Азан – сөздікте «хабар беру, білдіру» мағынасын білдіреді. Терминге салсақ: парыз намаздардың уақыттарын білдіретін арнайы айтылатын сөздер. Парыз намаздары үшін оқылатын азан Құран мен сүннет арқылы белгіленген. Исламның әуелінде дәл қазіргідей азан оқылмайтын. Тек қана «әс-салата, әс-салата» (намазға, намазға), немесе «әс-Салатул-жами'аһ» (намаз адамдарды біріктіруші) секілді сөздермен білдірілетін. Кейіннен һижреттің алғашқы жылдарында Мәдинада Пайғамбар мешіті салынып біткен кезде, сахабалар жиналып, Пайғамбарымызбен (с.а.у.) бірге жамағат болып, намаз оқи бастады. Міне, сол уақытта Аллаһ Елшісі (с.а.у.) намаз уақыттарының жариялануы жайында сахабалармен мәжіліс өткізді. Кейбір сахабалар түсінде көрген азан оқылуын айтып, бұл да уахимен қуатталып, бүгінгі кездегі азан түрі пайда болды.
Ерлер үшін азан – мүәккад сүннет. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Намазға (азан) шақырған уақыттарыңда олар ойынға айналдырып келеке етеді. Бұл олардың шынайы түрде түсінбейтін халық болғандықтарынан»211. «Ей, иман еткендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде дереу Аллаһты еске алуға (намазға) ұмтылыңдар және сауда-саттықты тоқтатыңдар»212 – дейді.
Аллаһ Елшісі (с.а.у.): «Намаз уақыты кірген кезде араларыңнан біреу азан оқып, жасы үлкені имам болсын»213, – дейді.
Азанның оқылуы:
أللهُ اكبر, اللهُ اكبر, اللهُ اكبر, اللهُ اكبر,
اَشْهَدُ اَنْ لآ اِلَهَ اِلاَّ اللهُ , اَشْهَدُ اَنْ لآ اِلَهَ اِلاَّ اللهُ,
اَشْهَدُ اَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ الَّلهِ , اَشْهَدُ اَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ الَّلهِ ,
حَيَّ عَلَى الصَّلوةِ , حَيَّ عَلَى الصَّلوةِ,
حَيَّ عَلَى الْفَلاح ِ, حَيَّ عَلَى الْفَلاحِ,
اللهُ اكبر, اللهُ اكبر
لآ اِلَهَ اِلاَّ اللهُ.
Аллаһу әкбар
Аллаһу әкбар
Аллаһу әкбар
Аллаһу әкбар
Әшһәду әл-ләә иләһә ил-лАллаһ,
Әшһәду әл-ләә иләһә ил-лАллаһ,
Әшһәду әннә Мухаммәдәр-Расулуллаһ,
Әшһәду әннә Мухаммәдәр-Расулуллаһ,
Хаййә 'алас-Саләһ, Хаййә 'аләс-Саләһ
Хаййә 'аләл-Фәләх, Хаййә 'аләл-Фәләх
Аллаһу әкбар,
Аллаһу әкбар,
Ләә иләһә ил-лАллаһ.
Қазақша мағынасы:
Аллаһ аса ұлы, аса ұлы
Аллаһтан басқа құдай жоқ екеніне куәлік етемін.
Мұхаммедтің Аллаһтың Елшісі екеніне куәлік етемін.
Намазға (жан рақатына) асық.
Азаттыққа, мәңгілік бақытқа жетуге асық.
Аллаһ аса ұлы, аса асқақ
Аллаһтан басқа құдай жоқ.
Бамдат намазында екі рет «Хаййә 'аләл-Фәләх» дегеннен кейін, екі рет «әс-салату хайрун миннән-нәум» (ұйқыдан намаз жақсы) сөздері қосылып айтылады.