Қазақ топырағында Абайға шейін Алланы тану мәселесімен шұғылданған ойшыл болмаған. Өзін сопылар деп атаған тақуалар (әулиелер) да «Алла бір, пайғамбар хақ» деп мәселені нақты қоймаған. Бір сөзбен айтқанда, сенім мен таным арасы ажыратылмаған. Абай болса, Аллаға сену мен оны тану бір ұғым деп қарамайды. Сенім діни қағида, таным гносеологиялық ұғым. Алғашқысы діни идеологияға негіз болса, соңғысы діни философияның категориясы. Бірақ Аллаға сену және оны тану мәселелері діни сана ауқымындағы ұғымдар. Сондықтан осы проблемалармен айналысқан, пікір айтқан адамдарды біз бүгінгі күні діни ойшылдар деп жүрміз. Олай болса, Абай да діни ойшыл (философ).
Абай Алланы танушы ойшыл. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас»,— деп Абай мәселені діни сана ауқымында қарастырып, бірақ Алланың растығына айрықша көңіл бөлген. Рас деген заттың құбылыстық мәнін әрі сапалық мөлшерін білдіре алатын өлшем. Заттың рас болуы да, болмауы да мүмкін. Алғашқыда рас болып айқындалған зат келекеле рас емеске айналуы ықтимал. Бірақ рас заттың рас емеске өтуі де ықтимал. Демек, растың бірақ мәні бар, ол - оның растығы. Бұл «рас» ұғымының бір қыры.
«Растың» екінші қырына келсек, онда оның растығын тану мәселесіне тірелеміз. Растың растығын тани алмасақ, ол жөнінде не айтуға болады? Онда Алланың барлығына сенуден басқа амал жоқ. Бірақ Абай Алланы рас дегенде, оны ақиқат деп отырған жоқ, танылатын мүмкіндік болмыс ретінде қарастырған. Абай өлеңінің екі жолында «расты» үш рет қолдануы тегін емес. Ол өлеңді қабылдаушының ойына өріс бергендік. Ақылың бар, сана сезімің бар, ойлан, түйсін. Алладан өзге қандай растық бар? Абай расқа үшінші жағынан келген. Ол - оның тарихи мәнділігі. «Алланың өзі де рас» осылай өткен тарихта да болған, қазір де солай, болашақта да солай бола бермек. "Рас", бұл мәнінде, мәңгіліктің өлшемі. Алла рас демек, ол мәңгілік шындық, оның растығы мәңгілігінде.
Растың төртінші қыры. Рас мәңгіліктің өлшемі дедік, бірақ болмыста өткінші жайлар да бар емес пе? Олардың барлығы да рас деме, «рас» дегенде, біз мәңгілігін мойындай отырып, сонымен бірге оның өткіншілігін мойындамасқа болмайды. Сонда бүгінгі «рас» болған нәрсе ертең «рас» емеске айналуы мүмкін бе? Жоқ, «рас» емеске айналатын нағыз растың өзі емес, ол адамдардың «рас» пен «рас еместі» ажырата алмағандықтарынан туған, жалған нәрсені «рас» деп қателесулері. Рас, әманда рас. Сондықтан Алланың ешқашан жалған (яғни, рас емес) болуы мүмкін емес.
Абай өз замандастарын да, кейінгі ұрпақ біздерді де Алла туралы сәл-пәл жеңіл әңгімеден аулақ болуға шақырған. «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес» дейтіні сондықтан. Абай ұғымында ол «ақылға сыймас шындық», сондықтан ол Алла мен адам арасындағы жалғастырушы күш махаббат деген тоқтамға келген.
"Дененің барша қуаты,
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты
Махаббат қылса,
Тәңірі үшін" - Алланың растығын Абай махаббат арқылы дәлелдемек болған, оның «махаббатсыз – дүние дос» дейтіні де сондықтан, яғни махаббатсыз адамның Алламен ісі жоқ, ол дүние байлықпен ғана дос.
