Айттан бір күн бұрынғы түнді құлшылықпен өткізудің сауапты екендігін білетінбе едіңіз?
Айттан бір күн бұрынғы түнді құлшылықпен өткізудің сауапты екендігін білетінбе едіңіз?
4 жыл бұрын 9631
Дайындаған Абдусамат Қасым

Исламдағы екі мейрамның бірі Ораза мейрамы, Алла жазса, отыз күн оразадан кейінгі қуаныш күні.

Күндізі қуаныш күні саналатын Ораза мейрамының түнін құлшылықпен өткізген мұстахаб дейді Ислам ғалымдары. Олай деулеріне себеп те жоқ емес. Өйткені, сахаба Әбу Үмәма (р.а.) Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізген:

مَنْ قَامَ لَيْلَتَيْ الْعِيدَيْنِ مُحْتَسِبًا لِلَّهِ لَمْ يَمُتْ قَلْبُهُ يَوْمَ تَمُوتُ الْقُلُوبُ .

«Сауабын Алладан күте отырып, екі айттың түндерін құлшылықпен өткізген кісінің жүрегі барлық жүректер өлетін күні өлмейтін болады»[1]. (Әлсіз хадис).

Осы және осыған мағыналас риуаяттарға қарай отырып, көпшілік Ислам ғұламалары Ораза айты мен Құрбан айтының түндерінде құлшылық жасап, түнін ояу өткізудің мұстахаб екендігін білдірген.

Бұған байланысты Имам ән-Нәуәуи былай дейді:  

«Екі айттың түндерін намазбен немесе т.б. тағат-ғибадатпен өткізу ұнамды. Оған біздің жолдастар сахаба Әбу Үмәмәнің хадисін дәлел келтіреді...».

Неге айттан бір күн бұрын деп отырмыз?

Өйткені, қамари, яғни, ай күнтізбесі бойынша ертеңгі күннің түні бір күн бұрын күн батқаннан кейін басталады. Яғни, ертең Ораза айттың бірінші күні болатын болса, бүгін ақшамнан кейін ертеңгі айттың түні басталады деген сөз. "Айттан бір күн бұрынғы түн..." деуіміздің мәні сонда. Ендеше, бүгінгі түніміз - Ораза айттың түні деп саналатындықтан, бүгінгі түнді құлшылықпен өткізгеніміз сауапты. Үкімі - мұстахаб.

Ғалымдарымыз түннің қанша бөлігін құлшылықпен өткізген дұрыс деген мәселеде әртүрлі пікір баян еткен. Бірақ ең дұрыс дегені бойынша, түннің ең көп бөлігін құлшылықпен өткізген абзал. Соған орай, түнде тұрып, қаза намаздарымызды оқып, Құран оқып, тәспі тартып, тәһәжжуд намазын оқып, дұға-тілектер жасап, осылай құлшылықпен өткізудің сауабы мол. Белгілі бір намаз түрі жоқ. Еркін ғибадат.

Осы орайда, жоғарыда келтірілген риуаятқа хадисші ғалымдар «әлсіз» деп баға бергенін айта кетелік. Алайда, оның әлсіз болуы мұстахаб істерде амалға асыруға болмайды дегенді білдірмейді. Мұстахаб, яғни, сауапты істерде әлсіз хадистермен амал етудің ағаттығы жоқ.

Алла Тағала тұтқан оразаларыңызды қабыл етсін! Оразадан оразаға аман-есен жетуімізді жазсын! Айттарыңыз берік болсын! Әлхамдулилләһи раббиль аләмин!

 

 [1] Ибн Мәжә: «Сүнән». 1782 хадис.

0 пікір