Әрбір жекелеген адамның өзіне тән иісі болатынын қазіргі медицина ғылымы анықтап отыр. Адамдар осы иіс жөнінен де бір-бірінен бөлектеніп тұрады екен. Сондықтан да, бүгінде полицейлер қылмыскерлердің ізін кесу үшін арнайы үйретілген иттерді қолданады.
Осы шындықты қасиетті кітабымыз Құран Кәрім он төрт ғасыр бұрын айтып өткен. Адамды иісінен тану ерекшелігін Алла Тағала кезінде Жақып пайғамбарға (ғ.с.) керемет ретінде берген-тін. Ол (Жақып пайғамбар) ұлы Жүсіптің иісін бірнеше шақырымнан сезген. Бұл жайында Жаратушы Иеміз қасиетті сөзінде былай дейді:
«Керуен Мысырдан айрылып шыққан кезде, олардың әкесі (Жақып Ғ.С.): "Егер алжыды демесеңдер шын мәнінде мен Жүсіптің иісін алып отырмын" деді»[1].
Осы аятта жылдар бойы өлді деп санап келген ұлының иісін, бірнеше шақырым жақындағанда сезген Жақып (Яғқұб) пайғамбар: «Жүсіптің иісін алып отырмын» деу арқылы оған тән өзіндік иісі барына ишара еткен. Осылайша, Алла Тағала Құран Кәрімде Жақып пайғамбардың (ғалейһиссәләм) тілімен "әрбір адамның өзіндік иісі болатындығын" білдірген болып отыр.
Ендігі жерде, Құдайға сенбейтіндерге сұрақ:
Әр адамның өзіне ғана тән иісін кім жасады? Табиғат па, әлде оны да кездейсоқтық дейміз бе? Табиғат істеді десек, әр жекелеген адамға жеке-жеке иіс жаратып қоюға табиғаттың санасы да, түйсігі де жоқ. Кездейсоқтық десеңіз, бір-екі адамда ғана иіс ерекшелік болып жатса, ол «кездейсоқтық» болуы мүмкін еді, бірақ миллиардтаған адамдың бойындағы иіс ерекшелігін «кездейсоқтық» деу логикаға сыймайтын нәрсе. Бұл бір ғана ерекшелік. Мысалы, саусақ ізі де әр адамда әрқилы. Ешкімнің бармақ ізі біркелкі емес. Әркімдікі әртүрлі.
Ақылға салып қарасақ, миллиардтаған адамның бойындағы осы сияқты өзіне ғана тән ерекшеліктерді әрбірінде жеке-жеке жаратып қойған бейнебір саналы, өте шебер, және де құдіретті бірегей бір Заттың болуы міндетті екенін ұғынамыз. Ол - Алла сүбханаһу уә тағалә!
м
[1] Құран Кәрім, «Юсуф» сүресі, 94 аят.