"Сонымен, жалған болмайтын рас" не? - дегенде, Абай ол - Алланың өзі және сөзі дейді. Бұл мәнінде «рас» болмыстың синонимі. Әлемдегі рас, ол болмыс. Болмыс ешуақытта жалған болмақ емес. Абай дүниетанымында Алла шындық. Демек, шындық рас болса, Алла да рас. Шындық дегеніміз, қарапайым тілмен айтсақ, өмір, яғни өмірде бар екеніміз, істеген ісіміз, сөйлеген сөзіміз. Ол рас болса, онда Алланың сөзі де рас, өзі де рас. Қысқасы, шындықты мойындау Алланы мойындау. Бұл Абай (гуманизмінің) көзі. Алла ісіне мойын ұсынып, мұсылман болудың Абай айтқан шарты адамға адамшылықпен қарау.
Алла ішімді айтқызбай біледі ойла,
Бендесіне қастықпен кінә қойма.
Распен таласпа, мүмин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма! - Үшінші жолдағы «Распенен таласпа…» деп отырғаны ақынның Алла сөзіне күмәнданба дегені, себебі Алла жолына түссең, адам атыңды жоймайсың. Алла жолында болсаң, адамдықты жоймайсың.
Абай сонымен Алланы абсолют шындық ретінде ұсынып, ал оның сөзін жеткізушілер туралы өзгеше пікірде болады. Ол: «Замана, шаруа, мінез күнде өзгермек, оларға кезкезімен нәби (пайғамбар) келмек», дейді. Міне, осы тұста Абай өзі айтқан Алла жолы мен пайғамбар жолының айырығына келеді. Нәбилер келеді, кетеді, ал Алла мәңгілік. Нәбилердің келіп кетуін Абай қалыпты жағдай деп түсіндірген. Өзгермейтін бір Алла Oл - абсолют. Өзгеретін оны танушылар, оның құдіретіне бас июшілер. Адасатын Алла емес, адамдар.
Нәбилер (пайғамбарлар)
Енді «Алланың сөзі де рас…» деген мәселеге нәбилерге қатысты тоқтала кетсек, Алла «еш жерде өзгермейтін» мәңгілік рас қалпында қалса, онда неге бірінен соң бір нәбилер келмек? Алланың сөзі ешқашан өзгермек емес, бірақ замана, шаруа, мінез өзгереді. Сол өзгерістерге сай «өлшемді сөзбен» кез-кезіне орай нәби келеді. Егер әр пайғамбар сөзі мәңгілік болса, ол нәби емес, Алла болғаны. Нәбилер Алла сөздерін жеткізушілер, олардың сөздерінде бір-бірімен қайшылық бар, себебі, тағы қайталаймыз, пайғамбарлар сөзі де шектеулі. Мөлшерсіз, өлшемсіз, шектеусіз тек Алла сөзі, қалғандардың сөздерінің бәрінде белгілі мөлшер бар. Байқайсыз ба, ақын: «Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ», дейді. Алла туралы оның растығынан өзге сөз айтудың еш қажеті жоқ. Ол мінсіз, әңгіме осымен аяқталуы керек. Пайғамбарға мұндай мінездеме беруге болмайды. Абай оны «хақ» дейді, себебі ол Алла сөзін сөйлеуші, бірақ ол да өз кезегімен, Алла әмірімен келген, олай болса, оның да өзгеге кезек беруі ғажап емес. Бұл Алла, нәби туралы Абайдың төл дүниетанымы. Ол ешкімді қайталап отырған жоқ, оқыған түйгендерін өлең сөзбен өз ой елегінен өткізіп, санасында салмақтап, халқына ұсынып отыр. Мұндай ойларды айтудағы жауапкершілікті Абай жақсы білген, ол Алла туралы сөз жеңіл деп отырған жоқ, қайта ұлы тақырыпқа тереңдеп, жаңаша ойлау жүйесін жасауға талпынған.
