Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен сахих хадисте ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деп болашақтан хабар береді:
يُوشِكُ الفُراتُ أنْ يَحْسِرَ عن كَنْزٍ مِن ذَهَبٍ، فمَن حَضَرَهُ فلا يَأْخُذْ منه شيئًا. [وفي رواية]: يَحْسِرُ عَنْ جَبَلٍ مِنْ ذَهَبٍ.
«Евфрат өзенінің алтын қазынаны көрсетер күн жақын қалды. Кім сол жерде болса, одан ештеңе алмасын». Басқа бір риуаятта: «алтыннан болған тауды жарыққа шығарады» делінген. («Сахих Бұхари», «Сахих Мүслім»).
Евфрат өзені – Түркия, Сирия және Ирак елдерінің аумағымен ағып өтетін Батыс Азиядағы ең ірі өзен. Армян таулы үстіртінен бастау алады. Өзеннің жалпы ұзындығы шамамен 2780 шақырымды құрайды. Оның жағалауындағы құнарлы жерлер Месопотамия деп аталады, Месопотамия - «екі өзен арасы» деген мағынаны білдіреді. Евфрат өзені - Мұрат және Қарасу өзендерінің қосылуынан пайда болған. (Қарасу — Түркияның шығысындағы өзен, Евфраттың оң жақ құраушы тармағы. Мұрат — Түркиядағы Армян таулы қыраты арқылы ағатын өзен, Евфраттың ең маңызды құймасы).
Жоғарыдағы хадисте Алла елшісі (с.а.у.) ақырзаман таяғанда Ефрат өзені тартылып, түбіндегі алтын қазыналар сыртқа шығатынын хабар беруде және «алтыннан тауды жарыққа шығарады» деуінен алтынның көп болатындығын меңзеп тұр. Алайда, мұсылмандарға олардан еш нәрсе алмауды қатаң ескерткен!
Тағы бір хадисте Евфрат өзенінен шыққан алтынға елдер таласып, бір-бірлерін өлтіретіндіктерін баян етеді. Бұл хадис те Әбу Һурайрадан жеткен, онда Алла елшісі былай деп сол аянышты халден хабар береді :
لا تقوم الساعة حتى يحسر الفرات عن جبل من ذهب، يقتتل الناس عليه، فيقتل من كل مائة، تسعة وتسعون، ويقول كل رجل منهم: لعلي أكون أنا الذي أنجو) رواه مسلم.
«Евфрат өзені алтын тауды жарыққа шығармайынша, қиямет қайым болмайды. Адамдар сол алтынға (таласып) соғысады. Әрбір жүз адамның тоқсан тоғызы қырылады. Әрбір адам өзін: «бәлкім, аман қалатын адам мен болатын шығармын!» - деп үміттенеді». («Сахих Мүслім»).
Евфрат өзені Сирияның солтүстігі мен Ирак жеріндегі атақты өзен. Өзеннің суы тартылып, өзеннің астынан таудай алтын кенінің табылуы қиямет қайымның белгілерінің бірі. Сол кезде адамдар алтын алу үшін өзенге қарай ағылады екен. Барған елдер алтынға таласып, бір-бірін өлтіреді. Соншалықты адам қырғыны орын алмақ: әрбір жүз адамның тоқсан тоғызы өліп, біреуі ғана тірі қалады екен. Кім сол сәтке кез келсе, алтын алу үшін өзенге бармағаны дұрыс дейді Алла елшісі (с.а.у.):
يوشك الفرات أن يحسر عن جبل من ذهب، فإذا سمع به الناس ساروا إليه، فيقول من عنده: لئن تركنا الناس يأخذون منه ليذهبن به كله، قال: فيقتتلون عليه، فيقتل من كل مائة تسعة وتسعون
«Еврат өзенінің алтын тауды жарыққа шығарар уақыт жақын. Адамдар оны ести сала, соған қарай аттанады. Сол жерге (алғаш) жеткендер: «егер адамдарға оны ала беруге рұқсат етсек, бәрін алып кетеді», - дейді де, содан соң олар бір-бірімен шайқасып, әр жүз адамның тоқсан тоғызы өлтіріледі». («Сахих Мүслім»).
Қазіргі таңда, әлеуметтік желіде адамдардың Евфрат өзенінен кесек-кесек саф алтын тауып жатқан бейресми бейнероликтер кездестіруге болады. Оны көрген көпшілік Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жоғарыда баян еткен хадистерімен байланыстырып, қиямет қайымның бір белгісіне балап жатыр. Дегенмен, әзірге Евфрат өзенінен алтын кені табылғаны жайында ресми ақпар жоқ. Қалай болғанда да, бұл мүмін-мұсылман үшін қырағы болуы керек екендігіне ишара. Егеряки, расында да Евфрат өзенінен сондай бір алтын кені табылып жатса, мүмін-мұсылман адам оған азғырылмай, Алла елшісінің жоғарыдағы өсиетін жадынан шығармауы ләзім. Одан еш нәрсе алмауды ұмытпағаны жөн. Өйткені, Алла елшісі (с.а.у.): «Одан еш нәрсе алмасын!» деп қатаң ескерткен.
Алла Тағала тауфиқ беріп, һидаятынан айырмасын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!