«Алу харам болған затты – беру де харам».
«Алу харам болған затты – беру де харам».
4 ай бұрын 1881 islam.kz/
А. Қасым, исламтанушы

Шариғат заңында мынадай қағида бар:

ما حرم أخذه حرم إعطاؤه
Алуы харам болған затты, беру де харам».

Оның мағынасы келесідегідей:

Харам болған әлдебір затты мұсылманның алуына да, оны пайдалануына да, сондай-ақ өзгеге ұсынып, оны беруіне де болмайды. Мейлі, сыйлық ретінде болсын, мейілі айырбастап болсын. Өйткені, харам болған затты өзгеге беру – харамды қолдануға шақыру, харам істі істеуге атсалысу және оған ынталандыру дегенді білдірмек. Шариғатта бекітілген заң бойынша, харам нәрсені істеу харам болғаны сияқты, харам іске жәрдем беру, оған ынталандыру, шақыру да харам. Алла Тағала Құранда былай деп бұйырады: «Жақсылық пен тақуалықта бір-бірлеріңе жәрдем беріңдер. Ал күнә мен дұшпандықта бір-бірлеріңе жәрдемдеспеңдер!». («Мәидә» сүресі, 2 аят).

Мысалдар:

  • Өсімге қарыз алуға болмайтыны сияқты, өсімге қарыз беруге де болмайды (қарыз өсімсіз беріледі).

  • Пара алуға болмайтыны секілді, пара беруге де болмайды1

  • Арақ ішуге болмайтыны секілді, арақ сатуға да, беруге де болмайды.

  • Темекі шегуге болмайтыны секілді, темекі сатуға да, беруге де болмайды.

  • т.б. харамдар солай.

Қағидадан тыс қалар жағдайлар:

  • Пара беруге болмайды, бірақ өзінің ақысына қол жеткізу тек пара беру арқылы ғана жүзеге асатын болса, немесе малын, жанын арашалап қалу немесе зұлымдықты бейтарап ету сияқты мәжбүр жағдайларда амал жоқ күнә пара алушыға болады.

  • Ақша таппай, кредит алуға мәжбүр болған мұсылман, кредитін төлеуі күнә болмайды.  

1«Шархуль Қауаиъидиль Фиқһия», 33 қағида түсіндірмесі. 215 бет.

 

0 пікір