Адамның жаратылу сатылары
Адамның жаратылу сатылары
7 жыл бұрын 6752 Фото: www.logoslovo.ru
Арабшадан аударған Қ.Спатай

Әбу Абдур-Рахман Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) былай дейді:

«Алланың шыншыл және сенуге лайықты елшісі (с.а.у.) біздерге: «Шын мәнінде, әрқайсың анасының құрсағында қырық күн бойы ұрық тамшысы түрінде қалыптасады, сонан соң ол сонша уақыт ұйыған қан түрінде және сонша уақыт бір кесек ет тәрізді болады. Содан кейін періште жіберіледі де оған үрлеп жан ендіреді. Және ол төрт нәрсені: оның ризық-несібесін, ажалын, амалдарын және оның бақытты не бақытсыз болатынын жазуға бұйрық алады. Өзінен басқа ешбір Құдай жоқ Алламен ант етемін, шын мәнінде, сендердің біреуің жәннатқа қолдың білегіндей қалғанша жәннаттықтардың амалын істеп барады, содан кейін (маңдайына) жазылғаны алдынан шығады да, тозақтықтардың амалын істеп (тозаққа) кіреді. Сондай-ақ, шын мәнінде, сендердің біреуің тозаққа қолдың білегіндей қалғанша тозақтықтардың амалын істеп барады, содан кейін (маңдайына) жазылғаны алдынан шығады да, жәннаттықтардың амалын істеп, (жәннатқа) кіреді», – деп айтқан». (Әл-Бұхари, Муслим).

 

Хадистің маңыздылығы

Бұл – аса маңызды хадис. Онда Алланың ілімі мен жазған тағдырына сәйкес адамның бар өмірін, оның алғашқы жаралу сәті мен бұл дүниеге келуінен бастап, бұл өмірде істеген амалдарына байланысты мәңгілік шаттық мекенінде немесе мәңгілік бақытсыздық мекенінде қалатынына дейін қамтылған.

 

 

1.     Ұрықтыңана құрсағында даму сатылары

 

Хадисте ұрықтың жүз жиырма күнде, әрқайсысы қырық күндік үш сатыдан өтетіндігі айтылған. Алғашқы қырық күнде ол ұрық тамшысы түрінде болады, екінші қырық күнде ұйыған қан, ал үшінші қырық күнде кішкентай, бір кесек ет түрінде қалыптасады. Содан соң періште оған үрлеп жан кіргізеді де, жоғарыдағы аталған төрт нәрсені жазады. Алла тағала Өзінің Ұлы Кітабында осы сатылардан өтетін ұрықтың өзгерістері туралы: «Ей, адамдар! Егер өлгеннен кейін тірілуден күмәндансаңдар, әрине Біз сендерді топырақтан, содан соң ұрық тамшысынан, кейін ұйыған қаннан, одан кейін бір кесек еттен жараттық» («Хаж» сүресі, 5-аят). «Расында адамды нағыз балшықтан жараттық. Сонан кейін оны жатырда тұратын тамшы қылдық. Сосын тамшыны ұйыған қан еттік. Ұйыған қаннан кесек ет жасап, кесек етті сүйек қылдық та, сүйектерге ет қаптадық. Сонан кейін оны басқа бір жаратылыс етіп, жан салдық. Жаратушылардың шебері – Ұлы Алла» («Муминун» сүресі, 12-14 аяттар), – деп айтқан.

Бұл аяттарда тағала хадисте аталған адамзат жаратылысының төрт сатысын айта келіп, оған қосымша басқа да үш саты туралы баян етті. Демек, олардың жалпы саны жетеу болған. Ибн Аббас «Адам баласы жетіден жаралған» дегенді жиі айтып, сонан соң осы аяттарды оқитын-ды.

Алла тағаланың адамды қас-қағым сәтте жарату құдіретіне Ие бола тұра, оны осындай жүйелілікпен, жоғарыда айтылған тәртіпке сәйкес, бір сатыдан екіншісіне өткізу арқылы жаратуындағы даналық – себеп-салдарға, алғышарттарға және нәтижелерге сәйкес адам жаратылысының бүкіл әлем жаратылысымен үйлесуі. Және бұл Алла тағаланың аса Құдіреттілігіне бәрінен де жақсы айғақ болады. Алла тағала мұндай жүйелілікті іс жүзінде көрсетуімен Өзінің құлдарын іс-амалдарында асығып-үсігуден аулақ болуға үйретеді. Әрі бұл арқылы адамның жаратылу сатылары мен балиғатқа жеткенге дейінгі созылатын, бір сатыдан екінші сатыға өту кезеңдерін өткеруі мен сыртқы кемелдікке жетуі сияқты пенденің рухани кемелдікке жетуі де бірте-бірте болатынын ұғындырады. Сондай-ақ бұл жүйелілік пен тәртіпті адам баласы барлық іс-әрекетінде басшылыққа алуы керек, олай етпеген жағдайда ол соқыр тәуекелге барып, жарға ұрынады.

