«Мұсылмандық әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте» деп атам қазақ айтып кеткендей, Жаратушы Иеміз Алла Тағала Исламның алғашқы жылдарында ішімдікті ішуді бірден харам қылмай, 4 (төрт) кезеңде харам қылды. Осы мақсатта Алла Тағала ішімдікті тыюға қатысты кезеңімен төрт аят түсірді. Олар келесідегідей:
1) «Нәхл» сүресі, 67 аят: «Құрма ағашының жемісінен және жүзімдерден сендер ішімдік (арақ-шарап) істейсіңдер және ол екеуінен жақсы ризық аласыңдар. Шынында мұнда ақыл жүгіртетін қауым үшін белгі бар». Бұл аят - Мекке қаласында, Исламның алғашқы жылдарында түсті. Ол кез - мұсылмандарға шарап харам болмай тұрған кезең тұғын. Одан кейін Медине қаласында шарапқа байланысты екінші аят түсті.
2) «Бақара» сүресі, 219 аят: «Сенен шарап пен құмар ойыны жайында сұрауда. Айт: ол екі нәрседе үлкен күнә да, адамдарға пайдасы да бар, алайда күнәсі (зияны) пайдасынан көбірек» - де!...». Осы аят түскеннен мұсылмандардың бір тобы аяттағы «үлкен күнә бар» деген жеріне мән беріп, шарапты ішуді қойды, ал келесі бір топ мұсылмандар аяттағы «әрі адамдарға пайдасы да» бар деген жерін назарға алып, ішуді тоқтатпады. Тіпті ішіп намазға тұра беруші еді. Кейін келесі үшінші аят түсті:
3) «Ниса» сүресі, 43 аят: «Ей, иман келтірген мүмін-мұсылмандар! Не айтқандарыңды білетінге дейін (мастықтарың тарқағанға дейін) мас күйлеріңше намазқа жақындамаңдар...». Бұл аяттың түсуіне Абдуррахман ибн Ауфтың үйінде болған бір жағдай себеп болған. Сахаба Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) үйіне қонақ шақырып, оларға ас береді. Шараптың әлі харам болмай тұрған шағы болатын. Бәрі ас ішіп, шарап ішіп, масайып қалады. Кейін намаз уақыты келіп, арасынан бірі имамдыққа өтіп, Кәфирун сүресін оқиды. Алайда сүренің «Лә аъбуду мә таъбудун» деген жеріндегі «Лә» сөзін оқымай кетіп: «сендердің табынған нәрселеріңе табынбаймын» деген аятты «...табынамын» деп оқып жібереді. Бұл өрескел қате еді. Сол себепті Алла Тағала оларға мастарың тарқағанша намазға жоламаңдар деп намаз уақыттарында шарап ішіп, мас болуды харам қылды. Осылайша, енді шарапқа әуес мұсылмандар Құптан намазынан кейін ішетін болды. Кейіннен тағы осындай бір отырыста шарап ішіп, қызып қалған Мединелік аңсарлардың бірі Саъд ибн Әбу Уаққастың басынан ұрып, басын жарып қояды. Саъд оны Алла елшісіне шағымданды. Сол жағдайдан кейін «Мәида» сүресінің 90-91 аяттары түсіп, ішімдік ішуді түбегейлі харам қылды:
4) «Мәида» сүресі, 90, 91 аяттар: «Ей иман еткендер! Арақ, құмар, пұтқа табыну, бал ашу – лас және шайтанның істерінен. Арақ пен құмар арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Құдайды естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнауды сонда да қоймасыңдар ма!»[3]. Осы аят түскеннен кейін Әзіреті Омар (радияллаһу анһ): «Қойдық, Жаратқан Ией! Қойдық!» деген екен (Табари).
Міне, содан бері арақ-шарап ішу – қиямет қайымға дейін бүкіл исі мұсылман қауымға харам болып бекітіліпті.
Алла Тағаланың бұлай ретімен тыйып отыруында өзіндік пайдасы бары сөзсіз. Өйткені, әбден шарап ішіп үйреніп қалған қоғам үшін бірден тыйым жасау оңтайлы нәтижеге апармауы мүмкін еді. Өйткені, исламның нұрын бойларына толық сіңіре қоймаған адамдар үшін, ең жақсысы - біртіндеп тоқтату еді. Дін тәлімін саналарына сіңдіріп, имандары жүректерінде жақсылап орнығып, шариғаттың үкімдерінің мақсат-мұратын түсінгеннен кейін аталмыш жаман әдеттен тыйылулары оңай болатын еді. Пендесінің табиғатын жақсы білетін Жаратушымыздың осындай тәсілмен шараптан ұзақтатуы - Оның шексіз даналығының көрінісі әрі мейірімділігі. Осыған байланысты Айша анамыздың (Алла оған разы болсын) мына әңгімесі тақырыпты аша түспек. Айша анамыз шараптың біртін-біртін тыйылуын былай әңгімелейді:
«Ең әуелі Құранның ішінде пейіш пен тозақ жайында әңгімелеген муфассал сипаттағы сүрелер түсіп отырды, қашан адамдар Исламға ағыла бастаған кезде, халал мен харамды (тыйымды) білдірер аяттар түсе бастады. Егерде, ең әулеі «шарапты ішпеңдер» деген аят түскенде, адамдар: «Біз ешқашан шарапты тастамаймыз» деп көнбейтін еді» - дей келе, Алла Тағаланың шарапты осылай бірте-бірте тыйюының мәнін түсіндіріп өткен. Радияллаһу анһа!1
Аз-аздан жай-жай үйрету тәсілі - күнәға белшесінен батқан ауру қоғам үшін ең оңтайлы тәсіл еді. Кейіннен де Исламды халыққа насихаттау барысында дін ғалымдары мен дін мамандары үнемі «әсте-әстелік» әдісін ұстанып келді. Содан келіп, қазақтағы «мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте» деген аталы сөз қалған!
Бүгінде арақтың жаман нәрсе екендігін қоғамның әрбір тұлғасы түсінеді, біледі. Сол себепті де, Ислам шариғатының "арақ ішуге болмайды" деген тыйымын бүгінде кез-келген адам дұрыс қабылдайтыны сөзсіз. Сондықтан да, арақ ішуді "адал, ішуге болады" деп айта алмаймыз. "Ішімдіктің көбі де, азы да харам" деп Пайғамбарымыз да бірнеше сөзінде қатаң тыйған. Ішімдік ішу - дінімізде ең үлкен күнәлардың бірі!
Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
1Мәліметтер Шейх Али Сабуни: «Тәфсиру аятиль ахкәм» (үкім аяттардың тәпсірі) атты кітабынан алынды. (Араб тілінде).