«Біз Алла елшісімен сапарда болғанда, аузы ашықтар, аузы жабықтарды, аузы жабықтар аузы ашықтарды айыптамайтынбыз».
«Біз Алла елшісімен сапарда болғанда, аузы ашықтар, аузы жабықтарды, аузы жабықтар аузы ашықтарды айыптамайтынбыз».
3 сағат бұрын 237 islam.kz/
Хадис тағылымы

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай әңгімелейді:

«Біз Рамазан айында Алла Елшісімен бірге сапарға шығатынбыз. Сонда ораза ұстағандар аузы ашық жүргендерді, ал аузы ашықтар ораза тұтқандарды айыптамайтын» («Муттафақун аләйһ» — Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).

Хадистің жалпы мағынасы:

1. Жолаушының үкімі

Бұл хадис сапарда жүрген адамға ораза ұстау міндет пе, әлде жоқ па деген сұраққа жауап беруде. Жолаушыға ораза ұстау міндет емес, ол өз еркінде. Егер шамасы келсе — ұстайды, ал егер қиындық пен шаршау сезінсе — ұстамайды. Алла Тағала Құранда: «Кімде-кім ауру немесе сапарда болса, басқа күндері (қазасын) өтесін. Алла сендерге жеңілдік қалайды, қиындық қаламайды» деген («Бақара» сүресі, 185-аят). Пайғамбарымыз да басқа бір сөзінде: «Алла Өзінің берген жеңілдіктерінің (рұқсаттарының) орындалғанын жақсы көреді»,— деп айтқан.

2. Жазылуы үміт етілетін науқас:

Мұндай науқастардың үкімі де жолаушымен тең. Егер ораза тұту денсаулығына ауырлық келтірсе, аузын ашуына рұқсат. Дертінен айыққан соң, өткізіп алған күндерінің қазасын өтейді. Бұған жоғарыдағы аят дәлел.

3. Созылмалы ауруға шалдыққандар:

Егер науқастың дерті созылмалы болып, айығуы неғайбыл болса, онда ол аузын ашады. Мұндай жағдайда адам өткізген әр күні үшін бір міскінді (кедейді) сапалы бидайдан бір «мудд» (шамамен 600 грамм) мөлшерінде тамақтандыруы (фидия беруі) қажет.

4. Қарт адамдардың үкімі:

Ораза ұстауға шамасы келмейтін қарт адамдар да созылмалы науқастар секілді аузын ашып, әр күн үшін бір кедейді тамақтандырады. Ал егер қарт адам алжыған немесе есі кіресілі-шығасылы күйге жетсе, оның мойнынан құлшылық міндеті түседі. Ондай жағдайда ораза ұстау да, тамақтандыру да міндетті емес.

Хадистен алынатын тағлым:

  • Сапарда қиналған жолаушыға ауыз ашуға рұқсат, бірақ кейін қазасын өтейді.

  • Ораза ауырлық келтіретін науқасқа ауыз ашуға болады, жазылған соң қазасын өтейді.

  • Ораза ұстай алмайтын созылмалы науқастар мен ораза ұстай алмайтын қарттар ораза ұстау міндеттемелерін әр күні үшін фидия беру арқылы өтейді.

  • Ақылынан алжасқан қарт адамдарға құлшылық міндеттелмейді.

Насихат:

Ей, өз тағдырына бейжай қараған жан! Сен ғапылдық теңізінде жүзгенде, ынталы жандар сенен озып кетті. Түн ішінде тұрып, тәубе жасап, Тәңіріңе жалбарын. Егер ақыретті қаласаң, мына дүниенің алдамшы ермегін бір шетке ысырып, тәубе есігіне кел1.

1 «Ар-Рақаиқу уәл Әхкаму аля ахәдис сыйям».

 

0 пікір