Батыс мәдениеті - исламға қарыздар
Батыс мәдениеті - исламға қарыздар
11 жыл бұрын 6786 Nadiia Korol/shutterstock
Қайрат Аңсари

«Жер домалақ па, төрт бұрышты ма, жоқ әлде мидай жазық па? Жер күнді айнала ма, жоқ күн жерді айнала ма?» деп батыс алашапқын болып жатқан кезде жердің домалақ екендігін, күннің жерді айналатындығын Х ғасырда-ақ Әл-Бируни сынды мұсылман ғалымы дәлелдеген болатын.

Ал батыс елі Х ғасыр емес, XVI ғасырдың орта шеңінде де жердің  домалақ екендігін дәлелдемек болған Коперник, Галилео Галилей сынды ғалымдарын Інжілдің қағидаларына қайшы деген желеумен шіркеудің инквизиция сотына салып, өртейміз деп қорқытып пікірлерінен айнуға мәжбүр етсе, италияның ғалымы Бруноны пікірінен қайтпағаны үшін шімірікпестен тірідей өртеп жіберді. Орта ғасырлардағы батыстың ғылымға деген осындай жабайы көзқарасына қарамастан, соңғы  ғасырларда ғылым мен технологияда үлкен жетістіктерге жеткендіктері себепті философия мен тарих көбіне евроцентристік көзқараста жазылып, бүкіл мәдениет пен философияның «атасы» европалықтар болып шыға келді.

Бұл көзқарасты қалыптастырғандықтары соншалық, қай қоғамда болмасын әлі күнге осы жаңсақ пікір жетегінде жүргендер баршылық. Мәдениет, білім, тарих кітаптарында мұсылман ғалымдарының аттары тіптен ескерілмеді. Мұсылман мәдениетінің ең бір гүлденіп, шарықтау шегіне жеткен алтын дәуірі әдейі бүркемеленіп, орта ғасырды европалықтар «қараңғылық дәуірі» деп атаған-ды.

Қазіргі таңдағы ғылымның дамуына батыстың қосқан үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда батыстың осындай деңгейге көтеріліп, ғылым мен технология саласындағы көптеген жаңалықтарға қол жеткізуінде мұсылман ғалымдарының үлесі өте зор болғандығы анық. К.В. Бодлейдің айтқанындай: «Қазіргі батыс мәдениеті ренессансқа, ренессанс өз кезегінде исламға қарыздар».

Тарихқа үңілсек, батыс ғалымдарынан бұрын мұсылмандардың көптеген ғылымның негізін қалап, талай-талай жаңалықтарды ашқанына куә боламыз. Мысалы, алгебра ғылымының негізін қалаған «Әл-Жабр» атты мұсылман ғалым. Бұл ғылым сол кісінің атымен «Алгебра» деп аталуда. Алғашқы күн сағатын ойлап тапқан орта ғасыр астрономия және математика ғалымы Жабир ибн Әфлаһ та мұсылмандардан еді.

