Суринам бақасы немесе ғылымдағы атауы «Суринамдық пипа» деп аталатын бұл құрбақа - Оңтүстік Америкада, Амазон өзендерінде өмір сүреді және өзге бақаларға ұқсамайтын жөндері баршылық.
Суринамдық пипа бақасының басы үш бұрышты, денесі жалпақ, көзі кішкентай әрі қабақсыз және көзі басының төбесінде орналасқан. Аузында тілі жоқ, тісі жоқ. Көлемі 12 сантиметр шамасында болып келеді, бірақ 20 сантиметрге дейін жететін түрлері де кездеседі.
Суринамдық пипасын өзге бақалардан айырып тұратын үлкен бір айырмашылығы - балаларын арқасында балалауында жатыр. Бақаның арқасында көптеген кішкене үңірейген ойықтар бар, балалары сол ойықта жетіліп, сол жерден дүниеге келіп жатады, уақыт өте келе қуыстың қақпақтары пайда болып, кейін балалары өсіп жетілгенде қақпақтарын ашып шығады.
Жұптасуы
Суринамдық пипалардың жұптасулары шамамен бір тәулікке дейін созылады екен. Суринамдық бақасының еркегі мен ұрғашысы судың астында бейнебір «жұптасу биін» ұзақ орындағаннан соң ұрғашысы жүздеген жұмыртқа салады, ал еркегі өз кезегінде өзінің ұрығын шығарады. Кейін аналық жұмыртқа мен аталық ұрықты ұрықтандырып, оны ұрғашы пипаның арқасына орналастырады: ұрғашы пипа судың түбіне сүңгіп, су түбіне бара жатқан жұмыртқаларға арқасын тосады, жұмыртқалар арқасына жабысады. Еркегі құр қарап тұрмай ұрықтанған жұмыртқаларды жұбының арқасына артқы аяқтарымен нығыздап, әрбірін жеке-жеке тесіктерге ретімен орналастырады. Суринамдық пипаның арқасына 40 жұмыртқадан, 144 жұмыртқаға дейін салынады екен. Және 11-12 апта өтісімен арқасынан толыққанды кішкентай Суринамдық пипа бақалары пайда болып, әрбірі өз жолымен кетеді.
Қашан кішкентай пипалар «жылжымалы балабақшаларынан» түгелдей шығып кеткеннен соң, ұрғашы пипа арқасын тасқа немесе өсімдіктерге үйкеп, беткі қабығын алып тастайды. Осылайша арқасының терісін жаңалайды.
Қорегі
Суринамдық пипалардың қорегі - рак тәріздес су хайуандары, балықтар және т.б. омыртқасыз су хайуандары. Олар түнгі тіршілік иелері ретінде өзінің құрбанын сезіну үшін саусақ ұштарындағы сезім мүшелерін қолданады. Содан кейін олар құрбанын өздерінің тіссіз, тілсіз аузына сорып салады немесе қолымен көсіп алады.
Он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла Тағаланың бізге белгілі, белгісіз әлі де қаншама таңғажайып жаратылыстары бары бір өзіне аян! Осы тұрғыла Алла Тағаланың мына бір аяты ойға оралады:
وَاللَّهُ خَلَقَ كُلَّ دَابَّةٍ مِّن مَّاءٍ ۖ فَمِنْهُم مَّن يَمْشِي عَلَىٰ بَطْنِهِ وَمِنْهُم مَّن يَمْشِي عَلَىٰ رِجْلَيْنِ وَمِنْهُم مَّن يَمْشِي عَلَىٰ أَرْبَعٍ ۚ يَخْلُقُ اللَّهُ مَا يَشَاءُ إِنَّ اللَّهَ عَلَىٰ كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ
«Алла Тағала барлық жандыны судан жаратты. Олардың арасында ішімен жорғалаушылар бар және екі аяғымен жүретіндер бар, әрі төрт аяқтап жүретіндер бар. Алла Тағала қалаған нәрсесін жаратады. Шүбәсіз Алла Тағала барлық нәрсеге қадір». («Нұр» сүресі, 45 аят)1.
Пайдаланған дереккөздер:
ru.wikipedia org/wiki/Суринамская_пипа
techinsider.ru
zoo-ekzo com