Атеист пен діндардың диалогы
Атеист пен діндардың диалогы
3 жыл бұрын 5106
Абдусамат Қасым

Құдайға сенбейтін бір атеист пен бір діндар арасында диалог өрбіп, олар өз араларында Құдай жайында әңгіме қозғапты. Діндар Құдайдың бар және бір екендігін айтып дәлелдегісі келеді. Атеист болса "мен тек бес сезім мүшесімен танып-білген нәрселеріме ғана сенемін" деп Алланың бар екенін жоққа шығарады:

Атеист:

- Алланың бар екенін қалай дәлелдейміз? Оны көрмесек, даусын естімесек, дәмін сезбесек, қолмен ұстап, иіскеп көрмесек – қалай анықтамақпыз? – дейді ол. 

Атеист әріптесінің бұл сауалына сөзден гөрі мысал көрсетіп дәлелдеу оңтайлы болар деп түсінген діндар бірер күнге мәулет сұрайды. Осы уақыт ішінде діндар жігіт екі түрлі домалақ шар жасайды. Бірі - темірден. Екіншісі - ағаштан. Екеуін де әдемілеп, білінбейтіндей қылып бояйды. Екі шар дайын болғаннан кейін, оларды сұхбаттасына алып келеді. Екі шарды көрсетіп тұрып діндар:

- Мына екі шардың бірі - темірден, екіншісі – ағаштан жасалған. Енді қолмен ұстамай, көз өлшеммен қарап, қайсысы темірден, қайсысы ағаштан жасалғанын айтып бергін, - дейді.

Атейст жігіт былай қарап, олай қарап қайсысы темір, қайсысы ағаш айыра алмай қояды. Сонда діндар оған:

- Енді есту арқылы анықтауға тырыс, - дейді. Құлағын тосып көреді, алайда олай да анықтай алмайды. «Дәмін татып көр» дейді діндар. Одан да түк шықпайды.

Иіскеп көруін айтады. Иіскеп көреді, оның да пайдасы болмайды.

Сипап көр дейді. Сипап та көреді. Олай да нақты анықтай алмайды. Осылайша бес сезім мүшелерінің бесеуімен де анықтай алмай есі кеткен ол, ақыры «біле алмадым» дейді.

Сонда діндар екі шарды оның қолына ұстатады. Сонда барып, қайсысы темір, қайсы ағаштан жасалғанын анықтай алады: мынау ауыр, демек бұл темірден жасалған, ал екіншісі жеңіл, демек ол ағаш деп топшылап, дәл табады. Сонда діндар одан сұрайды:

- Мынау темірден, анаусы ағаштан екенін қалай білдің? – дейді.

- Салмағынан білдім. Яғни, ақылым арқылы өлшеп білдім, - деп жауап береді.

- Ендеше, сен айтқандай барлық нәрсе тек бес сезім мүшелерімен ғана білінбейді екен. Асылында көп дүниені танып-білуде ақылдың алатын орны орасан зор. Ақыл – ең мықты сезім мүшесі. Сондықтан, біз түсіндіре алмай жатқан Жаратушы Иеміз – ақылмен танылады, ақылмен білінеді, сезім мүшелерімен емес - дейді діндар.

Ғибрат:

Адамның хайуаннан айырмашылығы - ақылында. Қасиетті Құран Кәрімнің көп жерінде «Ойланбайсыңдар ма?!», «Пікір жүгіртпейсіңдер ме?!», "Назар салмайсыңдар ма?!" делінген аяттар бар. Біздер көріп біле алмайтын, ұстап, сезе алмайтын біраз дүниені ақылдың көмегімен тани аламыз. Көзбен көрмесек те қаншама планеталар ақыл арқылы ашылып жатыр. Адам баласы көзге көрінбейтін қаншама дүниелерді ақыл арқылы ұғынады. Сол секілді, біз Құдай Тағаланы көзбен көре алмасақ та, Оны ақыл-санамен тани алады екенбіз. Ол үшін ақылды дұрыс бағытта пайдалануымыз тиіс. Мәселен, қай нәрсеге болса да ақылмен қарасақ, сол нәрседе Құдайылық құдіреттің бір бөлшегін көруге болады. Алысқа бармай-ақ, өз-өзімізге назар салып қарайықшы. Қалай пайда болдым? Осындай көркем жаратылыс бір тамшы ұрықтан қалайша пайда болды? Мысалы, ананың жатырына ұрық түседі, одан кейін кезең-кезеңімен жаратылу процесі басталады. Ана жатырындағы адамның жаратылу кезеңін ойлап қарасаңыз, бейнебір завод тәріздес, құдды адам шығаратын фабрика дерсіңіз. Рет-ретімен, кезең-кезеңімен, белгілі тәртіпте тоғыз айда бір адам пайда болады. Бір тірі жан дүниеге келеді. Неткен құдірет десейші! Оны олай кім жаратқан? Кім тәртіпке қойған? Әрине, әрбір ақыл иесі: «Құдіреті шексіз Құдай істеді» дейді. "Ендеше, өз ақылыңызға өзіңіз қарсы шығып не көрінді? – дегім келеді Құдай жоқ дейтіндерге.

Майлықожа ақын қалай әдемі айтқан: 

Шеберді шебер дегенше,
Алланы шебер десейші. 
Қар жаудырып қыс қылған.
Жұмыртқаны құс қылған!
Құрсақта жатқан балаға
Ризығымен дем беріп,
Құдіретімен жаратқан... 

 

0 пікір