Химия саласының атасы Жабир ибн Хаййан (721-805) «метерияның ең кішкентай бөлшегі атомда тығыз энергия бар. Грек ғалымдарының айтқанындай атом бөлінбейді деу дұрыс емес. Бұл да бөлінеді. Ал бөлінген жағдайда Бағдаттың күл-талқанын шығаратындай күш пайда болады. Бұл Аллаһтың құдіретінің нышаны» деп атом бомбасы жайлы алғаш түсінік берген. Зоология ғылымының алғашқы ұстаздарынан Жаһиз негізгі аты Әбу Осман Амр ибн Бахр және сегіз ғасыр бұрын автоматтық жүйені алғаш ойлап тапқан Жәзари (1136-1206), европалықтардан 400 жыл бұрын «Хайатул-Хайауан» атты зоология эниклопедия кітабын жазған Демири (1349-1405) негізгі аты Мұхаммед ибн Муса, европаға математиканы үйреткен Әбу Камил Шужа (?-951),  Тригонометрияға тангенс, котангенс, синус және косинус заңдылықтарын қосқан математик Әбул Уәфа (940-998), ең алғаш «мәд жәзір» (теңіз суының көтеріліп-түсуі) заңын ойлап тапқан ғалым Әбу Мағшар (785-886), алғаш рет жүйелі әрі кең көлемді «Әл-Жабр уәл-Мұқабала» атты алгебра  кітабын жазып батысқа алгебраны үйреткен ғалым Харизми (780-850),  батыста жеті ғасыр бойы кітабы қолдан түспеген астрономия ғалымы Ферғани негізгі аты Әбул-Аббас Ахмед ибн Мұхаммед батыста «Alfraganus» делінеді,агроном саласында орта ғасыр бойы тек мұсылмандар арасында емес, жалпы дүниеде теңдесі жоқ «Китабул-фәлаха» атты кітапты жазған Ибн Аууам (ХІІ ғасыр), жиырма тоғыз жыл бойы көптеген елдерді, құрлықтарды тынбай аралап зерттеген саяхатшы Ибн Баттута (1304-1369), он екі ғасыр бұрын алғашқы қағаз фабрикасын құрған уәзір Ибн Фазыл (739-805), европалықтар тұңғыш рет 1903 жылы ұшақ жасап, ұшуға қол жеткізсе, бұдан шамамен 1000 жыл бұрын, яғни, 880 жылы ұшақ жасап, ұшуға қол жеткізген Ибн Фирнас (?-888), тарихты ғылыми негіздеп, жүйелеген алғашқы ғалым Ибн Халдун (1332-1406), туберкулез микробын R. Kochтан 150 жыл бұрын ашқан атақты дәрігер Камбур Уәсим (?-1761),  дүниенің диаметрін алғаш өлшеген үш ағайындының бірі Мухаммед ибн Муса, алгебрадағы «Бином» формуласын тапқан Омар Хаииам (?-1123), 400 жыл бұрын қазіргі дүниежүзі картасына өте жақын кейіпте дүниежүзі картасын сызған Пири Рейс (1465-1554), тұңғыш рет компасты ойлап тапқан Кабажаки (ХІІІ ғасыр), химия саласында Кантитаф тәсілін ашқан Әбул-Касым әл-Каши (?-1436), 1000 жыл бұрын майда  тамырларды тауып, алғаш рет рак ауруына  операция жасаған ғалым Али ибн Аббас (?-994) секілді жүздеген ғалымдар мұсылман еді.

Сабынды алғаш қолданған да мұсылмандар еді. Сондықтан мұсылман өлкелерінде базарларда сабынның хош иісі аңқып тұратын. Көптеген мұсылманның үйінің жанында монша болған. Ол кезде европада монша ұғымы деген тіптен жоқ еді. Европалықтардың ІХ ғасырда жуына бастағаны белгілі. ХVІІ ғасырларда Испанияның инквизиция сотында мұсылман испандықтар мен христиандар тазалығына қарап ажыратылатын болған. 

Х ғасырда  бір ғана Қуртуба қаласында елуден астам емхана болған. Біз қазір қолданып жүрген әлемдік терминдегі «медицина» сөзі Ибн Сина бабамыздың атымен тікелей байланысты. Ибн синаның «Шифа» атты кітабы батыстың әр түрлі тілдеріне аударылып, жоғарғы оқу орындарында тұрақты дәріс кітабы ретінде онжетінші ғасырдың орта шеңіне дейін оқытылып келді.

Андалусияның Қуртуба қаласының бір ғана кітапханасында 600000 мыңға жуық қол жазба кітаптар бар еді. Батыстың ең бай деген кітапханасында 400 дей ғана кітап бар еді. Кейіннен батыс мұсылмандардан әсерлене бастаған шақта Сен Венсан кітапханасында 11000 жуық кітап орын алды.

2 пікір