«Бараат» түні қай уақытта құлшылық жасап, қай уақытта ораза ұстаймыз?
«Бараат» түні қай уақытта құлшылық жасап, қай уақытта ораза ұстаймыз?
3 жыл бұрын 89926
Абдусамат Қасым

Шағбан айындағы айтулы күн, ол – Бараат түні. «Ләйләтуль Бараат» - оттан құтылу түні. Бараат түні – қазіргі Шағбан айының 14-нен, 15-не қараған түні болады. (Қазіргі күнтүзбе бойынша, ол түн - биыл (2024 ж) ақпанның 24-нен, 25-не қараған түніне сай келіп тұр).  

Бараат түні құлшылық жасап, ал ертесі күндізінде ораза ұстаудың сауабы мол. Хадис кітаптарында орын алған риуаяттың бірінде былай делінген:

«Шағбан айының ортасы болғанда түнін ғибадатпен, ал күндізін оразамен өткізіңдер. Алла Тағала сол күні күн батқанда дүние аспанына түседі де былай дейді: «Менен кешірім тілейтін пенде бар ма, кешірім етейін? Менен ризық-несібе тілейтін пенде бар ма, ризығын арттырайын? Ауру-сырқауға шалдыққан бар ма, саулық берейін?» т.б. осылай таң атқанша жалғасады»[1].

Қай уақытта құлшылық жасап, қай уақытта ораза ұстаймыз?

Шариғатта құлшылықтардың уақыты ай күнтүзбесі бойынша есептелетіндіктен, түні әуелі жүреді. Сондықтан да, «бәраат» түнінің уақыты әуелі туындайды, ал күндізі ертесі басталады. Сонда, биылғы жылы Бараат түнінің сауабынан құр қалғысы келмеген мұсылман кісі, ақпан айының 24 түні ғибадат жасап, ертесі күндіз, яғни, ақпанның 25-і күні ораза ұстайды. Үкімі - мұстахаб, орындаса сауап бар, орындамаса күнә жоқ, ерікті амал.

Құлшылық түрлері

Бараат түні оқылатын белгілі намаз түрі жоқ. Еркін құлшылық. Мысалы, нәпіл намаздар мен қаза намаздарын оқыса болады, Құран оқу, тәспі тарту, алақан жайып дұға тілеу, әртүрлі дұғаларды оқу т.б.

«Бәраат» түнін ұйықтамай құлшылық жасаумен өткізген абзал, бірақ та оған шамасы келмеген кісілер, осы түннің кез-келген уақытында тұрып, мінәжатын жасай алады.  

Оразасына ниет

Ертесі нәпіл ораза ұстағысы келген кісі ниетін «нәпіл ораза ұстамаққа» деп ниет етеді. Мысалы, сәресіде ас ішіп болғаннан кейін: «Алла разылығы үшін бүгін «Бараат» күніне орай нәпіл ораза ұстамаққа ниет еттім. ХалисалиЛләһи Тағалә» деп ниет білдірсе болады. 

Оразасының кестесі

Бараат күнгі оразасын ұстайтын кісі күнделікті жергілікті намаз кестесін негізге алады. Дәлірек айтқанда: таң намазы кірген уақыт - ауыз бекіту уақыты болмақ, сол уақытқа дейін сәреңізді ішіп-жеуге рұқсат. Ал, ақшам намазының кірген уақыты - ауыз ашар уақытының кіргенін білдіреді. 

Ол күн жұма күніне тура келіп қалса, ораза ұстауға бола ма?

Жылда қайталанып тұратын айтулы күндердегі ораза - жұма күніне тура келіп қалса, ол оразаны жұма күні ұстаудың мәкруһтігі жоқ. Хадисте былай делінген: «Сендер жұманың түнін өзге түндерден ерекше етіп, ғибадатқа арнамаңдар. Және жұманың күндізін өзге күндерден ерекше етіп, оразаға арнамаңдар. Алайда, әлдекімнің ұстап жүрген оразасы (сол күнге тура келген) болса, ол басқа»[2].

Хайызы келген әйел не істесе болады?

Хайызы келген әйел аталмыш қасиетті түні дәрет алып, намаз оқитын жеріне жайнамазын жайып, құбылаға қарап отырып мына құлшылық түрлерін орындауына болады:

1. Таспихат тарту (жүз реттен - сүбханаллаһ, әлхамдулиллах, Аллаһу әкбар, лә иләһә иллаллаһ)

2. Жетпіс мәрте истиғфар айту (бір риуаятта былай делінеді: «хайызы келген әйел әр намаз уақытысында жетпіс мәрте истиғфар айтса, мың рәкәғат намаздың сауабы жазылады»)[4].  

3. Жүз мәрте Пайғамбарымызға салауат айту («Аллаһумма салли аля саиидина Мұхаммед» т.б.)

4. Дұғалар оқу (Дұға кітаптарынан не болмаса жадындағы)

5. Қол жайып өз тілінде Алладан қалаған нәрселерін сұрау. 

6. Құран тыңдау (Хайызды кезде Құран тыңдауға болады).

7. Діни кітаптар оқу (Ілім үйрену де құлшылық).

Ал, хайыз кезінде намаз оқуға, Құран оқуға, Құран кітабын ұстауға, жазылған аяттарға қол тигізуге, мешітке кіруге, ораза ұстауға тыйым салынады. Дұға мазмұндас Құран аяттарын дұға ретінде айтуға рұқсат (мысалы, «раббәна әтина» дұғасы, фатиханы т.б.) 

Алла жасаған құлшылықтарыңызға еселеп сауап жазып, тілеген дұға-тілектеріңізді қабыл етсін!


[1] Ибн Мәжә: Сүнән - №1388 хадис.
[2] «Сахих Мүслим»: Китабус сиям, №(1930) 1144 хадис.

0 пікір