Ашығудың шипасы бар ма?
Ашығудың шипасы бар ма?
11 жыл бұрын 15715
Құдайберді Бағашар

Ашығу емі деген не? Ол – белгілі бір мерзім аралығында ішіп-жеуден бас тарту арқылы емделу тәсілі. Аштықпен емдеу «Арылту-диеталық терапиясы» (разгрузочно-диетическая терапия – РДТ) ретінде медицина ғылымының емдеу-сауықтыру орталықтарында қолданысқа еніп кеткелі қашан. Ғылыми негізі де әлдеқашан дәлелденген. Тіршілік иелерінде ауырып не жараланғанда тамаққа тәбеті тартпайтын қасиет бар екендігі белгілі. Оған ағзадағы сақтану түйсігі итермелейді. Ондайда (жай кезде ас қорытуға жұмсалатын) өмірлік қуат жараланған орынға шоғырланып, сол жерді барлық зиянды заттардан аластайды, денені тазартады. Демек, ашығу арқылы аурудан арылу, денені улы заттардан тазарту – о бастан барлық тіршілік иелеріне тән қасиет.   

Тарихы. Аштықпен емделудің тарихы тереңде. Оны сонау көне заманнан бері барлық халықтар қолданып келеді. Айталық, бұл емдеу тәсілін осыдан екі мың жыл бұрын көне Рим дәрігері Асклепиад* та қолданған. Грек ойшылы Плутарх «Дәрі ішкенше екі күн ашыққаным артық» деген екен. Аштықпен емделудің артықшылығын мойындайтын осыған ұқсас деректерді көне үнді, қытай, жапон жазбаларынан да кездестіруге болады. «Каббала» деп аталатын еврейлердің құпия ғылымы мен мистикалық пәлсапасы да ашығуға оң көзқарас танытуда. Пифагор (б.з.д. VI ғасыр) өз шәкірттеріне математика мен пәлсапа ғылымының қыр-сырын үйретер алдында рухани тазару әрі ақыл-ой зеректігін арттыру мақсатында олардан 40 күн ашығуды талап ететін болған. Х-ХІ ғасырда шығыстың шарапатты дәрігері Ибн Сина көптеген ауруларды, әсіресе, шешек пен мерезге шалдыққандарды аштықпен емдеген. Буддалар өз алдына, Дәуіт пайғамбар күнара ауыз бекітсе, Иса мен Мұса пайғамбар 40 күн ораза ұстаған. Ал, Ислам дінінде 30 күндік парыз ораза бар екені бәрімізге белгілі. Оған қосымша, Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) әр айдың 14, 15, 16-сы күндері, сондай-ақ әр аптаның дүйсенбі, бейсенбі күндері жиі-жиі үзбей нәпіл ораза ұстаған. Әрі оны үмбетіне өсиет еткен. Парсының күнге табынушыларына 50 күн бойы ашығу таңсық болмаған. Тіпті, ол дәстүр әлі күнге Үндістанда да бар. Мәселен, Үндістанның рухани көсемі Махатма Ганди жиі-жиі ішіп-жеуден тыйылып тұруды ұнатқан. Ганди ашығуға денені тазалау мен емдік қана емес, рухани тазару, сана-сезімді дамыту тұрғысынан да баға берген.  

Түрлері. Ашықтыру емі сусыз, тағамсыз жүзеге асса, онда толық ашығуға немесе «құрғақ» түріне жатады. Мерзіміне қарай ол мынадай түрлерге бөлінеді: қысқа мерзімді (1-3 күн, бір апта, он күндік), ұзақ мерзімді (бір ай, 40-50 күндік). Осы уақыт аралығында денені барлық қалдық атаулыдан, улы заттардан тазарту көзделеді.

