(Автордың Internet Encyclopedia of Philosophy сайтындағы "Әл-Ғазали" туралы ауқымды шығармасынан үзінді беріліп отыр. Ағылшын тілінен аударылған жоғарыдағы үзіндіні Имам Ғазалидің «әл-Мұнқиз минәд Доләл» атты әйгілі кітабы негізінде тексеріп, сайтымызға бөлісіп отырмыз –islam.kz. Тексерген: А. Қасым).
Әл-Ғазали (м.1056–1111 ж.) философиялық ғылымдарды алты салаға бөледі: математика, логика, физика, метафизика, саяси философия және моральдық философия немесе этика. («Білім кітабында» ол бұларды төртке бөледі: математика, логика, физика және метафизика). Бұл жерде біз оның математика, логика, физика, саяси философия және этикаға деген көзқарасын талқылаймыз, ал метафизикаға қатысты пікірлерін 4-бөлімде, яғни «Философтардың қарама-қайшылығы» тарауында қарастырамыз.
Математика
Математика саласына келсек, ол арифметика, геометрия және астрономияны қамтиды. Әл-Ғазали бұл ғылымдарда «дін мәселелерін теріске шығаруға немесе растауға ешнәрсе жоқ» деп есептейді («Мұнқиз минәд дәләл-Адасудан құтқарушы»: 63). Керісінше, оларда жоққа шығаруға болмайтын фактілер бар дейді ол. Дегенмен, Әл-Ғазали математикаға деген дұрыс емес көзқарастан туындайтын екі зиянын атап көрсетеді:
1. Біріншісі зиян - математикамен айналысатын адам философтардың математикалық дәлелдерінің дәлдігін көріп, бұл дәлдік философияның басқа да салаларына, мысалы, метафизикаға да тән деп ойлауы мүмкін. (Метафизика - физикалық дүниеден тыс нәрсені зерттейтін ғылым, құдайтану ілімі-ауд.). Бұл оны (математикамен айналысатынды) Әл-Ғазалидің пікірінше, дәлелденбеген жалған метафизикалық (құдайтану) ұстанымдарға бейім етеді. Сонымен қатар, бұл адамды философтардың (Әл-Ғазалидің ойынша) дін мен шариғат заңын менсінбеуіне ортақтастырып, дінсіздікке итермелеуі мүмкін.
2. Екінші зиян – философияға тән барлық нәрсені түгел жоққа шығарылуы керек деп есептейтін исламды қорғаушы білімсіз мұсылманнан туындайды. Барлық философия ғылымдарына деген мұндай жағымсыз пікірді естіген басқа адам «ислам анық математикалық шындықтармен үйлеспейді» деп ойлап, исламға теріс көзқарас қалыптастыруы мүмкін. Нәтижесінде, ол «философияға ғашық болып, исламның ашық қарсыласына айналады». («Мұнқиз-Құтқарушы»: 64 б.).
Логика ғылымы
Логика іліміне келсек, Әл-Ғазали оның дінге қайшы келмейтінін айтады, өйткені логика ілімі тек дәлелдер, силлогизмдер, дәлелдеу шарттары және нақты анықтамалармен айналысады. Ол философтардың логиканы теологтарға қарағанда мұқият зерттеп, қолданатынын мойындайды. Бірақ философтардың логиканы қалай қолданатындарын дұрыс түсінбеу, Имам Ғазали бойынша екі жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін:
1. Біріншісі - егер діндар адам логиканы жоққа шығарса, философтар (немесе қазіргі зайырлы/светский ғылымдармен айналысушылар) жалқы түрде оған және жалпы түрде оның дініне бұрыс көзқараста болады.
2. Екіншсі - егер логика ілімін зерттеуші адам философтардың логиканы қолдануларына қатысты тым жоғары ойда болса, ол олардың метафизикалық тезистерінің, яғни діни сенімге қайшы ұстанымдарының бұлтартпас логикалық дәлелмен дәлелденген деп ойлап, діни ілімдерді зерттемей жатып ол күпірлі қорытындыға келуі мүмкін.
