымыздан жеткен хадисте: «Алла Тағала ауруды да оның дауасын да берген. Әрбір ауруға бір дауа берген. Олай болса емделіңдер. Бірақ, харам нәрселермен емделмеңдер» (Әбу Дәуіт, Тыбб, 11, 3874) деп бұйырады. Демек, емделу, шипа іздеу Алланың берген аманатын, жанын сақтау маңызды.

Қандай да бір дертке шалдыққан адам аурудан айығу жолдарын іздеп шарқ ұратыны түсінікті. Кейде тіпті бақсы-балгерлерге, тәуіптерге, көріпкелдерге де көмек сұрай барып жататын жағдайлар жиі кездеседі. Осы орайда қандай жолдармен емделу тиімді немесе діни тұрғыда не нәрсеге рұқсат етіледі деген сұрақ туындайды.

Бұл мәселеге діни тұрғыдан қарайтын болсақ, пайғамбар дәуірінен бері келе жатқан емдеу тәсілдері бар. Мысалы, хижама жасау, қара зере майын қолдану, балды пайдалану т.б. Негізінде адамның ауруына шипа беруші - тек қана Алла Тағала. Алайда кейде шипаны Алла Тағала белгілі бір себептерге байлап қоюы мүмкін. Сондықтан, емделу шарттарын орындап, шипаны Алладан күту ең басты мәселе. Сонымен қатар, аурудан айығатынына, емделетіндігіне сенім, жақсы ниет, талпыныс та маңызды. Бұл дінімізде «дұға» деп аталады. Бұлардың қатарына Алладан тілеу, жалбарыну, шипа ниетінде Құран аяттарын оқу, шипа дұғаларын оқу, аяттар жазылған, дем салынған ішірткілерді ішу т.б. Құранда бұған да көптеген мысалдар бар.

Құранның тікелей шипа көзі екендігіне қатысты көптеген аяттар бар. Тәуба сүресі 14; Юнус сүресі 57; Исра сүресі, 82; Фуссилат сүресі, 44; Шуара сүресі, 80; Нахл сүресі 69 т.б. аяттарға әрі материалдық әрі рухани науқастың шипасы ретінде келтіріледі. Бұл аяттарды құптайтын пайғамбар хадистері де баршылық. Тіпті пайғамбардың (с.а.у.) шипаға, емделуге қатысты хадистері (Тыббун-Нәбәуи) "Пайғамбар медицинасы" деген атаумен хадис жинақтарынан ерекше орын алғанын білеміз. Мысалы Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Дауаның ең қайырлысы – Құран» (Ибн Мажә, Тыбб, 28),  «Мына екі нәрсеге көңіл бөліңдер: Құран және бал» (Ибн Мажә, Тыбб ), «Құранмен шипа іздемеген адамға Алла шипа бермейді» (Рази, Тәфсир, ХХІ, 34 б.), «Фатиха сүресі не үшін оқылса да оған пайдасы тиеді. Онда әртүрлі дауа бар» (Ажлуни, Кәшфул-Хафа, ІІ, 106-108 бб.) деген хадистерін келтіруге болады.

Сахаба Әбу Сайд әл-Худри, жылан шаққан бір тайпа басшысына Фатиха сүресін оқып, жақсаруына себеп болғандығына қатысты риуаят та бар (Куртуби, Тәфсир Х, 312 б.). Демек, шипа мақсатында Құраннан дұғаларды оқып дем салу да исламда маңызды шипа саналады. Исламнан бұрын арабтар арасында кеңінен таралған дұғалық (тұмар) та белгілі шарттарда қолданылуына тиым салынбаған. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Маған тұмарларыңды (дұғалық) көрсетіңдер, ішінде серік қосу бар ма, жоқ па көрейін, егер серік қосу жоқ болса онда ешқандай сөкеттік жоқ» (Әбу Дәуіт, Тыбб, 3886). Ислам ғалымдары жазылған дұғалықтардың мына шарттарда рұқсат етілетіндігін айтады. Ибн Хажар үш шарт қосады: Алланың сөзі, Оның есімдері мен сипаттары оқылса не жазылса, арабша немесе түсінікті тілде жазылған болса, дұғалық оқытқан не жаздырған адамның шипаны Алладан күтуі. Егер осы шарттар орындалмай, тылсым белгілер қолданылатын болса, оған тиым салынған (Ибн Абидин, Рәддул-Мұхтар, VI, 363-364 бб.)

Осы айтылған рухани дауа жолдарымен қатар, тікелей физикалық дауа жолдарына да жүгінуге болады. Солардың ішіндегі ең бастыларының бірі «Хажама» арқылы, сүлік салдыру жолдармен емделу. Мысалы, хижама жасатуға қатысты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен көптеген хадистердің арасында: «Хижама жасатқан құл, қандай жақсы құл, (арам) қанын шығарады, белі жеңілдейді, көзі ашылады» деген мағынадағы хадис те бар. Бұл тәсіл Исламнан бұрында болған, алайда пайғамбарымыздың өзі басынан және екі жауырынының ортасынан хижама жасатқандығына қатысты мәліметтер бар. Сондықтан, шипа мақсатында денеге әртүрлі жолдармен ықпал ету де исламда құпталады. Әрі Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Емделу жолдарының ең жақсысы хижама жасату» (Бұхари, Тыбб, 13) деп бұйырады. Тіпті кейбір харам саналатын заттардың егер шипасы болатындығы нақты белгілі болса оған Ханафи мазһабымызда рұқсат етілгендігін де айта кету керек. Алайда ең алдымен адал жолдарға жүгінген абзал.

Қорыта айтқанда, исламдағы ең маңызды адам және оның денсаулығы болып табылады. Алайда денсаулықты сақтау, әртүрлі арам етілген нәрселерден қорғау керек. Ал Алла тарапынан ауру келген жағдайда оның жолдарын қарау, сол Алланың берген шипа себептеріне жүгіну де адамдар үшін міндет.

1 пікір