Ислам дінінде иман келтіріп, мұсылман атану үшін Алланың бір, пайғамбардың хақтығын мойындау шарт. Абай бұл шартты бұзып отырған жоқ: «Алланың, Пайғамбардың жолындамыз, Ынтамызды бұзбастық-Иманымыз», деді. Бірақ Абай дүниетанымында Алланың орны бір басқа, пайғамбардың орны бір басқа. Ақын мәңгілік өмір мәні турлы сөз қозғағанда, тарихта аты есімі бар жеке адамдарды негізге алмайды. Ол мәңгілік ұғымдарды қолданады. Олар Алла мен Адам. Нәбилер де адамдар. Сондықтан Абай философиясында әдеттегі ислам дініндегі Алла Расул Адам болып келмейді, мұнда орта буын жоқ. Абай Алла мен Адам туралы айтады. Бұл - діни демократия. Адам дамуындағы кедергілерді жою. Алла шексіз, оны танымақ болсақ, өзіңді де шексіз дамыта бер, сонда адамдық атыңды жоймақ түгіл, кәміл мұсылман болғандығың. Абайдың айтуынша, Алла өзінің әр пендесіне шамамен, мөлшермен ізгілік, даналық беруші. Бірақ Алла адамдарға осыларды гүлдендіріп, рауа беріп, оларды пайдаға асыру ғана мүмкіндігін берген. Осы мүмкіндіктерді адам қалайша іске асырмақ? Бұл жолда олар Алланың растығын мойындай отырып, кімдердің соңынан ермек? Ондай ертушілер үшеу: пайғамбарлар, әулиелер және хакімдер. Ал «кәміл мұсылмандар» осы үшеуінің қайсысының соңынан еруі керек? Егер пайғамбарлар мен әулиелер айтқандай, Құдайға құлшылық жолына түсіп, өз нәпсілерін пида қылса, дүние ойран болмақ, себебі «бұлай болғанда малды кім бағады, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарды кім іздейді?». Сондықтан «кәміл мұсылмандарға» хакімдер қажет. Олар діни ұстазымыз болмаса да, Құдайдың елшісі Мұхаммед пайғамбарымыздың айтқаны бар: «Адамның жақсысы адамға пайда келтірген адам». Хакімдер қызметі осы бағытта. Абайдың осы ойлары ислам шеңберінен шығып жатыр. Ол Алланы танудан адамгершілік, ізгілік туралы ойлар таратқан. Оны Европада «гуманизм» деп атайды.
Абай ұғымында Алланы сүю адамның жеке басындағы абзал қасиеттерді қастерлеу, адамгершілікті негізгі қағидаға айналдыру, ал ол үшін ең алдымен өзіңді өзің тазалауың қажет. Алланы сүю ізгілікке байланысты жол. Өзін күнә арқалап тұрып, Алланы сүйе алмайсың, алдымен күнәңнан арыл, өзіңді өзін ластан аршы, одан кейін барып хақ жолына түс. Бұл жолға түссең, бойыңдағы қуатың, ақылың, сезімің өріс алмақ, санаң сәулеленбек. Алланың сүйікті құлы болуға Абай адам бостандығы үшін шақырады. Адамның жеке басының бостандығы оған тән жақсы қасиеттерді дамытқанда ғана барып болатынын ақын жақсы білген.Абай ұғымында Аллаға жетудің жолы көп. Адам баласы нәсіліне, дініне қарамастан түптің түбінде тоғысуы, тіл табысуы ықтимал. Ол үшін әлемде хакімдер сөзі үстем болып, олар билік жүргізсе, сол заман Алланың растығын мойындау заманы болмақ.
Абай әлемі өзгерісті мойындаған. Оның пікірінше, дүние бір қалыпта тұрмайды, ол күнде өзгереді. Қозғалыстың түбірі «қозғау» десек, онда Абай қолданған «өзгеріс» деген ұғымға қарағанда «қозғалыс» тым қарабайыр түсінік. Қозғалыстың түбірі «қозғау» болса, қозғалыс өзінен өзі өрбитін құбылыс емес, біреудің күші, әлдененің әсері арқылы болатын таза механикалық сипат алған. Ал бізге керегі қозғалыс деген ұғымның сыры ішінде болуы, ол өзінен-өзі қозғалыста болуы. Қозғалыс болған соң, ол әмәнда қозғалыста болады. Бұл мәңгілік қозғалыстың сыры ішінде, оның адамға беймәлім болғандығын мойындау керек. Осы мәнде алғанда, қозғалыс дегенге қарағанда, Абай айтқан «өзгеріс» әлдеқайда мазмұнды. Себебі ақын адамзат күнде өзгергенде, замана күнде өзгергенде, күллі мақлұқ өзгергенде, біреудің ықтиярымен, еркімен болып отырған жоқ. Бұл өзгеріс өзінен-өзі болып отырған. Абай оның себебін ашпаған. Егер ақын осы ұғымға сүңги берсе, өлең емес, философиялық трактат жазған болар еді. Абай ақын, ол өзінің ақындық қызметін атқарған. Өзгерісте болатын дүние туралы өлең жазған. Оны түсіну, түсіндіру біздің міндет. Күллі мақлұқтың, заманның, адамзаттың өзгерісте болуының өз ішкі себебі бар. Қысқаша айтқанда, өзгеріс деген тұрмыс-тіршілікке ынталану, өмір сүруге талпыныс. Бұл қасиет табиғаттың өзінің бергені. Демек, «өзгеріс» дегенде, оның себебін, табиғатын өзінен тапқан. Өзгерісті ешкім ақылмен жасамайды, ол болмай қоймайтын қажетті іс. Өзгерісті бұлайша қабылдау - оны философиялық ұғым деп мойындау.
