1-хадис: Алла Тағаланың разылығына бөленген жас
1-хадис: Алла Тағаланың разылығына бөленген жас
9 жыл бұрын 5603
Асқар Болатбекұлы

 يَعْجَبُ رَبُّكَ مِنْ شَابٍّ لَيْسَتْ لَهُ صَبْوَةٌ

Арзан ойын-күлкі мен тән ләззатына құмартпайтын (қызуы мен қызығы мол жалындаған жастық шағында нәпсіқұмарлыққа салынбай Хаққа құлдық ұрып өткізуге бекінген) жасқа Раббың дән риза болады.

(Уқба ибн Амир (р.а.) жеткізген, Ахмед ибн Ханбәл, Мүснәд, 4-151. Табарани, әл-Муғжамуль-кәбир, 17-309. Хәйсами, Мәжмәғу-зәуәһид, 10-477. Мүснәду Харис, 2-986. Абдуллаһ ибн Мүбәрак, Зүһд, 1-118. Мүснәду Шиһәб, 1-336. Ажлуни, Кәшфуль-хафа, 1-286, 748-хадис)

 

Хадиске түсіндірме: 

Бұл пайғамбарымыздың жастарға қарата айтқан хадисі. Хадисте жалындаған жас болса да нәпсіге азбай, имандылық жолын ұстанған жастардың Алла Тағаланың ерекше ықыласына бөленетіндігі жайлы айтылуда.

Жастық шақта дүниенің қызылда-жасыл бар қызығы менмұндалап тұрғанда, бұған қоса нәпсі мен әзәзіл шайтан үнемі азғырған уақыттарда «жоқ, мен Алладан қорқамын», – деп, Жаратушы иеге асылық қылудан барынша сақтанған салиқалы да сабырлы жастың Хақ тағаланың шексіз шарапатына бөленері сөзсіз. Жастық шақта нәпсіге ермей салиқалылық пен арлылықтың ерен үлгісін көрсету оңай емес екені рас. Осыған орай, дінімізде сабырдың үш түрі бар делінген. Атап айтсақ, олар – құлшылық етуде сабырлылық таныту, күнә атаулыдан сақтануда сабырлылық таныту және басқа түскен ауыртпалықтар мен қайғы-қасіретке сабыр ету. Сабырдың қай түрі болмасын адам баласынан ерекше күш-жігер талап етеді, әсіресе, алғашқы екі түрі. Міне сондықтан Аллаға толық бағынып, қалтқысыз құлшылық ету және күнәнің ауылына аяқ баспай адал өмір сүру екінің бірінің қолынан келе бермейтін нағыз ерлік десек артық айтқан болмаймыз. Ал енді осынау ерлікті егде тартып қайраты мен шаһуаты кеміген адамның көрсетуі бір бөлек те, күш-қуаты мен шаһуаты тасыған, қайраты қара тастай албырт жастың көрсетуі бір басқа. Сол себепті, жас шағында күнәдан аулақ болып, Раббысына риясыз құлшылық еткен жастың асау нәпсіге қарсы күресте көрсеткен ерен ерлігі екі дүниеде де жоғары бағаланбақ. Ондай қаһарманға берілетін ең жоғары баға мен баға жетпес сый – Алланың разылығы болмақ!

