«Бүгінге дейін ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Бастысы, жүрегім таза. Намазды оқымасам ештеңе етпес?»
«Бүгінге дейін ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Бастысы, жүрегім таза. Намазды оқымасам ештеңе етпес?»
3 жыл бұрын 4472

Өкініштісі, осындай ойдағылар да бүгінде көптеп кездеседі. Әрине, бұған Ислам жайлы көп білмегендік итермелеуде. Алдымен «жүрегім таза» деп бек сену, өзіне-өзі сенімді болу және намаз оқығандарды жүректері лас деп білу үлкен қателік. Өйткені дініміз әр мұсылманға мысқалдай тәкаппарлығы жоқ, қарапайым болуды бұйырады.

Екіншіден, жүрегінің таза екенін әркім өзі емес, оны басқа адамдар айтуы керек. Әрине, ешкім өзінің кемшілігін көре алмайды. Және де Раббымыз намазды тек жүрегі лас адамдарға бұйырған жоқ, намаз барлық адамдарға парыз етілді. «Жүрегім таза деген» адам соны намаз оқып дәлелдесін.

Бұрын-соңды адамзаттың ішіндегі ең жүрегі таза адам хазірет Мұхаммед (с.а.у.) болғаны күмәнсіз. Алла оны күнә атаулыдан Өзі қорғаған. Сол пәк пайғамбар (с.а.с.) бәрімізден артық намаз оқитын. Намаз құлдың Жаратқан Иесіне деген шүкіршілігінің белгісі деп білетін Алла елшісі (с.а.с.) кей күндері таң ағарғанға дейін түнімен намаз оқитын.

Тіпті аяқтары ісініп кететін. Бұны көрген Айша анамыз (р.а.): «Уа, Расулаллаһ (с.а.с.)! Алла Тағала сізді барша күнә атаулыдан сақтамап па еді, осынша таусыла намаз оқығаныңыз қалай?» – деп сұраған кезде Пайғамбарымыз (с,а.с.):

«Аллаға көп шүкіршілік еткен құл болмаймын ба?»[1]– деп шүкіршіліктің асыл мәнін ашып берген болатын.

Әбу Хұрайра (р.а.) риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Жұмаққа жүректері құстың жүрегіне ұқсас адамдар кіреді» деген.

Ғалымдардың айтуынша, олардың жүректері бейне бір құстың жүрегіндей дір-дір етіп, Алланың бұйрықтары мен тыйымдарына аса сақтықпен қараған әрі әрдайым Аллаға тәуекел еткен жандар. Әрине, мұндай құлдардың намаз оқымай, тек жүрек қорқынышымен жүруін айту мүмкін емес.

Абдуррахман ибн Сахрдан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.):

«Шын мәнінде, Алла тағала сендердің сыртқы дене-бітімдеріңе, түр-тұрпаттарыңа емес, жүректерің мен амалдарыңа қарайды. (Соған қарап сауапқа бөлейді)» – деген.

Бұл хадисте жүрекпен бірге амалдың қатар тұруы да тегін емес. Құранның көптеген жерінде «иман етіп, амал қылғандар» деп жиі айтады. Өйткені иман ету деген сөз Исламның барлық бұйрықтарын орындаймын деген сөз. Демек, жүректің тазалығы шынайы имандылықпен, парыздарды өтеумен, салиқалы амалдарды орындаумен белгілі болмақ.

Нұрлан Сайлауұлы, Еркебұлан Ыбырайымұлы, «Намаз діннің тірегі».


[1] Бухари, Таһажуд, 16, Тирмизи, Салат, 304

 

0 пікір