Дененің қалдығы деген не? Денедегі қалдық (шлак) дегеніміз – бірте-бірте ағзамыздың жекелеген жасушалары мен ұлпаларына сіңіп қалған өте ұсақ заттар. Олар негізінен белок алмасуының соңғы өнімдері: зәр, зәр қышқылы, креатинин, аммондық тұздар, т.б. суда еруі қиын ағзада тұнып қалатын нәрселер.  Денеге қалдық жиналуының бірнеше себептері бар. Ең негізгілеріне: тоя тұра үстемелетіп тамақ жеу, дененің белок пен майға, крахмалға бөгуін, сондай-ақ, жеген тамақтың дұрыс қорытылмауы, өте ащты тағам мен өте дәмді тағамды дұрыс қолданбау, ішімдік, темекі, есірткі, ауаның ластығы, күн сәулесінің жетіспеушілігі, қабылдаған дәрі-дәрмек қалдықтарын және т.б. жатқызуға болады. Бұлардың ең маңыздысы, көп тамақтана тұра дененің аз қуат жұмсауы, яғни денедегі алынған қуат пен жұмсаған қуат тепе-теңдігінің сақталмауы. Оған қоса, өкпе, бүйрек, тері, ішек арқылы ыдырайтын өнім мөлшерінің дұрыс болмауы.   

Әсері. Ашығу кезінде ағза қандай күй кешеді? Ашығу нәтижесінде венуланың қыл тамырлармен тоғысқан жерінде бос қуыс (вакуум) пайда болады. Ал, қылтамырлардың бос қуысы өз кезегінде қан айналымының қозғаушы күшіне айналады. Ендеше, бос қуыс – ол күш деген сөз. Ал, ашығу – сол бос қуысты жасау арқылы адам денесінің тұтастай қозғаушы күшін тудыру. Арылту-диеталық терапиясы денені тазарту мен сауықтырудың ең тиімді тәсілі болып табылады. Сырттан тамақ қабылдау дереу тоқтаған жағдайда, дене сол уақытқа дейін жинап келген ішкі қосымша қорегін іске қосады. Бұл кезде дененің барлық бөлу жүйелері мен ішкі секреция бездері өте қарқынды жұмыс істейді. Бір ғана өкпенің өзінен газ тәрізді әр түрлі 150-дей уыт бөлінуі соның айғағы. Вегетативті жүйке жүйесі жанданады, адамның белсенділігі артады. Биохимиялық тұрғыда май мен бауырдың гликоген қосымшаларының ыдырауы реттеледі, қан құрамы өзгереді. Қан айналымы мен ас қорыту жүйелері жақсарады.

Ашығуды дұрыс іске асырған жағдайда ол сіздің ағзаңызды барлық керексіз улы заттардан тазартып, денсаулығыңызды шыңдайды, жасушаларды жаңартып, күш-қуатыңызды арттырады. Ашығуды тәмамдарда белгіленген көрсеткіштерге сүйену аса маңызды. Алайда, кейде ашығуға болмайтын жайттар да кездеседі. Оны да ескерген жөн.

Ашығуға болмайтын жағдайлар. Энцефалопатия (ми жүйесінің әлсіреуі) анықталса, қарттық шақ (60 жастан жоғары), дене әлсіреген кезде, соматикалық аурулардың қабынған кезінде, қандай да бір түрдегі қатерлі ісік белең алғанда, жүрек стенокардиясына, жүректің ишемиялық ауруларына, жүрек пен бүйректің органикалық ауруларына, қан айналымы мен тыныс алудың асқынған жағдайында, өткір құрт ауруына (туберкулез), бақшаңкөз (зоб), қан аурулары, жұқпалы полиартритке (бруцеллез) шалдыққанда.  

