Заман қарыштап дамыған сайын Алланың адамзат баласына жазған Хаты – қасиетті Құран Кәрімнің ғажайып сырлары ашылуда. Осыдан 1400 жыл бұрын Құранда аталып кеткен құбылыстар енді ғана жаңалық болып жарыққа шығып жатыр. Мұның барлығы Алладан келген әрбір аяттың және Ислам дінінің Хақ екендігін айқындай түспек.
Дәл қазір сондай бір таңғажайып хабардың сырына үңіліп көрелік. Көз жеткізуіңіз үшін сізден сұрарымыз, ең алдымен, жүрегіңізбен осында болыңыз және мақаланы оқумен қатар дәретті қалпыңызда қолыңызға Құранның қазақша мағынасын алыңыз.
Қасиетті Құранда 53-ші сүре «Нәжм» деп аталады. Араб тілінен аударғанда «жұлдыз» деген мағынаны білдіреді. Аталмыш сүре батып бара жатқан жұлдыздарға серт етумен басталады. Осы сүренің 49-аятына қараңыз.
وَأَنَّهُ هُوَ رَبُّ الشِّعْرَى
«Шындығында, Ол Шиъраның Раббы» деп келеді. Ежелгі халықтар бұл жұлдызға табынғандықтан Алла тағала тіпті сол өздері құдай санаған жұлдыздың өзі Раббымыздың құзырында екендігін көрсеткен. Аят түскен уақытта мұның мағынасы толық ашылмаған. Алланың қалауымен, бұл құпияны ашу тек ХХ ғасырдың еншісіне бұйырды. Сонымен, «Шиъра» деген не?
Сіз айналаны қараңғылық басып, аспан әлеміне жымыңдап жұлдыздар шыққан уақытты тамашалап көрдіңіз бе? Түннің сұлулығы – Алланың бізге берген тағы бір нығметі, тыныштық уақыты, жалғыз қалып, Алланың жаратылыстары жайлы ойланатын уақыт десек болады. Аспан әлеміне ерекше көрік беріп тұрған, ең жарық, нұрлы жұлдыз – Сириус, қазақ тілінде «Сүмбіле» деп аталады. Жоғарғы аятта аталған «Шиъра» - осы Сүмбіле жұлдызы. Дін мен дәстүрді көркем біріктірген қазақ халқы да сегізінші айды «Сүмбіле» деп атап, оны үшке бөліп есептеген. Жұлдыздың тууына қарап ауа-райының қандай болатынын болжаған.
Таңқаларлығы, Құранда тек бір ғана жұлдыздың, яғни Сириустың аты аталған. Сириус жұлдызын ұзақ уақыт бойы бақылаған астрономдар «Үлкен Ит» шоқжұлдызына жататын түнгі аспанның ең жарық жұлдызының қозғалуында ауытқушылық барын байқайды. Зерттей келе, Сириустың қозғалу траекториясын есептейді, кейіннен ең күшті телескоп арқылы керемет жаңалық ашады. Шындығына келгенде, Сириус тек бір ғана емес, екі жұлдыздан тұратын «Жұп жұлдыз» екен. Сириустың жұбын қарапайым көзбен көру мүмкін емес. Сириус екі жұптан – Сириус А және Сириус Б-дан тұрады. Сириус А Күннен 3 есе үлкен болуымен қатар Жерге жақын және ол Күннен 10 есе артық жарқырайды. Дәл осы жұлдызды біз аспаннан жарқыраған күйде көреміз. Ал Сириус Б ақ кішкене жұлдыз, оның салмағы Күнмен бірдей, ал өлшемі Жерден 4 есе үлкенірек. Жұп жұлдыз бір-біріне кәдімгі жебенің жолындай қозғалыста болады. Біздегі уақытпен санағанда жұп жұлдыз бір-біріне максималды және дәлме-дәл қашықтықта 49,9 жылда жақындайды. Бұл ғылыми есептеулер Гарвард, Оттава және Лейчестер секілді танымал зертханалардың астрономдарымен зерттелген. Кейбір дереккөздерде бұл былай сипатталады:
«Ең жарық жұлдыз Сириус, жұп жұлдыз... Олардың айналуы 49,9 жылды құрайды», «Жұп жұлдыз – Сириус бір-бірімен садақтың осіндей (садақтың екі басы, яғни доғал бейнеде) қозғалады».
Енді, мынаған қараңыз. «Нәжм» сүресінің 9-аятында:
فَكَانَ قَابَ قَوْسَيْنِ أَوْ أَدْنَى
«Тіпті, садақтың екі басындай, әлде де жақынырақ»делінген. Кейбір ғалымдар бұл аят Сириус жұлдызының қозғалысы туралы айтылған деп, егер де аяттың мағыналары бойынша, яғни 49,9 аяттарын қатар қояр болсақ, онда Сириустың бір-бірімен жолығу мерзімі шығады деп келтіреді. Ал, кей тәпсіршілер «Нәжм» сүресінің 9-аятында Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) Жәбірейілмен (ғ.с.) уахи алып, кездескендегі ара қашықтығы деп есептейді, яғни олардың арасы садақтың екі басындай қашықтықта болған дейді.
Ақиқат Аллаға мәлім. Қайткен жағдайда да, Құранның адамзат баласына берері, үйретері көп. Құранға тереңінен үңілер болсақ, талай ақиқатқа көзіміз жетері анық. Алла бізге Құрандағы терең түсінікті және тауфиқ нәсіп еткей!