Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Маған зекет бер» – деген адамға былай жауап берген:
«Ұлы Аллаһ зекеттің берілетін орындары жайында пайғамбарының да, басқаның да үкіміне разы болмай, өзі берді. Оны сегіз топқа бөлді. Егер сол сегіз топтың ішінде болсаң, саған есеңді беремін».[1]
Иә, зекеттің берілетін орындарын Алла Тағала «Тәубе» сүресінің алпысыншы аятында тағайындап білдіреді: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), кедей-кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге, зекетті жинауға тағайындалған адамдарға, көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға), құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Аллаһ жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Аллаһ тарапынан парыз етілді».[2]
Бұл аятта айтылған сегіз топты былай түсіндіруге болады:
1-2. Пақырлар мен міскіндер
Пақыр деп – нисап мөлшеріне жететін байлығы жоқ адамдарға, міскін деп – түгі жоқ адамдарға айтылады.
3. Зекет жинауға тағайындалған арнайы адамдар
Зекеттердің жиналуы, сақталуы, есептеліп, лайық адамдарға таратылып, тапсырылуы сияқты жұмыстар үшін мемлекет тарапынан тағайындалған адамдар. Бұларға зекеттен белгілі есе аталмыш еңбектерінің қарымына айлық ретінде берілгендіктен тағайындалған адамдардың бай болулары зекеттен мемлекеттің белгілеген мөлшерін алуларына бөгет емес.
4. Муәллафатул-қулууб
Мұсылман болу бақытына әлі кенелмеген кейбір адамдардың жаманшылығынан сақтану үшін және Ислам дінін жаңадан қабылдаған иманы әлсіз адамдардың, тіпті әлі Исламды қабылдамаған кейбір адамдардың көңілін жібіту үшін Пайғамбарымыз (с.а.у.) кедей болсын, ауқатты болсын, оларға зекеттен белгілі есе беріп отырған. Міне, осы аталмыш үш топ Құранда айтылып, зекеттен белгілі бір есе тағайындалған «муалләфатул-қулууб» тобына жатады.
Бірақ Хазіреті Омар дәуірінде бұл топқа берілетін зекет есесі тоқтатылған. Тоқтатылуының басты себебі, Ислам дінінің дүниеге қанат жайып қуаттанғаннан кейін бұлардың көңілін Исламға жібітіп, жаманшылықтарынан сақтанудың қажеті болмай қалуында еді. Бірақ кейбір ғалымдардың фәтуасына сүйенсек, қажет болған жағдайда, қайтадан бұл топқа беруге болады.
5. Құлдар
Қожайынынан азат болу үшін белгілі ақшаға келіскен құлдарға зекет беріледі. Міне, бұл Ислам дінінің құлдарды азат ету жолында жұмсаған еңбектерінің бір көрінісі.
6. Қарызға батқандар
Қарызынан тыс нисап мөлшеріндегі малға ие болмаған немесе басқасында алатын қарызы болып, қайтарып алуы мүмкін болмағандар «қарызды адамдардың» тобына жатады. Пақырға зекет бергеннен гөрі қарызынан қиыншылық көріп жатқан адамдарға зекет беру – абзал. Өйткені, қарызынан құтылу – қарызы бар үшін басты міндет.
7. Аллаһ жолында
Бұл топқа Аллаһ ризалығы үшін ілім іздеушілер, Аллаһ Тағаланың дінін қорғау және жастарымызды имандылық, адалдық, адамгершілік, әділдік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелеу үшін, жалпы қоғам пайдасына шешілетін қайырлы істер үшін бар күштерін салып еңбек етушілер кіреді.
8. Қаржылары бітіп, жолда қалғандар
Бұларға негізгі тұрғылықты жерлерінде ақшалары барлар жатады, яғни, бай болса да оларға зекет беріледі (қажылар, ілім ізденушілер, т.б. сияқты).
Бір адамның зекеті осы сегіз топтың барлығына берілуі шарт па?
Ханафи мәзһабындағы ғалымдардың көпшілік пікіріне сүйенсек, зекет есесін сегіз топтың барлығына бірден беру шарт емес. Яғни, осы сегіз топтың біреуіне ғана берілсе де, зекет ғибадаты орындалады.
Зекеттің бәрін бір адамға түгелдей беруге бола ма?
Ханафи және Шафиғи мәзһабында бір адам зекетін толық немесе бірнеша адам зекеттерін жинап бір пақырға яки міскінге берулеріне болады. Бірақ бір адамға нисап мөлшерінде немесе нисап мөлшерінен артық беру – мәкрүһ.
Егер зекет есесі бірнеше адамға бөлініп берілген жағдайда әрқайсысына өте аз үлес тисе, берілген адамдардың ешқайсысына татымайтындай болса біреуіне ғана берген жөн.
Күйеуі – әйеліне, әйелі – күйеуіне малдарының зекеттерін бере ала ма?
Әйелдің нәпақасын қамтамасыз ету – күйеуінің міндеті. Күйеуі пақыр әйеліне малының зекетін бере алмайды. Имам Әбу Ханифа хазіреттің пікіріне сүйенсек, бай әйел малының зекетін мұқтаж күйеуіне бере алмайды. Ал, Имам Әбу Юсуп және Имам Мұхаммедтің пікіріне сүйенсек, беруіне болады.
Қайын ата және қайын ана – күйеу балаларына, күйеу балалары – қайын аталары мен қайын енелеріне малдарының зекеттерін берулеріне болады.
Әкесінің мұқтаж туған-туыс, бауырларына, нағашыларына және өзінің бауырларына малдарының зекетін беруге бола ма?
Өзінің зекетін аталмыш адамдар кедей болып жатса, беруге болады. Тіпті мұқтаж аталмыш туыстарға зекет берудің абзал екенін Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Кедейлерге берілген садақа – бір садақа, ал, туыстарға берілген садақа – екі садақа. Біреуі – садақа. Екіншісі – туыстарға жасалған жақсылық»,[3] – деп білдіреді.
Байға зекет малынан жеуге рұқсат па?
Байға зекет алуға болмайды, бірақ кедейге берілген зекет малынан жеуіне болады. Мысалға, кедей адамға зекет беріліп, кедей де берілген зекетті бай көршісіне жегізсе, немесе сыйласа, сыйды алуына болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл турасында былай деді: « Бес кісіден басқа, бай кісіге – садақа адал емес. Олар мыналар:
1 – Алла жолында соғысқа шыққан
2 – Садақаны (зекетті) жинауға тағайындалған
3 – Қарызданған
4 – Садақа малын өзінің ақшасымен сатып алған
5 – Кедей көршісі өзіне берілген садақадан бай көршісіне сыйласа».