«Таршылық адамды шынықтырады,
Баршылық адамгершілікті ұмыттырады»
Нақыл сөз
Біріншіден, Алла Тағала – бәріміздің Ұлы Иеміз. Терең үңілер болсақ, біз денеміздегі ешбір мүшемізді өзіміз жаратпадық, еш жерден сатып та алмадық. Бұлардың бәрі бізге Ұлы Шебер тарапынан тегін берілді. Сондықтан, біз – Ұлы Жаратқанның иелігіндегі басыбайлы мүлкіміз. Ендеше, Ұлы Иеміздің өз мүлкімен нендей қатынас жасауы Өз қалауында. Ауыртады, кейін «Шафи» есімімен көмектесіп шипа береді. Құлын ашықтырады да, кейін Өзінің теңдессіз «Раззақ» екендігін, яғни рызық беруші екендігін сездіртеді.
Екіншіден, Ұлы Жаратушымыз өте әділетті. Ол ешбір құлына титтей де қиянат жасамайды. Әділдік дегеніміз не? Әділдік деп негізінен жүктің қоржынның екі жағына тең артылуына айтылады. Яғни, берілген нәрсеге қарай қарымының қайтарылуына әділдік делінеді. Берілген нәрсенің қарымы кем болса, «қалғаны қайда?» деп жетпегенін сұрауға қақымыз бар. Бірақ, тегін берілген нерсеге аз бердің яки көп бердің деп реніш білдіруге, «әділдік қайда?» деп аттан салуға ақымыз жоқ. Мысалы, бай адам бір ауылға барып тегін көмір, ұн таратып, екінші бір ауылға барып тек қана ұн таратса, сонда еншілеріне тек қана ұн тиген екінші ауыл әлгі адамға рақмет айтудың орнына «бізге ұн ғана бергенің не» деп шағым жасап, «барып тұрған әділетсізсің» дей ала ма? Әрине, жоқ. Себебі, тегін берілген нәрсеге «аз» яки «көп» деп шағым жасау әділетсіздіктің нақ өзі болмақ.
Керек десеңіз, Жаратқанның тегін берген әрбір мүшеміздің қайтарымына біз не бердік? Бір ғана мүшенің қарымын төлеңдер десе өтей алар ма едік? Ұлы Жаратушыны әділетсізге балап, «екінші көзімді бер» деп қатаң талап ететіндей біз Оған не беріп едік?
Әрине, егер тілек тілеген сәтте шағымдану емес, Оған деген мұқтаждығымызды сезініп, құдіретіне бас иіп сұрасақ, ол басқа мәселе.
Үшіншіден, өмірде кездесетін әр түрлі қиыншылықтар, айықпас дертке шалдығу, бір мүшенің кем болуының адам үшін дүниелік кішігірім зияны болғанымен, оның рухани өмірімізге ақыреттік пайдалары өте көп. Жанын құтқару үшін гангрен (іріңдеп, шіріген) болған саусағының кесілуіне ешкімнің қарсы шықпасы анық. Яғни кішігірім зиян үшін үлкен пайдаларға ешкім тосқауыл болмайды. Оттың өртке себеп болуын желеу етіп оттың бар пайдасын жоққа шығарып, жалпы от атаулыны «жаман» дей алмаймыз ғой. Міне, дүниеде құлдың басына келетін әр түрлі қиыншылықтар мен аурулардың да дүниелік зияны болғанымен оның ақыреттік пайдасы өте зор. Адамның рухы өмірдегі қиыншылықтар арқылы тазарып, кемелдікке қарай қанат қағады. Әр түрлі ауруларға, қиыншылықтарға тап болған адам үнемі өзінің әлсіздігін әрі Раббысына деген мұқтаждығын сезінеді. Әрдайым Оны ойлап, Оған қол жайып медет тілейді. Раббысымен үнемі байланыста болып, Жаратушысына қарай жақындаған сайын жақындап дәрежесі артады. Өмірдің пәнилігін түсініп ақыретке, мәңгілік өмірге ынтық келеді. Себебі, жағдайы жақсы, өмірі қиындық көрмеген жандар көбіне Раббысына деген мұқтаждығын, өзінің әлсіздігін ескермей, ұмыт қалдырады. Дүниені, бойындағы күш қуатты, жастықты мәңгілік деп есептегендіктен, мына дүниені өлердей жақсы көріп, ақыретті естен шығарады. Құлшылық міндетіне салғырт қарап, күнәсіне бейғам келеді. Міне, басқа түскен қиыншылықтар мен әр түрлі аурулар адамды осындай ақыретке деген бейғамдықтан сақтап, күнәға қарсы сергектігін оятады.
