Қоштасу (уадағ) тауабы – қажылықтың соңғы амалы. Алыстан келген қажылардың отандарына қайтпас бұрын ихрамнан шыққан соң қоштасу тауабын жасаулары – уәжіп.
Қоштасу тауабының уәжіптігінің шарттары
1. Қажылықтың басқа міндеттерін атқарған болуы
2. Қажының Әфақи (сырттан келуші) болуы. Миқат шекараларының ішінде Харам аумағында тұратындарға уәжіп емес.
3. Әйелдердің хайыз және нифас болмаулары. Хайыз және нифас күйінде Меккеден қайтқандар үшін қоштасу тауабы міндеттен түседі. Меккеден шықпас бұрын хайыз және нифастан тазаланса, қоштасу тауабын жасау міндеттіліктен түспейді. Умра ғибадатын орындаушыларға қоштасу тауабын жасау уәжіп емес.
Қоштасу тауабын дұрыс орындаудың шарты мен уақыты
Зиярат тауабының жасалған болуы. Зиярат тауабын орындамай тұрып жасалған қоштасу тауабы дұрыс болмайды. Бұл тауапты миқаттан шыққанға дейінгі кез-келген уақытта істей алады. Меккеден шығар кезде қоштасу тауабын жасау – абзал. Бірақ одан да бұрын жасауға болады. Егер бұрын жасалып қойса, Меккеден шығар кезде қайта жасау шарт емес. Қоштасу тауабын жасаған соң Қағбаға барып, намаз оқып, нәпіл тауап жасауға болады. Бұндайда ең соңғы жасаған нәпіл тауабы – қоштасу тауабы ретінде есептелінеді.