Жүзеге асуы. Ашығу емін қабылдау ережесінің айтарлықтай қиындығы жоқ. Бар болғаны, сабыр сақтап, ауызды астан тыя білсеңіз жеткілікті. Ашығу кезінде тек қана дистиллияцияланған (буландыру әдісімен) су қабылданады. Қанша ішем десе де су мөлшері науқастың өз еркінде. Алайда, ағзаға басқа ешқандай тағам қабылданбауы тиіс. Мамандар ұзақ мерзімді ашығуға тәуекел етердің алдында әуелі қысқа мерзімді ашығуларды бастан өткерудің пайдалы екендігін айтуда. Ашығу міндетті түрде маман адамның бақылауымен жүзеге асуы тиіс. Неге десеңіз, кейде алғашқы күндерде-ақ денеден улы заттар өте көп шыққан жағдайда ашығуды үзуге тура келеді. Ұзақ мерзімді ашығу кезінде артық қимылға бармаған жөн. Көбіне төсекте жатып тынығып, теледидар мен радиодан бас тарту керек, тіпті әңгімелесудің де қажеті аз. Бірақ бұл бойдағы күш-қуатты үнемдеу мақсатында болмаса, бар тірліктен бас тартып, тырп етпей жатып алу емес. Сондай-ақ, ашығу кезінде дәрі қабылдауға, темекі тартып, спиртті ішімдік ішуге қатаң тыйым салынады. Қайта таза ауада көп жүру, жылы ванна қабылдау, тазалық клизмасы мен тыныстау жаттығуларын жасап тұру пайдалы.

Бір тәулік аштықты қалай өткеруге болады? Бір тәуліктік аштық ертеңгі астан ертесі күнгі ертеңгі асқа дейін немесе кешкі астан ертесі күнгі кешкі асқа дейін жүзеге асады. Бұл уақыт аралығында дистилляцияланған судан басқа ешқандай тағам қабылданбайды. 24 сағаттық бұндай аштық кезінде дисстиляцияланған су толы кесеге бір шай қасық лимон шырынын не шынашақтай бал қосу денедегі улы заттардың еруін тездетеді. Ол сізге күш беру мақсатында емес, қара судың тәтті дәмін келтіру әрі шырышты улы заттардың еріп, сіздің табиғи сүзбеңіз (фильтр) – бүйректерден жеңіл өтуіне жағдай жасаудан туындайды. Ашығу кезінде бүйрек өте үлкен қызмет атқарады. Дистиллияцияланған су ішу керектігі де содан. Қай мерзімдік болмасын ашығу аяқталғанда ең әуелі үгітілген сәбіз бен туралған қырыққабаттан жасалған жас көкөніс салатын жеу керек. Ол ішектерді өте жақсы тазалайды. Ішек-қарын жолының жұмысын жандандырады. Салаттан кейін бұқтырылған жас қызанақ секілді қуырылған көкөніс тағамын жеген жөн. Ашығуды ет, сүт, сыр, май, балық, жаңғақ түрлерімен аяқтаудың және бастаудың дұрыс еместігі қатаң ескертіледі. Ашығу емі қабылданғаннан кейінгі алғашқы тамақ салат не қуырылған көкөніс өнімі болуы міндетті. Ет секілді басқа да тамақ түрлері содан кейін ғана біртіндеп барып қабылданады.    

Ашығу қандай ауруларға пайдалы? Аштықпен емдеу профилактикалық құрал ретінде көптеген аурулардың алдын алады. Анығырақ айтсақ, мына аурулар: жүрек-тамыр ауруларына, асқазан-ішек, буын, тыныс жүйелеріне, аллергия, 2 түрдегі қант диабеті, жүйке жүйесі қызметі бұзылуында, тері ауруларына, психикалық ауытқушылықтарға, диспепсия, іш қату, бауырдың қатаюы, соқырішектің қабынуы, бауыр қабынуы (гепатит), гастроэнтерит, ревматизм, семіздік, шорбуын (артрит), демікпе, жоғарғы қан қысымы, шемен (водянка), ишиас, қояншық, ұйқысыздық, әлсіздік, сал ауруының барлық түрлері, бас аурулары, бас сақинасы, өкпе қабынуы, артық салмақ, бронхит, өкпе қабығы ауруы (плеврит), безгек, тонзиллит, сүзек, тамырлардың түйнеліп кеңеюі, құлақ аурулары, қатерлі ісік, миқұрт (менингит), аденоидтар, жарық (грыжа), өт қабына тас байлану, қуықтың қабынуы (цистит), созылмалы іш өту, тік ішек аурулары, жүйке сал ауруы, қаны аздық т.б.

