Ақшаның зекеті
Пайғамбарымыз (с.а.у.) дәуірінде қазіргідей қағаз ақша емес, динар (алтын ақша) мен дирһам (күміс ақша) қолданылғандықтан, қазіргі қағаз ақшаның зекет нисабын белгілеуде алтын мен күміс негізге алынып есептеліп отыр. Алтынның нисабы – 85грамм. Егер белгілі бір адамның ақшасының құны кем дегенде 85 грамм алтынның құнына тең келсе, ол кісіге жалпы ақшасының қырық та бірін зекет ретінде беру – парыз. Ақшасының мөлшері нисап көлеміне жетпей, иелігіндегі алтынын немесе сауда заттарын қосқанда жететін болса, зекет беріледі.
Алтынның зекеті
Жоғарыда алтынның белгіленген нисап мөлшері – 85 грамм дедік. Міне осы 85 грамм алтыннан 2.125 грамм зекет ретінде беріледі. Бұл – 2,5%, яғни, 85 грамның қырық та бірі деген сөз.
Әли (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымз (с.а.у.) алтынның нисап мөлшерін былай деп білдіреді: «Алтыннан жиырма динарға жетпейінше зекет алынбайды. Сенің жиырма динар алтының болып, оған бір жыл айналмайынша зекет беруің міндет емес».
Әбу Ханифа бойынша, 85 грамнан асқан мөлшерден 17 грамға жетпей, зекет алынбайды. 17 грамнан ары қарай қырық та бірі зекет ретінде алынады. 85+17 грамнан 2,550 грамм алтын зекеті болып алынады. Бірақ 17 грамға жетпейтін алтынға иелігіндегі басқа зекет малдарын, мысалға, ақшаны қосқан жағдайда нисап көлеміне жетіп жатса, зекет беріледі. Ал бұл мәселеде Имам Мұхаммед пен Әбу Юсуптың пікіріне сүйенсек, 85 грамнан асқан алтыннан 17 грамм мөлшеріне жетсін-жетпесін қырықта бірі зекетке алынады.
Егер алтыннан жасалған заттар мен бұйымдары нисап көлеміне жетіп жатса, зекеті міндетті түрде берілуі тиіс. Аталмыш заттардың зекетін екі түрде беруге болады. Алтындай немесе басқа зекет малдарынан. Егер алтындай берсе, бұйымның салмағы өлшеніп, қырық та бірі беріледі. Ал басқа зекет малдарынан берілетін болса, бұйымның салмағына қарай емес, бағасына қарай беріледі.
Басқа кендермен араласқан таза емес қоспа алтынның (мағшушун) зекеті жайында Ислам ғұламаларының әр түрлі пікірлері бар. Ханафи мәзһабында алтынның көлемі басқа кендерден басым немесе тең болса, барлығы алтын деп есептеліп, соған қарай зекеті беріледі. Ал, Шафиғи мәзһабында басқа кендерден тыс таза алтынның салмағы нисап мөлшеріне жетпей зекет алынбайды.
Күмістің зекеті
Күмістің нисап мөлшері – 200 дирһам, яғни, 595 грамм. Кімде-кімнің 595 грамм күмісі болса, оның қырық та бірін зекетке беруі – парыз.
Әбу Са'д әл-Худриден (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) күмістің нисап мөлшерін былай деп білдірген: «Бес уқийеден аз күмістен, бес заудден аз түйеден, бес уасқтан аз егістік өнімдерінен зекет алынбайды». [1] Бес уқийе – 200 дирхамға тең. Ибн Омар хазіреті Әлиге: «Сахабалардан күміс нисабының 200 дирһам екендігіне қарсы шыққан пенде болмады», – деген.
Әшекей заттардан зекет алына ма?
Ханафи мәзһабында алтыннан немесе күмістен жасалған әшекей жүзік, сырға, білезік, алқа сияқты заттардың салмағы нисап көлеміне жетіп, бір жыл толса, зекет алынады. Ал Шафиғи мәзһабында зекет алынбайды. Өйткені, әшекей заттар әйел адамның кәдімгі киетін киімдері сияқты жеке тұлғалық қажеттері болып табылады. Әшекей заттардан зекет алынбайды деген ғалымдар әшекей көлемінің орташа болуын шартқа қосуда. Егер зекетті өтемеу ниетімен айла ретінде әшекей заттарды қоғамдағы әйелдердің қолданылатын көлемінен артық жинаса, олардан зекет алынады. Бұл мәселеде Ханафи мәзһабын негіз тұту – кедейлердің пайдасына шешілері анық.
Төрт-түлік малдың зекеті
Төрт-түлік малдардан берілетін зекеттің парыздығы сахих хадистерде білдірілген. Төрт-түлік малдарда зекет парыз болуы үшін төмендегі шарттар керек.
- 1. Зекеті берілетін малдардың үй жануарлары болуы.
- 2. Зекеті берілетін малдардың нисап мөлшеріне жетуі.
- 3. Зекеті берілетін малдарға толық ие болғаннан кейін толық бір жыл өтуі.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Бір жыл толмай, малдан зекет алынбайды», – дeйді.
- 4. Зекеті берілетін малдардың жылдың көбінде қырда жайылуы. Жылдың көбінде, яғни, алты айдан артық уақыт көбейіп, өніп-өсулері, сүтті мол беру, семірулері үшін қырда бағылған малға «сәәйма» делінеді. Аталмыш пайдалар үшін бағылған малдардан төмендегі кестеде көрсетілген есеп бойынша, зекет алынады. Ал егер осы пайдаларға қоса сауда жасау мақсатымен бағылса, сауда тауарларының қатарына кіріп, басқа сауда тауарлары немесе ақшамен бірге есептеліп, жалпы құндарының қырық та бірі зекет ретінде беріледі.
