«Ашура» сөзі араб тілінде «ъашара», яғни, «он» (10) санынан шыққан. Бұл күн "Мұхаррам" айының оныншы күніне сай келетіндіктен, оған «Ашура», яғни, "оныншы күн" деген атау берілген деседі. Ашура күнін қасиет тұту, сонау Исламнан бұрын, жәһили дәуірінен бастау алады.
Ашура күні жасалатын ең басты амал – ораза ұстау. Одан бөлек, садақа беру, намаз оқу, Құран оқу сияқты құлшылықтарды орындаудың да өзге күндерге қарағанда сауабы көбірек. Ашура күніне қатысты көптеген риуаяттар келген. Солардың бірсыпырасымен бүгінгі жазбамызда сіздермен бөлісіп отырмыз.
1) Сахаба Әбу Қатада (р.а.) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ашура күні ораза ұстаудың артықшылығы жайында былай дейді:
وعن أبي قتادة رضي اللَّه عنه ، أن النبي صلى الله عليه وسلم قال: " صيام يوم عاشوراء، أحتسب على اللَّه أن يكفر السنة التي قبله" .
«Ашура күнгі ораза үшін өткен жылғы күнәлардың кешірілетіндігін Алладан үміт етемін»[1].
2) Сахаба Абдулла ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте, артақты сахаба былай дейді:
وعن عبد اللَّه بن عباس رضي اللَّه عنهما قال: " قدم رسول اللَّه صلى الله عليه وسلم المدينة فرأى اليهود تصوم يوم عاشوراء، فقال: ما هذا؟ قالوا: هذا يوم صالح، نجّى اللَّه فيه موسى وبني إسرائيل من عدوهم، فصامه، فقال: أنا أحق بموسى منكم فصامه وأمر بصيامه" .
«Пайғамабарымыз (с.а.у.) Мединеге келгенде Яһуди дініндегілердің Ашура күні ораза ұстағандарын көрді. Пайғамбарымыз олардан: «Бұл қандай күн?» деп сұрады. Олар: "Бұл – ізгі күн! Бұл күні Алла Тағала Мұса пайғамбар мен Исраил қауымын жауларынан құтқарған. (Осылайша шүкір етіп, осы күні) Мұса пайғамбар ораза ұстаған», - деді. Сонда Алла елшісі: «Біз Мұсаға сендерден лайығырақпыз» деп, Ашура күні ораза ұстады әрі сол күні ораза ұстауды бұйырды»[2].
3) Сахаба Әбу Саъид әл-Худриден жеткен хадисте Ашура күні жанұясына сый-сияпат жасаудың пайдасы жайында былай делінген:
عَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ -رضي الله عنه- قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ -صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ-: ((مَنْ وَسَّعَ عَلَى أَهْلِهِ يَوْمَ عَاشُورَاءَ وَسَّعَ اللَّهُ عَلَيْهِ سَائِرَ سَنَتِهِ))
«Кімде-кім Ашура күні жанұсына кеңшілік жасаса (яғни, отбасына дастархан жайса, сый-сияпат жасаса т.б.), Алла Тағала оған жыл бойы кеңшілік жасайды"[3].
4) Имам Нәсәи өзінің «әс-Сүнәнуль Кубра» атты хадистер жинағында келтірген риуаятта былай делінеді:
(صَوْمُ عَرَفَةَ كَفَّارَةُ سَنَتَيْنِ سَنَةٍ قَبْلَهُ وَسَنَةٍ بَعْدَهُ، وَصَوْمُ عَاشُورَاءَ كَفَّارَةُ سَنَةٍ)
"Арапа күнгі ораза екі жылдық күнәларға кәффәрат (кешірім). Өткен жылдың және келер жылдың. Ал, Ашура күнгі ораза болса, бір жылдық күнәларға кәффәрат"[4].
5) Абдулла ибн Амр ибн Астан (р.а.) жеткен бір риуаятта Ашура күні садақа берудің пайдасы жайында айтылады:
عن عبد الله بن عمرو بن العاص قال: من صام عاشوراء فكأنما صام السنة، ومن تصدق فيه كان كصدقة السنة أخرجه أبو موسى المديني.