Ашыққан адам бастапқы екі күн ғана қиналады. Одан кейінгі күндері өз-өзін жеңіл сезіне бастайды. Өйткені, адам денесінің сезіну қабілеті күшейеді. Ашығудың бесінші күні әлсін-әлсін адамды тамаққа деген тәбет тартады. Кейде ашыққан адамның тамаққа тыжырына қарайтын кезі де болады. Табиғи тәбет қайта қалыпқа келгенге дейін аштық жеңіл күйде жалғасын таба береді.

Ашыққанда ауызда жағымсыз иістің пайда болып, тілдің өңезденуі, кейде тамырдың соғуы 120-ға дейін жиілеп, кейде 40-қа дейін түсуі, жиі құсу, бас айналу, түкіріктің жиналып қалуы, әлсіздік, тамақтың жыбырлауы, тоңып-жаурау, аз уақытқа іш өту белгілері ешқандай да қауіпті емес. Қайта ағзаның толықтай тазалануының көмекші көріністері болып табылады.

Қорыта келгенде, аштықпен емделу – физиология, биохимия, медицина саласының ғалымдары тарапынан көп зерттелген әрі бүгінгі күні Германия, Австралия, Жапония, АҚШ, Ресей секілді бірқатар өркениетті елдер кеңінен қолданып отырған өте тиімді емдік тәсіл. Зерттеуші Герберт Шелтон «Аштық тіпті өміріңізді де құтқарып қалуы мүмкін» десе, денсаулық сақтау мамандары қазіргі уақытта ғасыр індеті болып отырған «ішкі улануды» (эндотоксикоз) болдырмайтын бірден-бір емнің осы аштық екенін айтып дабыл қағуда. Қалай дегенмен де, күллі тіршілік иелеріне ауырғанда асқа тәбет тартпайтын қасиет дарытқан Жаратушы ісінің астарында осындай үлкен емдік тәсіл жатқандығы ғажап-ақ!

* Асклепиад (б.з.д.128-56) – грек нәсілді көне Рим дәрігері. Эпикур атомистикасына негіздеп, медициналық жүйе мен әдістемелік мектептің негізін қалаушы. Ол аштықпен емдеу секілді қарапайым емдеу тәсілдеріне  көбірек жүгінген. Медицинаға «трахеотомияны» (тыныс алдыру үшін кеңірдекті тесу) енгізген де осы Асклепиад болғандығы айтылуда.  

1) Bragg Р. The miracle of fasting. Sydney, 1967. С. 270.
2) Fahrner H. Fasten als Therapie. Stuttgart: Hippokrates, 1985. - 212 p.
3) Sacks FM. et al. Effects on blood pressure of reduced dietary sodium and the Dietary Approaches to Stop Hypertension (DASH) diet. DASH-Sodium Collaborative Research Group.N Engl J Med 2001 Jan 4;344(1):3-10
4) Кокосов А. Н., Луфт В. М., Ткаченко Е. И., Хорошилов И. Е. Лечебное голодание при внутренних болезнях. Методическое пособие, Издательство «Лань», 1999. - 64 с. (Серия «Мир медицины»)
5) Разгрузочно-диетическая терапия (лечебное голодание) //Альтернативная медицина: немедикаментозные методы лечении / Под ред. Н. А. Белякова. СПб.; Архангельск: Сев.-Зап. кн. изд-во, 1994. С. 191-224.
6) Николаев Ю. С., Нилов Е. И., Черкасов В. Г. Голодание ради здоровья. 2-е изд., доп. М.: Сов. Россия, 1988. -239 с.
7) Авроров П. П. Обмен веществ и развитие энергии в организме при полном голодании: Дисс. д-ра медицины. СПб., 1900.-190с.
8) www.golodanie.su, www.drdautov.ru, www.medcare.ru, www.be-thin.ru

1 пікір