Даннинг-Крюгер эффекті: «бәрін білгіштер» нені білмейді немесе біліктіліктің иллюзиясы
Даннинг-Крюгер эффекті: «бәрін білгіштер» нені білмейді немесе біліктіліктің иллюзиясы
5 жыл бұрын 2175 bilim-all.kz

Адам неғұрлым көбірек біле түскен сайын өзіне білімі соғұрлым таяз болып көрінеді (Сократқа телінетін «Мен ештеңе білмейтінімді білемін» сөзін есіңізге алыңыз). Бұл заң керісінше қолдануға да жарайды: адам неғұрлым аз білген сайын, ол білімінің тереңдігіне және оның шексіздігіне соғұрлым сенімдірек болады. Бүгін өзін өзі асыра бағалаудың когнитивтік тұрғыда бұрмалануы және білімдарлық иллюзиясы — Даннинг-Крюгер эффекті туралы мақаланы аударып қойдық. Knowing Neurons бас редакторы Кейт Фейлхабермен бірге кей кісілердің неге өзінің шеберлігін, когнитивтік қабылетін және танымалдылық деңгейін тиісінше бағамдай алмайтыны, бұның салдары қандай болуы мүмкін екені және шынымен білімдар, білікті адамдарды басқалардан не ерекшелейтіні туралы мәселенің басын ашамыз.    

1995 жылдың бір күнінде орта жастағы дені сау ірі денелі ер кісі тапа-талтүсте Питсбургтың екі банкін тонап кеткен. Оның таққан беттұмшасы немесе жүзін жасыратын басқа да заты болған жоқ, ол әр банктен шығар кезінде бейнебақылау камераларына қарап жымиған. Сәл кейінірек, сол түнде, полиция қатты таңданған қылмыскер Макартур Уилерді құрықтады. Оған камералардың жазбасын көрсеткенде, ол қалай болғанына миы жетпей жазбаға қарап отырып қалды.  

«Менің үстімде шырын болған еді ғой», — деп ол міңгірледі.  

Уилер теріге лимон шырынын жағып алу оны бейнебақылау камераларына көрінбейтін етіп тастайды деп ойлаған сыңайлы. Лимон шырыны көрінбейтін сия ретінде пайдаланылады емес пе, осы себепті Уилердің ойынша, жылу қайнар-көзінің жанында тұрғанда ол көрінбейтін болуы тиіс еді.    

Полиция Уилердің есі ауыспаған және есірткіге пәңгіп тұрмаған — ол бар болғаны қателесті деген тұжырым жасады.

Бұл оқиға туралы білген Корнелл университетінде істейтін Дэвид Даннинг, өзінің аспиранты Джастин Крюгермен бірлесіп, не болғанын анықтап көруге тырысты.   

Олар адамдардың барлығы дерлік өздерінің әрқилы әлеуметтік және интеллектуалдық салалардағы қарым-қабылеттерін оңды бағалайды, кейбіреулері ол қарым-қабылеттерін асыра бағалауға бейім тұрады деп пайымдады.  

Бұл сенімділік иллюзиясы бүгінгі таңда «Даннинг-Крюгер эффекті» деген атаумен белгілі және өзін асыра бағалауда когнитивтік тұрғыда қателікті сипаттайды.

Бұл құбылысты зертхана жағдайында зерттеп көру үшін Даннинг пен Крюгер бірнеше сынақ ойлап тапты. Бір зерттеуде олар студенттерге грамматика, логика және юмор туралы сұрақтар қойып, сосын әр респонденттен өзінің нәтижелеріне жалпы баға беруді, сондай-ақ өздерінің басқа студенттермен салыстырғандағы салыстырмалы рейтингін бағалауды өтінді. Танымдық тапсырмаларда ең нашар нәтиже көрсеткен студенттер әрдайым нәтижелері жақсы болады деп, өздерін асыра бағалап отырғаны қызық. Сондай-ақ керісінше болып отырды — өздерін төмен бағалаған оқушылар тапсырмаларды зерттеуге қатысқандардың үштен бірінен жақсы орындаған.  

Бұл «сенімділік иллюзиясы» университеттен тыс салаларды да қамтиды және шынайы өмірді де жайлайды.