Аурулар мен қиыншылықтар – сабыр етіп, ақыретте Раббысының беретін сыйсияпатын ойлаған жанның күнәларына кәффарат٭ болады.
Хадисте: «Алла Тағала мұсылманның душар болған ауру, шаршау, дерт, қайғы тіпті уайымдаған уайымы арқылы кейбір кінәларын кешіреді»[1] делінеді.
Бұған қоса, душар болған аурулары мен өмірде кездесер түрлі қиыншылықтарға сабыр ете білген адамның бір сағаттық ғибадаты, бәлкім, өзгелердің бір күндік ғибадатына, тіпті бір минуты бір күндігіне тең болады. Осылайша қысқа ғана өмірдің берекеті тасып, ғұмыры ұзара түседі. Бәлкім, сабыр ету арқылы өзге жандардың түні бойы намаз оқып ала алмаған сауабына кенеледі.
Алла Тағала қудси хадисте: «Мен кімнің (мына дүниеде) екі көзін соқыр етіп сынасам және құлым бұған сабыр етсе, ол құлыма екі көзінің орнына ақыретте Жәннатты беремін»[2] дейді.
Бұл дүниедегі басына түскен қиыншылықтар мен душар болған ауруларға сабыр еткен адамның ақыреттегі сауабын көрген өзге жандар «біз де дүниеде сан түрлі қиыншылыққа душар болып, бүгін мынандай мәңгілік сауапқа кенелгенімізде ғой» деп қызыға қарайды.
Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Мұсылманның ісі (өмірі) мені қатты қайран қалдырады. Оның әрбір ісі ол үшін қайырлы әрі жақсылық. Бұл тек мұсылманға ғана тән. Ол бір қуанышқа тап болса, шүкір етеді, (сауапқа кенеледі) сөйтіп, оған бұл қуаныш жақсылық болып жазылады. Ал егер басына бір қиыншылық түссе, сабыр етеді де, (сауапқа кенеледі) сөйтіп, оған қиыншылық та жақсылық болып жазылады»[3]деп,қиыншылықтарға сабыр ету арқылы мол сауапқа кенелетінімізді білдірген. Дене мүшелеріне зиян келген, әр түрлі ауруларға шалдыққан адамдар әрбір мүшенің, денсаулықтың қадірін жақсы түсінгендіктен, дене мүшесі сау өзгелерден гөрі Раббыларына көбірек шүкір етеді. Әрбір мүшесінің бағамен өлшенбейтіндей құнды сый екенін өзгелерге де ұқтырғаны үшін сансыз сауапқа кенеледі. Оларды көрген өзге жандар да тәубелеріне келіп, Раббыларына шүкір етеді. Сөйтіп, басқалардың да Раббыларына бет бұруларына, Оның берген нығметтерінің қадірін түсінуіне себеп болғандықтан, «Бір іске себепкер – сол істі істегенмен бірдей» демекші, ақыретте күтпеген жерден сансыз сауапқа белшеден батады.
Иә, Алла Тағаланың құлдарына берген уайымқайғы, аурусырқау, әр түрлі қиыншылықтар – өткен өмірлеріндегі күнәларына кешірім, қазіргі өмірлері үшін сауап, келешек ғұмырына ғибратты дәріс әрі ескерту. Міне, құл осыны түсінсе, өмірге деген көзқарасы әпсәтте өзгеріп, ойындағы қалың қайғыдан, бойындағы ауыр сезімнен арылады.
٭ Күнәлардың кешірілуі.
[1] Бухари, Марда/1, Муслим, Бирр/52.
[2] Тирмизи. Бухари, Марда/7.
[3] Әбу Зәкария Мухиддин Иахия ӘнНәуәуий, музһатулМуттақин, 1том, 49бет. МуәссисәтурРисәлә, Байрут 1991ж. (Муслимнен).