Алла Тағаланы неге көзбен көре алмаймыз?
Алла Тағаланы неге көзбен көре алмаймыз?
11 жыл бұрын 7819

Әсілінде бәріміз Ұлы Жаратушыны көрудеміз. Бірақ көру қабілеті шектеулі жалаң көзімізбен емес, ақыл көзімізбен көрудеміз. Рас. Мысалы, түрлі жеміс-жидектердің дәмін көзбен көру мүмкін емес, бірақ тілімізде орналасқан дәм тату түйіршіктері арқылы сеземіз, оларды бір-бірінен ажыратамыз. Дыбыстарды, әр түрлі иістерді де көзімізбен көре алмаймыз. Оларды құлағымыздың есту, мұрнымыздың сезу қабілеті арқылы сезіп, білеміз. Міне, дәл осылай біздер жан-жағымызды қоршап жатқан өздігінен пайда бола алмайтын мына сансыз таңғажайып жаратылысқа қарап, Ұлы Жаратқанның бар екенін, бір екенін, құдіретін түсінеміз, Ендеше, Оны ақыл көзімізбен көреміз.

«Өз басым Алланы көрген емеспін, олай болса Ол жоқ» деу, көру қабілеті белгілі заңдардан аса алмайтын, көру аясы шектеулі көзіміздің әлсіздігімен қоса Ұлы Жаратушының ұлылығы мен шексіздігін түсінбеуден туады. Түймедей екі көзімен күллі болмыс әлемінен ада шексіз Алла Тағаланы неге көре алмаймын деу күлкілі нәрсе.

Көздің әлсіздігі соншалық – тікелей көру мүшесі бола тұра ол өз-өзін көре алмайды. Ал енді осындай өз-өзін көруге қабілетсіз көзбен «Алла Тағаланы көре алмадым, олай болса, Ол жоқ» деу қисынға келе ме?.

Негізінде айналамызда көзге көрінбейтін, бірақ бар екендігіне еш күмән жоқ қаншама нәрсе бар. Мысалы, адамның рухын, қуану, қайғыру сезімдерін және ақыл-ойын, әлемдегі тартылыс, гравитация күшін көзімізбен көре алмағанымызбен бұлардың бар екендігіне ешкім күмән келтірмейді. Өйткені, біз нәтижесіне қарап бұлардың бар екендігіне көз жеткіземіз. Айталық,  жүзіміздің реңіне, даусымыздың шығу ырғағына, бет-жүзіміздің құбылуына қарап адамның қуанғанын яки қайғырғанын білеміз. Бірақ қуаныш пен қайғы сезімдерін көзімізбен көре алмаймыз.

Көзбен көру үшін көрінетін заттың қарсы алдыңда тұруы және оның материалдық нәрсе болуы шарт. Демек, көзіміздің көруі осы тәрізді бірқатар заңдылықтарға тәуелді. Ал Алла Тағала шектеулі әрі материалды болмағандықтан, Оның тек қарсы алдымызда яки басқа белгілі бір мекенде болуы да мүмкін емес. Себебі, барлық мекен атаулы кейіннен жаратылған. Ал Алла Тағала сол жаратылған мекендер жоқ кезде де бар еді. Міне, гәп осында. 

Олай болса, көру аясы тар,  көру қабілеті кейбір заңдылықтарға тәуелді әлсіз көзімізбен  Алла Тағаланы мына дүниеде көруіміз мүмкін емес. Демек, Ұлы Жаратушыны көре алмауымыз Оның жоқтығының белгісі емес, керісінше, көз көре алмайтындай Оның ұлылығы мен шексіздігінің, сондай-ақ біздегі көздің тым әлсіздігінің белгісі.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

لاَ تُدْرِكُهُ الأَبْصَارُ وَهُوَ يُدْرِكُ الأَبْصَارَ

«Көздер Оны көре алмас, бірақ Ол көздерді көреді»[1],-делінген.

Алла Тағала бізді бұл дүниеге Өзін мына жаратылысқа қарап, тапсын, танысын, білсін, Өзінің құдіретінің, шеберлігінің, ілімінің алдында таңғалып бас исін, құлшылық етсін деп, сынақ үшін жіберген. Ал енді бізге ерекше көру қабілетін беріп бұл дүниеде өзін көрсетер болса, бізді бұл дүниеге жіберуіндегі сын-сынақтың мәні болмас  еді.

[1] Әл-Әнғам сүресі/103.

0 пікір