Жаратушының разылығына бөленуден асқан бақыт бар ма?! Адамзаттың қаймағы болған барлық пайғамбарлар, сахабалар, әулиелер мен тақуа ғұламалардың бар мұраты Хақ тағаланың разылығына бөлену емес пе еді?! Осы орайда, Құранда аты аталған жиырма бес пайғамбардың бірі һәм бірегейі, жас шағында албырт нәпсімен күресте жастар қауымына өнеге көрсетіп, үлгі шашқан, көркіне ел тамсанған Жүсіп пайғамбар жайлы айтпай кетуге болмайды. Жүсіп пайғамбар «Жаным – арымның садағасы» деп, ар тазалығын бәрінен жоғары қоятын жан еді. Құранда оның атымен аталатын сүре бар. Сол сүреде ол жайлы былай баяндалады: «Шаһардағы әйелдер: Уәзірдің әйелі қол астындағы бір жас жігітпен ашына болуды қалап, оны азғырыпты-мыс. Шын ғашық болып қалыпты. Байғұс әйел ақылынан әбден алжасқан екен, – деп, біріне-бірі сөз тасыды. Олардың өсегі уәзірдің әйелінің құлағына жеткенде, ол әлгілерге кісі жіберіп, барлығын қонаққа шақырды. Арнайы дастархан жайып, әрқайсысының алдына бір-бір пышақ қойды. Қонақ әйелдер қолдарына пышақ алып, алдарындағы жеміс-жидекке бас қойған сәтте Жүсіпке: – Қане, шық та қонақтарға көрін, – деп бұйырды. Әйелдер оны көргенде, ауыздары ашылып, жас жігіттің көркіне тамсанғандары соншалық, өз қолдарын қалай кесіп алғандарын да сезбей қалды. Таңданыстарын жасыра алмай: – О, Құдай, бұл адам емес, періштенің нақ өзі ғой! – десті. Сонда уәзірдің әйелі: – Міне, мені жазғыруларыңа себеп болған жан – осы. Мен, расында да, онымен ашына болуды қалап, мейлінше азғырып бақтым. Алайда, бұл жігіт нәпсісін тізгіндеп, арын сақтай білді. Егер ол әлі де өзіне бұйырғанымды істемесе, сөзсіз, зынданға тасталып, әбден қорлық көреді, – деді. Сол кезде Жүсіп (әйелдердің арбауынан біржолата құтылу үшін): – Уа, Раббым! Мыналардың мені мәжбүрлеген ісін істегенше зынданға қамалғаным артық. Егер олардың (арбауынан сақтап) бәлесінің бетін ары қылмасаң, еріксіз көңілім ауып, (ақ пен қараны ажырата алмайтын, ажыратса да, біліп тұрып күнәға баратын) көкірегі соқыр надандардың біріне айналуым ғажап емес, – деп жалбарынды. Раббысы оның тілегін бірден қабыл алып, одан әйелдердің бәлесінің бетін ары қылды. Ол – Сәмиғ (бәрін естуші), Алим (шексіз ілім иесі)»[1].

Дінімізде Жүсіп пайғамбар сынды адалдық пен арлылықты ту етіп, кейінгі ұрпаққа үлгі шашқан жандар қаншама десеңші. Әйел затынан да жастайынан-ақ адалдық пен арлылықтың рәмізіне айналып, әйелдер қауымына өшпес өнеге болған Мәриям, Хадиша, Айша, Фатима сынды ардақты аналарымыз қаншама. Исламда алғаш иман етіп, дін үшін басын тіккен сахабалардың да дені жастар болған. Бүгінгі таңда бүкіл әлем адамгершілік пен Хақ жолындағы жанкештіліктің ең жоғарғы үлгісін көрсеткен саңлақ сахабалардай жастарға зәру. Ендеше, бүгінгі жастар Абай атамыздың «болмасаң да ұқсап бақ» дегеніндей, осынау біртуар тұлғалардан өнеге алып, соларға ұқсауға барынша тырысқаны жөн. Иә, бүгінгі өскелең ұрпақ хазірет Әбу Бәкірдің Аллаға және пайғамбарға деген адалдығы мен шынайылығын, хазірет Омардың парасаты мен қара қылды қақ жарған әділдігін, хазірет Оспанның ұяттылығы мен мәрттігін, хазірет Әлінің тақуалығын, ілімін әрі батылдығын, Хадиша, Айша, Фатима аналарымыздың пәктігі мен ибалығын бойына сіңіріп өссе, күллі мұсылман үмбетінің келешегі жарқын болмақ.

[1] «Жүсіп» сүресі, 30-34 аяттар

0 пікір