«Адамдардың көбі тазалыққа мән бермей жатады...»: Ибн Жәузидің (12-13 ғасыр) естелігінен
«Адамдардың көбі тазалыққа мән бермей жатады...»: Ибн Жәузидің (12-13 ғасыр) естелігінен
5 ай бұрын 3362

Төмендегі жазба ХІІ-ХІІІ ғасырда өмір кешген Ислам ғалымы, тәпсірші, фақиһ әрі хадисші Абдуррахман ибн Жәузи рахимаһуллаһтың жазып қалдырған эсселер жинағынан аударылды (12-13 ғасыр)1. Ибн Жәузи рахимаһуллаһ былай деп насихат айтады:

«Көп адамдардың «дене тазалығына» мән бермейтіндігін байқадым. Мысалы, кейбір кісілер тамақтан кейін тістерінің арасын тіс шұқылағышпен тазалауды ұмыт қалдырады. Кейбір кісілер тамақтан кейін қолындағы майын кетіріп жумайды. Және тісін мисуакпен (арнайы тіс тазалайтын ағаш бұтағы) тазаламайтындар да аз емес, сондай-ақ, көзге сүрме жақпайды, қолтық түгін тазаламайды т.б. Олардың мұндай немқұрайлылықтары діндерінде және дүниелік істерінде нұқсандық тудырары сөзсіз. Діндеріндегі нұқсандықты айтсақ:

  • Дініміз мүмін мұсылманға жұма намазы үшін жуынып, тазаланып баруын бұйырады (жұмасына бір рет жуынуын бұйырады). Өйткені, көпшілік орынға тазаланып барғаны жөн. Ал сарымсақ жеп мешітке кіруден тыйяды. Сондай-ақ, Ислам шариғаты тырнақтың ішін тазалап, өскен тырнағын алып жүруді, мисуакпен тісін тазалауды, әурет жерінің түгін қыруды т.б. сол сияқты әдептерді орындауды бұйырған. Мұсылман оларды орындамаған жағдайда, шариғат жоралғысын орындамаған болады. Ал ол әдептердің кейбірі намаздың бұзылуына алып келуі де ғажап емес, мысалы айталық, тырнақ ішіндегі кір дәрет алғанда судың теріге өтуіне кедергі болуы мүмкін, сәйкесінше намазы да толық емес деген сөз.
  • Ал дүниелік істеріндегі нұқсандықты айтар болсам: қасындағылармен сырласа қалғанда ауызынан жағымсыз иіс шығып, тыңдаушыға ыңғайсыздық тудырып жатады. Сондай-ақ, тазалыққа мән бере бермейтін әйел адамдар да күйлеулерінің ілтипатын жоғалтуы мүмкін. Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) айтады екен: «Мен әйеліме сыланып-сипануды ұнатқанымдай, әйелімнің де мен үшін сыланып-сипанғанын ұнатамын» дейді екен.

Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) адамдардың ең тазасы еді. Хадистерде Пайғамбар қолын көтергенде әппақ қолтығы көрінетіндігі айтылған, және де, кейде сирағы ашылып көрініп қалған кезде, аяғының әппақтығын әрі тап-таза екендігін сахабалар байқайтын. Онымен қоса, Алла елшісі тіс тазалағышын тастамайтын және үстінен жағымсыз иіс шығып тұрғанын ұнатпайтын. Сахих хадистерде Алла елшісінің ақ шашы аз болғандығы айтылады.

Даналар айтқан: «Киімі таза болғанның, уайымы аз болады. Иісі жақсы болғанның, ақылы артады». (Сондықтан хош иіс себініп жүрген жөн).

Алла елшісі де (с.а.у.) тістерін тазаламай жүретіндерге кейіп: «Тістерің сап-сары болған күйі маған келіп не көрінді? Мисуакты қолданыңдар!» - деп, тістің тазалағына аса мән беруді ескерткен2. Және басқа бір хадисінде мисуакпен тіз тазалап оқыған намаздың - мисуакпен тіз тазаламай оқыған намаздан артық екендігін білдірген.

Тазаланатын адам өзіндегі кірді жойып, рухын шаттандырған болады. Дана кісілер айтқан: «Кімнің тырнағы ұзарса, қолы қысқарады» деген (яғни, тарығады деген сөз). Мұнымен қатар таза адам адамдардың көңілін өзіне аударады, оны тазалығы үшін жақсы көріп, сыйлайтын болады. Алла елшісі таза нәрсені сүйетін.

Хадисте: «әйелдер ер адамдардың қарындасы» демекші, әйелге ерінің таза жүргені, таза тұрғаны жағады. Ер адам өз әйелінің салақ болғанын ұнатпағаны секілді, әйел де ерінің тазалықтан алыс болғанын ұнатпайды. Ер адам әйелінің салақтығына шыдауы мүмкін, ал әйелдер күйеунің салақтығына шыдауы екі талай.

Мен өздерін «тақуалар» деп атайтын жамағатты көргенім бар. Адамдардың ең кірі. Себебі, олар Ислами ілімнен махрұм. Осы тұрғыда, Дәуід Тай3 басқа. Оған танитындар: «Сақалыңды тарасаң қайтеді?» - дегенде, Ол (р.а.): «тарауға қолым тимей жүр» дейді екен. Оның бұл сөзі үзір, өйткені ақыретке деген қатты уайымы себепті, ол өзіне қарауды ұмытып кетеді екен, сол себепті сақалы қараусыз қалады екен. Егер ақырет уайымы себепті өзін жоғалтып алмағанда, сақалына жақсы қарар еді. Оның ол ісі өзгеге дәлел емес.

Алла елшісінің (с.а.у.) ерекшеліктеріне ақыл жүгірткен кісі, ілімде де, амалда да кемелдікті көреді. Ілесемін деген кісі, Оның соңынан ілессін. Ол (с.а.у.) адамдарға құжат (дәлел) болып табылады (өнеге алу үшін айғақ болып табылады)4. 


Толық аты жөні: Әбуль Фәрәж Абдуррахман ибн Али әл-Қураши. (м. 1116-1201 ж). ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген Ханбали мәзхабының фиқһ білгірі, тарихшы, әрі кәләмшы, сондай-ақ, Хадис саласының маманы. Көптеген іргелі еңбектердің авторы. Ислам тарихында «Ибн Жәузи» лақаб атымен танымал Ислам ғұламасы. Оның (р.а.) - Ибн Қаюм әл-Жәузиямен шатастырмау керек.
Һәйсәми: «Мәжмаъ»; Имам Ахмед; Табарани: «Кәбир». Әлсіз хадис.
Дәуід ибн Нұсайр ат-Тай Әбу Сүлейман - өзін құдай жолына арнаған, тақуа жан. Тегі Хорасаннан. Өзі Куфада дүниеге келген. Бағдадқа көшіп, Әбу Ханифаның ілім мәжілістеріне қатысқан. Кейін Куфа қаласына қайта оралып, өзін құлшылыққа береді.
4 Ибн Жәузи: «Сайдуль Хатыр». (Сілтемелер де сол кітапқа тән).

Қазақшалаған А. Қасым

 

 

0 пікір