«Ашура күні оразау ұстау - бір жыл бойы ораза ұстаумен тең. Осы күні садақа беру - бір жыл бойы садақа бергенмен тең»[5].
6) Әзіреті Айша анамыз Ашура күні ораза ұстаудың үкімі жайындай былай деген:
عن عائشة رضي اللَّه عنها قالت: " كان عاشوراء يصام قبل رمضان، فلما نزل رمضان كان من شاء صام، ومن شاء أفطر".
«Рамазан оразасы парыз болардан бұрын Ашура күнгі ораза ұсталатын. Рамазан оразасы парыз болғаннан кейін, қалаған адам Ашура күні ораза ұстады, қалаған адамның ол күні аузы ашық болды»[6].
7) Айша анамыз тағы бір сөзінде былай дейді:
عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، قالَتْ: كَانَتْ قُرَيْشٌ تَصُومُ عَاشُورَاءَ في الجَاهِلِيَّةِ، وَكانَ رَسولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عليه وسلَّمَ يَصُومُهُ، فَلَمَّا هَاجَرَ إلى المَدِينَةِ، صَامَهُ وَأَمَرَ بصِيَامِهِ، فَلَمَّا فُرِضَ شَهْرُ رَمَضَانَ قالَ: مَن شَاءَ صَامَهُ وَمَن شَاءَ تَرَكَهُ.
«Құрайш тайпасы Жәһилия дәурінде Ашура күні ораза ұстайтын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) да Ашура күні ораза ұстады. Медине қаласына көшкеннен кейін, Ашура оразасын ұстап, өзгелерге де ол күні ораза ұстауды бұйырды. Қашан Рамазан айы парыз болған кезде: «Ашура оразасын қалаған адам ұстасын, қалаған адам ұстамасын» деп айтты»[7].
8) Хамид ибн Абдуррахман сахаба Мұғауия ибн Әбу Суфиянның (р.а.) Медине қаласына келіп, жергілікті халыққа Ашура күні құтба оқығандығын естіген.
أنَّهُ سَمِعَ مُعَاوِيَةَ بنَ أَبِي سُفْيَانَ، خَطِيبًا بالمَدِينَةِ، يَعْنِي في قَدْمَةٍ قَدِمَهَا، خَطَبَهُمْ يَومَ عَاشُورَاءَ، فَقالَ: أَيْنَ عُلَمَاؤُكُمْ؟ يا أَهْلَ المَدِينَةِ، سَمِعْتُ رَسولَ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عليه وسلَّمَ يقولُ، لِهذا اليَومِ، هذا يَوْمُ عَاشُورَاءَ، وَلَمْ يَكْتُبِ اللَّهُ علَيْكُم صِيَامَهُ، وَأَنَا صَائِمٌ، فمَن أَحَبَّ مِنكُم أَنْ يَصُومَ فَلْيَصُمْ، وَمَن أَحَبَّ أَنْ يُفْطِرَ فَلْيُفْطِرْ.
Құтбасында ардақты сахаба былай деген: «Уа, Медине халқы! Ғұламаларың қайда? Мен Алла елшісінің (с.а.у.) осы күнге қатысты былай дегенін естігенмін: «Бұгін – Ашура күні. Ол күні ораза ұстауды Алла сендерге парыз етпеді. Менің аузым берік. Сендерден кім осы күні ораза ұстағысы келсе, ұстасын. Ал кім ораза ұстағысы келмесе, ұстамасын»[8].
[1] «Сахих Мүслім». 1162; Әбу Дәуід: Сүнән.
[2] «Сахих Бұхари».
[3] Имам Бәйһақи: «Шуъабуль Иман».
[4] Имам Нәсәи: «әс-Сүнәнуль Кубро».
[5] Әбу Мұса әл-Мәдини келтірген.
[6] «Сахих Бұхари»; «Сахих Мүслім».
[7] «Сахих Мүслім».
[8] Сахих Мүслім.