Үй шаруаларында қолданылатын малдардан
зекет алына ма?
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Жүк таситын және жұмыста қолданылатын жануарлар мен егіс жыртатын өгіздерден зекет алынбайды»[2] деген хадисін негізге алған Ханафи ғұламалары қырларда жайылмаған немесе сауда жасау ниетімен бағылмаған малдардан зекет алынбайтыны туралы бір пікірде. Яғни, тек қана жүк тасу, міну және жер жырту үшін бағылған малдардан зекет алынбайды.
Төрт түлік малдың зекетінің нисабы мен сол нисаптан парыз болған мөлшері төмендегі көрсетілген кестедегідей:
Түйенің зекеті
Түйе зекетінің нисап мөлшері мен парыз болған мөлшері Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде анық көрсетілген. Зекет ретінде берілетін түйе арықтық, семіздік жағынан орта күйде және ұрғашы болуы шарт. Еркек түйе берілетін жағдайда құны беріледі.
Түйе |
|
НИСАП МӨЛШЕРІ |
ПАРЫЗ БОЛҒАН МӨЛШЕР |
5-9 |
1 қой |
10-14 |
2 қой |
15-19 |
3 қой |
20-24 |
4 қой |
25-35 |
Бір жасар ұрғашы 1 түйе |
36-45 |
Екі жасар ұрғашы 1 түйе |
46-60 |
Үш жасар ұрғашы 1 түйе |
61-75 |
Төрт жасар ұрғашы 1 түйе |
76-90 |
Екі жасар 2 ұрғашы түйе |
91-120 |
Үш жасар ұрғашы 2 түйе |
121-144-ке дейін үш жасар 2 түйе мен әр 5 түйе үшін 1 қой яки ешкі беріледі.
145-149-ға дейін үш жасар 2 түйе мен бір жасар 1 түйе беріледі.
150-ге жеткенде үш жасар 3 түйе беріледі.
Бұдан кейін 174-ке дейін әр 5 түйе үшін 1 қой, яки ешкі беріледі.
175-тен 185-ке дейін үш жасар 3 түйе мен бір жасар 1 түйе беріледі.
186-195-ке дейін үш жасар 3 түйе мен екі жасар 1 түйе беріледі.
196-200-ге дейін үш жасар 4 түйе беріледі. Бұдан кейін жүз елуден кейінгі 50 түйеде жасалған есеп екі жүзден кейінгі әр 50 түйеде де қолданылады. Түйенің зекетінде ұрғашы түйе, яки құны беріледі.
Сиырдың зекеті
Сиырдың нисап мөлшері – 30 дедік. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Әрбір отыз сиыр үшін бір таби немесе бір табиа (бір жасар тана), әр қырық сиыр үшін бір мусин немесе бір мусинна (екі жасар құнажын) зекет беріледі»[3]– деп бұйырған. Яғни, әрбір отыз сиыр үшін бір жастағы бір тана, әрбір қырық сиыр үшін екі жасар бір құнажын беріледі. Мысалға, 120 сиыры бар адам қаласа, бір жасар төрт тана бере алатыны сияқты екі жасар үш құнажын бере алады. Өйткені, 120 санында төрт – 30 саны, үш – 40 саны бар.
Сиыр |
|
НИСАП МӨЛШЕРІ |
ПАРЫЗ БОЛҒАН МӨЛШЕР |
30 |
Бір жасар тана |
40 |
Екі жасар сиыр |
60 |
Бір жасар 2 тана |
70 |
Бір жасар 1 тана, екі жасар 1 сиыр |
80 |
Екі жасар 2 сиыр |
90 |
Бір жасар 3 тана |
100 |
Бір жасар 2 тана, екі жасар 1 сиыр |
120 |
Екі жасар 3 сиыр немесе бір жасар 4 тана |
Қой мен ешкінің зекеті
Қырда жайылған қой мен ешкінің нисап көлемі – қырық. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Әрбір қырық қой үшін бір қой зекет парыз» – деп бұйырған.
Қой мен ешкі бір-бірінің нисабын толықтыра алатындықтан, 39 қойы, 1 ешкісі болған адамның бір қойды зекет ретінде беруі – парыз. Қой мен ешкі аралас болған жағдайда қайсысы көп болса, зекет содан беріледі. Екеуі тең болса, қайсысынан берсе де ерікті. Ылғи ешкі болса зекетіне қой, яки ылғи қой болса зекетіне ешкі берілмейді.
Зекетке берілетін қойдың бір жасар болуы жөн. Өте арық ақсақ, соқыр малды зекетке беруге болмайды. Берілетін мал орташа болғаны дұрыс. Бір жасқа толмаған кілең лақ, қозыға зекет берілмейді. Бірақ бұлар ірілермен бірге болса, зекеті берілетін малдардың қатарына кіріп, есепке алынады.
Қой, ешкі |
|
НИСАП МӨЛШЕРІ |
ПАРЫЗ БОЛҒАН МӨЛШЕР |
40-120 аралығында |
1 қой |
121-200 аралығында |
2 қой |
201-399 аралығында |
3 қой |
400-499 аралығында |
4 қой |
Қойдың саны 500-ге жеткеннен кейін әрбір 100 қой үшін бір қой қосылып отырады.
Жылқы малының зекеті
Жылдың көбінде қырда, жайылымда көбейту мақсатымен бағылған жылқылардан да зекет алынады. Жалпы жылқының құны есептелінеді. Құны нисап мөлшеріне жеткен жағдайда құнының қырықта бірі зекет ретінде беріледі.[4]