Жаратылыстану ғылымдары
Жаратылыстану ғылымы, яғни натурфилософия - аспан денелерін, жұлдыздарды, Ай асты әлемін және құрамды заттарды зерттейтін ғылымдар. Әл-Ғазали бойынша, бұл табиғаттану ғылымдары да дінге қайшы емес, тек «Философтардың қарама-қайшылығы» атты кітабында атап өткен кейбір мәселелерді қоспағанда. Ол (Ғазали) «табиғаттың әрбір аспектісі Алла Тағалаға толық бағынады және өздігінен әрекет етпей, Жаратушысының құралы ретінде пайдаланылады» деп есептейді («Мұнқиз»: 66). Оның ойынша, табиғат аспектісінің бірінің Құдайға бағынышты емес деп есептейтін кез келген жаратылыстану теориясы қабылданбайды. (Әл-Ғазалидің себеп-салдар байланысы және окказионализм туралы көзқарастары 4d бөлімінде).
Саяси философия ілімі.
Саяси философия саласына келер болсақ, Әл-Ғазали философтардың бұл салаға ешбір жаңалық енгізбегенін, олардың тек «пайғамбарларға түсірілген қасиетті жазбалардан» алғанын айтады («Мұнқиз (Құтқару)»: 67). Сондықтан Ол (әл-Ғазали) философтардың саяси философияға қатысты көзқарастарына қарсылық білдірмейді.
Этика
Этика жайлы айтқанда, Әл-Ғазали оны «жанның қасиеттері мен әдеттері, олардың жалпы және жеке түрлерін сипаттау, жақсы қасиеттерді дамыту және жаман қасиеттермен күресу тәсілдері» деп түсіндіреді («Мұнқиз (Құтқару)»). Оның пікірінше, философтардың этикалық көзқарастары сопылар мен пайғамбарлардың сөздеріне негізделген, сондықтан олардың этикалық ұстанымдарына қарсылық жоқ (Кукконен, 2016; Куасем, 1974). Дегенмен, философиялық этикамен дұрыс айналыспаса, екі жағымсыз нәтижеге алып келуі мүмкін дейді Ол (немесе Имам Ғазалидің сөзімен айтқанда: «Философтар пайғамбарлар мен сопылардың сөздерін өз кітаптарына енгізгендіктен екі түрлі зиян пайда болады»-islamkz). Олар:
1. Біріншісі - Философиялық этиканы жоққа шығарушы үшін келетін зиян. Өйткені ол философияны мүлдем теріске шығарады, себебі ол философтардың басқа салалардағы (мысалы, метафизикадағы діни ғайби сенімдегі) қателіктерін біледі. Әл-Ғазали үшін бұл проблема болуы мүмкін. Өйткені (философтар пайғамбарлар сөздерін көшіріп алғандықтан-ауд.) пайғамбарлардың сөздері шын және оларды жоққа шығаруға болмайды. Әл-Ғазалидің пікірінше, мұндай «санасы таяздау» адам шындықты бағалауды білмейді. Әл-Ғазали былай дейді: «Ақылды адам алдымен шындықты таниды, содан кейін біреудің айтқанына қарайды. Егер оның сөзі ақиқат болса, сөйлеушінің басқа мәселелерде қателескеніне қарамастан, ол оның ақиқат сөзін қабылдайды» («Мұнқиз (Құтқару)»: 68).
2. Екіншісі - Философиялық этиканы еш шүбәсіз (соқырсенімділікпен-ауд.) қабылдайтын адам үшін туындайтын зиян. Мұндағы зиян – философтардың этикалық ілімдерімен араласы бар болғандықтан, олардың этикадан тыс метафизикалық (иләһият, құдайтану) мәселелердегі қателіктерінің ықпалына түсуі мүмкін...(*)
(*) Автордың Internet Encyclopedia of Philosophy сайтындағы "Әл-Ғазали" туралы ауқымды шығармасынан үзінді
Доктор философии, Иллинойсский университет в Чикаго, 2018
Магистр, Государственный университет Сан-Франциско, 2010
Бакалавр Калифорнийского университета в Дэвисе, 2007