 

 

 

2. Жан салу

Барлық ғұламалар ерлі-зайыптының қосылуынан 120 күн өткен соң, яғни дәл төрт айдан кейін, бесінші айдың басталуымен ұрыққа жан бітетіндігін айтқан. Бұл мерзім, ол баланың әкесін анықтауда, сондай-ақ тиісті шығындарды өтеу міндетіне қатысты үкімдерге жүгіну қажет болғанда есепке алынады. Бұл нәрестенің жатырда қимылдауына анық көз жеткен жағдайда іске асырылады. Күйеуі өлген әйелдің төрт ай он күн өтпейінше басқа күйеуге тұрмысқа шығуына тыйым салынуының себебі де осында жатыр. Өйткені осы мерзім ішінде ол әйелдің жүкті немесе жүкті емес екені анықталады.

 

3. Әдейілеп түсік түсіруге салынған тыйым

Барлық ғұламалар ұрыққа жан біткеннен кейін оны алдырудың харамдығына және оны қылмыс санап, мұсылманның істеуіне мүлде болмайтынына бір ауыздан келіскен. Өйткені ол тіршілік белгісін берген, толық қалыптасып үлгерген жан иесіне жасалған қастандық болып табылады. Қолдан түсік жасау нәтижесінде нәресте тірі туылып барып өлсе, онда оған диет (құн) төлеу міндет болады. Егер нәресте өлі түссе, онда құн төлемі азырақ мөлшерде алынады.

Ал ұрыққа жан берілгенге дейін түсік жасау туралы айтсақ, фиқһ ғылымы ғалымдарының көпшілігі бұл іске де тыйым салынғандығы туралы пікір білдірген. Бұған ұрықтың жатырда берік орналасуынан соң-ақ адамның жаралуы басталатыны туралы сахих хадистер дәлел бола алады. Мәселен, Хузайфа ибн Усайд (р.а.): «Пайғамбар (с.а.у.): «Ұрық (ана құрсағында) бекігеннен кейін, 42 түн өткен Алла оны бейнелейтін және оған естуін, көруін, терісін, етін және сүйектерін жасайтын періште жібереді», – деді», – деген (Муслим).

Ибн Ражаб өзінің «Жамиъул улум уәл-хикәм» атты кітабында: «Кейбір фиқһ ғалымдары: «Егер ұрыққа жан бітпеген болса, оны алдырып тастауға болады» деген және оны алдын-ала сақтанумен (жыныстық қатынас барысында ұрықты әртүрлі жолмен жатырға жібермеу, дәрілер қолдану, серіппе салдыру т.б.) теңестірген. Мұндай тұжырымды қате деп есептеген дұрыс. Өйткені ұрық бұл кезде қалыптасып үлгерген болуы, бәлкім адам бейнесіне еніп қалуы да мүмкін. Ал алдын-ала сақтануда нәрестенің болуы мүмкін емес. Алдын-ала сақтану ұрықтың жатырға өтіп, бала пайда болуына кедергі келтіреді. Егер Алла тағала (бала пайда болуын) қаласа, ол да кедергі жасай алмайды», – деп жазған.

Әл-Ғазали «Ихия улумуд-дин» атты кітабында: «Алдын-ала сақтану түсік жасау мен нәрестені тірідей көму сияқты емес. Өйткені қолдан жасалған түсік тірі жанға жасалған қастандық болып табылады. Ұрық жатырда түрлі сатыдан өтеді: біріншісі – ұрықтың жатырға түсуі және әйелден бөлініп шығатын сұйықпен араласуы, бұдан кейін оның тіршілік белгісін қабылдауға дайындалуы, ал ол үрдісті бұзу (не үзу) қылмыс болып табылады. Егер ұрық ұйыған қанға айналып үлгерсе, бұл қылмыс одан да ауыр әрі жиренішті, ал ұрыққа жан беріліп, бейнеленген болса, онда қылмыстың ауырлығы тіптен арта түседі. Тірі ұрықты (яғни нәрестені) түсік арқылы қолдан түсіру, бұл – қылмыс жасаудағы жиреніштің ең жоғарғы шегі», – деген.  

 

4. Алла тағаланың білімі

Шын мәнінде Алла тағала адамдарды жаратпас бұрын олардың жағдайларын біледі. Олардан иманға және бас июге немесе имансыздық пен бас имеуге қатысты, сондай-ақ бақытты немесе бақытсыз болуына байланысты қандай жағдай болса да, барлығы Алла тағаланың білуімен және Оның қалауымен болады. Адамдардың тағдыры алдын-ала жазылып қойылатыны туралы Құранның көптеген аяттарында және хадистерде айтылған.