Келесі зерттеулерінде Даннинг пен Крюгер зертханадан шығып, мылтық атып машықтанатын жерге барды. Ол жерде олар мылтық атуға әуестенетіндерден қарудың қауіпсіздігі туралы сұрап білді. Олардың алдыңғы нәтижелері сияқты сұрақтарға дұрыс жауапты ең аз бергендер өздерінің атыс қаруы жайындағы білімдерін асыра бағалады.

Нақты білімдер аясынан тыс жерде Даннинг-Крюгер эффектін адамдар өздерінің жеке басының көптеген қарым-қабылеттерін бағалауынан да көруге болады.

Егер сіз дарындылар шоуын көрсеңіз, кастингтен өте алмай, қазылар кері қайтарған шоуға қатысушылардың бет-жүзінен шокты байқай аласыз.  

Адамдар жалған үстемдігі арқылы өздерін соншалықты шатастырып жүргені қызықты көрінуі мүмкін.  

Бізге өзіміздің қарым-қабылетімізді асыра бағалап жіберу тән екені сөзсіз. Бір зерттеу көлік тебетіндердің 80% өздерінің көлікті жүргізу дағдыларының орташадан жоғары бағалағанын көрсеткен, бұл статистикалық тұрғыда мүмкін емес. Адамдар өздерінің танымалдылығын және когнитивтік қабылетін бағалағанда да осындай үрдіс байқалады.

Мәселе адамдар біліксіз болған кезде қате ой түйетіндігінде ғана емес, сонымен қатар, олар өздерінің қателерін көріп-білу мүмкіндігінен айырылып қалғандығында.  

Семестр бойы созылған бір зерттеу үлгерімі жақсы оқушылардың, бұрынғы алған бағаларын негізге ала отырып, өздерінің нәтижесін жақсы болжай алғанын көрсетті. Алайда, үлгерімі нашар оқушылар, оқытушылардың анық әрі талай рет берген теріс бағаларына қарамастан, өздерінің проблемалары бар екеніне келіспей қойған. Абдырап-сасу, қайран қалудың немесе өздерінің дұрыс істеп жүрмегені жайында ойланудың орнына дымбілмес студенттер өздерінікі дұрыс екенін айтып тұрып алған.  

«Адамның шығу тегі» (1871) кітабында Чарльз Дарвин жазғандай:

«Надандық білімнен гөрі сенімділікті жиірек тудырады».

Өздерінің классикалық зерттеуінде Даннинг пен Крюгер шынымен ақылды адамдар өздерінің қарым-қабылеттерін дәл бағалауға қауқарсыз болатынын бақылап көре алды. Когнитивтік көрсеткіштері жоғарғы квартильде ( жоғарғы квартиль — статистикалық зерттеулерде мәндері барынша жоғары деректер жиынтығының бір бөлігі) болған студенттер өздерінің салыстырмалы түрдегі білімдарлығын жете бағаламаған. Ондай студенттер, егер тапсырмалар оңай болса, онда олар барлық студенттер үшін де оңай болады, деп ойлаған.  

Бұл «өтірік иесі синдромы» делініп жүрген нәрсе және оны көрсеткіштері жоғары оқушылар өздерінің дарыны барын анықтай алмай, басқаларды да білікті деп ойлайтыны кезінде байқалатын Даннинг-Крюгер эффектінің тағы бір қырымен салыстыруға болады. 

Айырмашылығы сол, біліксіз адамдарға қарағанда шынымен білімдар адамдар басқалардың сынауынан қашпайды және сәйкесті кері байланыс бойынша өздік бағасын түзетіп отыруға қауқарлы.

Банк тонаушының ессіз әрекетінің себебі осында жатыр. Кей кездері біз жақсы нәтижеге жеткізетін нәрселерді жасаймыз, бірақ кей кездері біздің ойлап табатынымыз — лимон шырынын үстімізге төгу идеясы секілді — жаңсақ, қисынға келмейтін, жөнсіз немесе барып тұрған ақымақтың қылығы.  

Абзалы, өзіңді басқадан артықпын деген иллюзияға алданып жүре бермей, өзіңнің білімдарлығыңды жүйелі түрде қайта қарап, сыннан өткізіп отыру.

Әрі-беріден соң, Конфуций айтпақшы,

«Нағыз білім — өз надандығыңның деңгейін білу».

Дереккөз: aeon.co «What know-it-alls don’t know, or the illusion of competence»

0 пікір