Екіншіден, ақын өлеңді қабылдауда бір жұмбақ проблема ұсынып тұр. Дүниеде өзгеретіндер барда, өзгермейтіндер бар. Абайдың мына ойларына назар аударалық: «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер…» «Қағида шариғаты өзгерсе де, Тағриф Алла еш жерде өзгермеді…» «Күллі мақлұқ өзгерер, Алла өзгермес…» Абай Алланың өзгермейтіндігін нақтылап, басын ашып айтқан. Сонда Аллада шаруалы мінездің болмағаны ғой. Алла туралы өлшем мен Адам туралы өлшемнің мәні екі басқа болғаны ма? Алла мен Адамға ортақ өзгеріс заңдылық жоқ па, неге Абай оны айтқысы келмейді? Алла Абай ұғымында абсолют мәңгіліктің есімі. Одан өзгелер өзгеріске түсе беретіндер. Сөйтіп, біз өзгерістің абсолюттік және шарттылық қасиеттерін түсінуге тірелдік. Бұл қазіргі ғылымда және философияда бар. Оқулықтарда тек қана «өзгеріс» демей, «қозғалыс» деп жүрміз. Абай өзгеріс туралы неге қадалып айтып отыр? Оның себебі күнде өзгерген заманға жол бастар көсем керектігі. Замана, шаруа, мінез күнде өзгереді, Оларға кез-кезімен нәби келді.
Өзгеріс тек қуаныш емес, қайғы, адасу, қауіп әкелуі мүмкін, сол үшін әр заманға кез-кезімен нәби (пайғамбар) келеді. Пайғамбар деп өз заманының санасын өзгертіп, жаңа ойлау жүйесін жасайтын тұлғаны айтамыз. Адамзат баласына Адам бастап келген пайғамбарлардың нақ санын бір Алла біледі, ал Құранда аттары аталған пайғамбарлар көп. Нәбилер кез-кезімен келуі, Алла атынан елшілік құрғандықтан, Абайдың Алланың қағида шариғаты өзгереді деуіне дәлел бар. Ал сөздің турасына келсек, Алланың қағида шариғаты өзгереді деуінің өзі діннен шығушылық. Алла өзгермейді дей тұра, оның шариғаты өзгереді дейміз. Қайшылық - өзгерістің өзінде. Өзгеріс дегеніміздің өзі қайшылықты құбылыс. Бір жағынан, ол мәңгілік (өзгермейтін Алла), екінші жағынан, ол әманда өзгерісте (адамзат, заман, шаруа, мінез, күллі мақлұқ). Мәселе қиындығы - өзгермейтін Алла мен өзгермелі дүние арасындағы байланыста. Алла өзгермегенмен, оның күнде өзгеріп жатқан адамзатқа айтар сөзі өзгеруі шарт. Олай болғанда, Алла мен адамзат байланысы үзіледі. Сол үшін нәбилер бірінен соң бірі келмек. Әр нәби өз дүниетанымымен келгенмен, анығында айтар сөзі біреуақ, ол Алланың растығы. Басқа айтар сөз жоқ. Абайдың Алла өзгермес деп отырғаны міне осы мәнде. Алла ақиқат, оны тану керек. Тану жолы көп. Нәби айтып жүргені сол жолдар.Түптің түбінде оның бәрі Алланың растығын қабылдауға бастап апарады...
«Абай дүниетанымындағы Алла мен Адам болмысы»,
ықшамдап алынды.