Мысалы, Әли ибн Әбу Талиб (р.а.): «Бір күні Пайғамбар (с.а.у.): «(Сендердің араларыңда) жәннаттағы және тозақтағы орны белгілі болмаған ешкім жоқ», – деді. Бір кісі: «Уа, Алланың елшісі! (Онда бізге ізгі амал жасауға ұмтылудың қажеті не?) Тағдырымызда жазылып қойылған деп, амал істемей жүре берсек болмай ма?» – деп сұрады. Ол (с.а.у.): «Жоқ, амал істеңдер, кім не нәрсе үшін жаратылған болса, оны (орындау) оған оңайлатылады. Бақыттылар бақыттыларға тән амалдарға жеңілдік табады, ал бақытсыздар бақытсыздарға тән амалдарға жеңілдік табады», – деп жауап берді. Содан соң: «Ал енді кім (Алла жолында) берсе, тақуалық қылса және жақсылықты рас деп білсе…» (Ләйл» сүресі, 5-6), – деген аяттарды оқыды», – деген (Әл-Бұхари).

Демек, Алла тағаланың білімі пенденің таңдау және ұмтылу еркіндігін жоймайды. Өйткені білім адамға тікелей әсер ететін (яғни мәжбүр ететін) сипат емес. Сондай-ақ Алла тағала жаратқандарына Өзіне иман келтіруді және бағынуды бұйырып, оларды имансыздық пен қарсы келуден тойтарды. Міне, бұл – пендеге қалағанын таңдап, қалағанына ұмтылу еркі берілгендігінің дәлелі. Әйтпегенде Алла тағала босқа бұйрық беріп, бекерге тыйым салған болар еді, ал бұлай болуы мүмкін емес. Алла тағала: «Жанмен және оны Толықтағанмен, сөйтіп оған жамандығы мен тақуалығын білдіргенмен ант етемін. Расында оны (яғни жанды) тазартқан сөзсіз құтылады да; оны кірлеткен, әлбетте, қор болады» («Шәмс», 7-10), – деп айтқан.

 

5. Тағдырды сылтау ету

Алла тағала біздерге Өзіне сенуді және бағынуды бұйырып, сенбеушілік пен бойсұнбауға тыйым салды. Бұл – бізге жүктелген міндет. Ал біздердің пайдамызға не зиянымызға Оның алдын-ала тағдыр еткендеріне келсек, бұлар белгісіз, олар туралы біздер ешнәрсе білмейміз, білуге міндетті де емеспіз. Адасушылар, бойсұнбаушылар және пасық адамдар өздерінің жасаған жиіркенішті іс-әрекеттерін «бұл Алла тағаланың біздерге тағдыр еткені яки алдын-ала жазғаны немесе Оның қалауы себепті болған» деп тағдырды сылтау етуі дұрыс емес. Өйткені Алла тағала Құран Кәрімде: «(Мұхаммед! Оларға): «Амал қылыңдар. Әлі-ақ істеген амалдарыңды Алла, Оның елшісі және мүміндер көреді» де» («Тәубе», 105), – деген.

Тағдыр етілген жайт өмірде кездескен соң, тағдырға сілтеме жасауға болады. Өйткені мұсылман адам Алла тағаланың шешіміне толығымен бойсұнуымен жаны жай табады. Сонымен қатар Алла тағаланың тағдыры мұсылман адамға қуанышта да, қиыншылықта да жақсылық әкеледі.

 

6. Іс-амалдар тек (өлер алдындағы) соңғыларына қарай бағаланады

Сәһл ибн Сағд (р.а.): «Пайғамбар (с.а.у.): «Шын мәнінде, амалдар тек соңғылары (өлер алдындағы) бойынша ғана бағаланады», – деді», – деген.

Демек, егер біреудің маңдайына өмірінің соңында бойсұну және иман келтіру жазылған болса, онда бұндай адам өмірінің белгілі бір уақытын Алла тағалаға сенбей, бойсұнбай өткізуі мүмкін, бірақ содан кейін, өмірі аяқталудан бұрынырақ Алла тағала оны иман мен бойсұнуға әкеледі де, ол сол қалпында өледі және жаннатқа кіреді. Сол сияқты кімнің маңдайына өмірінің соңында имансыздық пен азғындық жазылған болса, ол адам белгілі уақыт ішінде иман келтіріп, бас июші болса да, кейіннен Алла тағала оны, істеген бұзық істері мен өз ерік-қалауына ұмтылғанына қарай көмексіз қалдырады. Ол пенде күпір сөзін айтып, тозақтықтардың істерін істей бастайды, сосын сол қалпында өледі де тозаққа кіреді. Сондықтан адам өз өмірінің сыртқы жағдайларына қарап алдануына болмайды, өйткені барлық нәрсенің мәні оның қалай аяқталуында. Сол сияқты тек сыртқы жағдайларға қарап үмітті үзуге де болмайды, өйткені тағы да барлық дүниенің мәні оның қалай аяқталуында жатыр. Алла тағаладан шындық пен ақиқат жолында және игілікте нық тұруымызды тілеп, амалдарымыздың қайырлы аяқталуын сұраймыз.

 

0 пікір